Мәселен, күні кеше академик Н.Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығында фибрин гидрогелін қолдану арқылы тізе буынының шеміршегін хирургиялық қалпына келтірудің жаңа әдістемесін клиникалық зерттеу басталды. Бұл әдістеме Білім және ғылым министрлігінің 2021-2022 жылдарға арналған ғылымды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бағдарламасы аясында әзірленді.
– Бұл – Мемлекет басшысының медициналық-биологиялық зерттеулердің басымдығы және елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру туралы тапсырмаларын іске асырудың алғашқы практикалық нәтижелерінің бірі. Ғылымды қаржыландырудың екі есеге жуық ұлғаюының нәтижесінде отандастарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген ғылыми идея мен әзірлемені қолдау мүмкіндігі артты. Қазақстандық ғалымдар QazVac вакцинасын жасап шығарды. Айтхожин атындағы Молекулярлық биология және биохимия институты қант диабетін емдеуге арналған жобаны енгізіп жатыр. Бүгін басталған буындарды қалпына келтіруге арналған гидрогельдің клиникалық зерттеулері – Ұлттық биотехнология орталығы Н.Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығымен бірлесіп жүзеге асыратын ғылыми бағдарламаның бір бөлігі. Бұл қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын 59 ғылыми-техникалық бағдарламаның бірі екенін де айта кеткен жөн. Оның барлығы нақты өмірлік мәселелерді шешуге бағытталған, – деді Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева.
Жаңа әдістеменің негізгі әзірлеушісі – Ұлттық биотехнология орталығының дің жасушалары зертханасының меңгерушісі Вячеслав Огай.
– Модификацияланған фибрин гидрогелінен, пациенттің өз дің жасушаларынан тұруы гидрогельдің бірегейлігі саналады. Соның нәтижесінде, зақымдалған шеміршекті қалпына келтіру күшейіп, жеделдетіледі. Жаңа техника пациенттердің өмір сүру сапасына жақсы әсер етіп, мүгедектікті азайтады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде, тізе буынын эндопротездеуге мұқтаж адамдар саны азаяды, – деді В.Огай.
Дәрігерлер оң жақ тізе буынының артрозы бар 28 жастағы науқасқа ота жасады. Ал клиникалық сынақтарға барлығы 25 пен 60 жас аралығындағы 80 ерікті қатысады. Олардың арасында буындарында жасына байланысты өзгерістер пайда болған егде жастағы адамдар, сондай-ақ кәсіби жарақат алған жас спортшылар бар. Клиникалық зерттеулер халықаралық клиникалық зерттеулер стандартына (GCP) сәйкес жүргізіледі. Пациенттердің құқықтарын, қауіпсіздігін және әл-ауқатын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында олардың жеке деректері жарияға жатпайды.
– Біз операциялық араласудың екінші кезеңін өткізіп отырмыз. Бірінші кезеңі осыдан бір ай бұрын өткен болатын. Сол кезде науқастың шеміршегінде ақау барын байқадық. Негізі, ақаудың орнын толтыру қиын. Қазақстанда тізе-буын ауруларына шалдыққан адам саны көбейіп келеді. Сол себепті науқастарға көмегіміз тисін дедік. Ұлттық биотехнология орталығымен бұл мәселені талқылай келе, науқастан алынған микроматериалды жібердік. Өз кезегінде олар бізге терапия жасау үшін дайын дің жасушаларын өсіріп берді. Бұған 4 апта уақыт кетті. Бұл шамамен 10 млн жасушаға тең. Мұны біз имплант ретінде қолданып отырмыз, – деді Артроскопия және спорттық жарақаттар республикалық орталығының жетекшісі Ерік Раймағамбетов.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда буын ауруларына шалдыққандар саны ұдайы артып келеді. Мәселен, статистикалық мәліметтерге сәйкес, кейінгі 5 жылда буын ауруларына шалдыққандардың саны 100 мың халыққа шаққанда 4 223,7-ден
5 283,2 адамға дейін өсті. Буын патологиясы егде немесе қарт адамдарға ғана әсер етпейді. Яғни 19 жасқа дейінгі 0,1%, 29 жасқа дейінгі 0,2% болса, 39 жасқа дейін 3,5%. Ал 50 жастан асқан науқастарда мұндай аурудың үлесі күрт артады. Буын ауруларының дамуы бірнеше жылға жалғасса, мүгедектікке әкелуі мүмкін.
Осылайша. елімізде бірегей зерттеудің 1-2-кезеңі басталды. Зерттеу жұмысы жыл соңына дейін жалғасады. Одан кейін бірнеше орталықта клиникалық зерттеулер жүргізіледі. Соның нәтижесі биомедициналық өнімді тіркеу, оны жаппай өндіру және осы процедураны қажет ететін барлық қазақстандық үшін кеңінен қолданылуға тиіс.