Мазмұнды іс-шараның ашылуында Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы көрменің мақсаты туралы айта келіп, күміс көмей әншінің Қазақ елінің ғана емес, кезіндегі Кеңес Одағының мақтанышына айналғандығын жеткізді.
Одан кейін сөз алған Р.Бағланова атындағы қоғамдық қордың төрағасы, әншінің келіні Марал Бағланова ардақты тұлғаның ғасырлық мерейтойына арнап көптеген іс-шаралар өтіп жатқандығын, соның ішінде бүгінгі көрменің маңызы бөлек екендігін айтты.
«Себебі көрмеге анамыздың өзі қолданған жеке заттары ұсынылып отыр. Оның бәрі – біздің отбасымыз үшін бағалы жәдігерлер саналады. Осы іс-шараны өткізуге мұрындық болған азаматтарға алғысымды айтамын. Ол кісі біздің ғана анамыз емес, барша халықтың анасы», деді келіні. Сондай-ақ Роза апамыздың ұлы Тәжен Бағланов анасы жайындағы қызықты естеліктерімен бөлісті.
Көрмеге айтулы өнер иесінің өмірінен сыр шертетін отбасылық қорынан алынған сахналық киімдері, әшекей бұйымдары, марапаттары мен жеке тұтынған заттары, фотосуреттері қойылды. Бұл жәдігерлердің бәрі жұртшылықтың қызығушылығын туғызып, жылы әсерге бөледі.
Одан әрі мәдени шара дөңгелек үстел мәжілісіне ұласып, онда белгілі композитор Серік Еркімбеков, әнші Майра Ильясова, күйші Жанғали Жүзбай, Мәдениет қайраткері Қуаныш Әбдіқалымов және т.б. зиялы азаматтар қазақ ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы салмақты ой қозғады.
Әсіресе Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай: «Қазақ эстрадасының өз үлгісімен қалыптасқан тарихы, мектебі бар. Осы музыкалық бағыттың елімізде кең қанат жаюына Роза Бағланова зор үлес қосты. Сол себепті де, мен ол кісіні «Қазақ эстрадасының алғашқы қарлығашы» деп атағым келеді», деп парасатты пікірін білдірді.
Сонымен қатар іс-шара аясында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының әншілері жиналғандарға әсем ән сыйлап, көрме мазмұнын байытты.