Футбол • 14 Наурыз, 2022

«Шахтер» көш бастады

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен аптаның бейсенбі және жұма күндері еліміздің алты қаласында футболдан Қазақстан чемпионатының екінші тур ойындары өтті.

«Шахтер» көш бастады

Бірінші турда елордада «Астанамен» тең ойнаған Қарағандының «Шахтері» бұл турда сырт алаңда «Қызылжардан» 1:0 есебімен басым түсті. Алғашқы турда елордалық команда алаңға Қазақстан футбол мектебінің түлегі болып саналмайтын жеті футболшыны шығарғаны үшін Бақылау-тәртіптік комитеті «Астанаға» 0:3 есебімен техникалық жеңіліс жазып, «Шахтерге» үш ұпай берді. Осылайша «Шахтер» турнир кестесінде алты ұпаймен көш бастады. Ал «Астана» екінші турда күтпеген жерде чемпионаттың дебютанты «Ақсудан» 1:0 есебімен жеңіліп, турнир кестесінде соңғы орынға түсіп қалды.

Өткен турда өз алаңында «Ақтөбені» 2:0 есебімен тізе бүктірген Алматының «Қайраты» бұл турда да жеңіске жетті. Түркістанда «Мақтааралмен» кездескен алматылықтар Хосе Кантенің пенальтиден соққан жалғыз голының арқасында үш ұпай олжалады. Былтырғы ел чемпиондары «Тобыл» екінші турда «Каспиймен» ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Ақтаудағы матч 0:0 есебімен аяқталды.

Сонымен қатар екінші турда «Ақтөбе» өз алаңында «Атырауды» (2:1) жеңсе, «Тараз» «Ордабасы» клубын 1:0 есебімен ұтты. Оралдағы ауа райының қолайсыздығына байланысты «Ақжайық» – «Тұран» кездесуі кейінге шегерілді. Үшінші тур матчтары 16 және 17 наурыз күндеріне жоспарланған.