01 Сәуір, 2014

Бірлігіміз жарасқан, берекеміз бел асқан

1143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан корейлерінің 30 пайызы дерлік асқар Алатау баурайындағы ару қалада тұрады. Биыл Алматы корейлері орталығы өзінің 25 жылдығын атап өтуде. Ол Қазақстанның барлық этностарына толыққанды өмір сүру мүмкіндігін сыйлаған біздің еліміздің тәуелсіздігімен қатар құрылып, қатарласа дамып келеді. Қазір біз алдағы 18 сәуірде «2050» Стратегиясы – әлем мәдениеті, руханият және келісім» деген ұранмен өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясына үлкен жауапкершілікпен дайындалудамыз. Біздің міндет – әрқайсымыз өз орнымызда қоғамымыздың бірлігін одан әрі нығайтуға нақты үлес қосу. Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толады. Алыс-жақынға танымал бұл ұйым абыройлы асу-белестерден сүрінбей өтті. Баршамыз тарихтың тұтастай тегеурінді қадамынан көріп отырғанымыздай, біздің тұрақты дамуымыз, ең бастысы – мына беймаза әлемдегі берекелі де баян­ды тыныштығымыз этнос­аралық қатынастарды үйлес­тіру орайындағы осынау инс­титуттың маңыздылығын айғақтай түсуде. Ал бұл береке-бірлікті жан-жақты нығайтып, дамыта беруіміз керектігін біз жақсы түсінеміз. Қазақстанда 130-дан аса ұлт бар. Солардың 60-тан астамы, соның ішінде корейлер де байырғы қазақ жеріне зорлық-зомбылықпен жер аударылған болатын. Біз сол бір қиын-қыстау жылдарда әкелеріміз бен аталарымыз қазақ халқының қолдауы мен көмегінің, шапағаты мен мейірімінің арқасында жан сақтағанын, шынайы достық-бірліктің сол кезде өркен жайғанын әсте ұмытпаймыз. Қазір біздің отбасыларымыздың да көпұлтты болып келетіні үйреншікті жайға айналды. Айталық, менің өзімнің немерелерім – қазақ. Қазақпен қаны қосылған корейлер жетерлік. Басқа ұлттар тарапынан да осындай үрдісті молынан байқаймын. Осының өзі-ақ жарасымды бірлігімізді, берекелі тірлігімізді көрсетпей ме? Ендеше, осындай достығымызды, бірлігіміз бен татулығымызды көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған стратегиялық мақсаттарын табысты орындаудың кепілі де осы айтылғандар екені күмәнсіз. Бронислав ШИН, ҚХА мүшесі, Алматыдағы корей ұлттық орталығының төрағасы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты. Алматы.