01 Сәуір, 2014

Шарайна

284 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ердоған партиясының жеңісі Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған өзінің Әділет және даму партиясы елдегі өткен жергілікті сайлау­ларда жеңіске жеткенін жария етті. Бұған қоса, ол жақтастарына қарата айтқан сөзінде қарсыластары өзінің атағына кір келтіріп, намысын аяқасты еткілері келгендері үшін «сазайларын тартатынын» мәлімдеді. Яғни, үкімет басшысы қарсыластарын биліктен аластатпақ. Сайлау бюллетеньдерін ресми есептеу әлі аяқталған жоқ. Дегенмен, бюллетеньдердің 85 пайызы тексерілгеннен кейін Ердоған партиясының айқын басымдықпен жеңіске жеткені мәлім болып отыр. Оның қарсыласы – Халықтық-республикалық партия екінші орынға тұрақтанатын сыңайлы. Еске сала кетсек, Түркиядағы сайлауалды науқаны үлкен жемқорлық жанжалдар аясында өткені белгілі. Соған қарамастан, халық тағы да Ердоғанға сенім артуда. Ол Түркия премьер-министрі орынтағында 11 жылдан астам уақыттан бері отыр.   Ультраоңшылдардың табысы Шарайна-1Көсемі президент Франсуа Олланд болып табылатын Францияның Социалистік партиясы елде өтіп жатқан муниципалды сайлаулардың екінші турында жеңіліс тапты. Социалистер шамамен 40,5 пайыз дауыс жинаған. Көш басына «Халықтық қозғалыс үшін одақ» партиясының либерал-консерваторлары шығып кеткен. Оларды сайлаушылардың 46 пайызы қолдап, өз дауыстарын берген. Әлеуметтік сауалдамаларға сүйенер болсақ, отставкаға кетуі ытимал әрі танымалдылығы жағынан ең төмен үкімет мүшелері премьер-министр Жан-Марк Эро, сыртқы істер министрі Лоран Фабиус және ішкі істер министрі Мануэль Вальс болып отыр. Муниципалды сайлаудағы жалпы жеңіліске қарамастан, Парижде Социалистік партия озып шықты. Сөйтіп, ел астанасында Анн Идальго жеңіске жетіп, Париж тарихында алғашқы әйел мэр атанды. Бұған дейін ол қазіргі мэр Бертран Деланоэнің орынбасары болған еді. Ал бүгінде елде Франсуа Олланд рейтингінің төмендегені анық байқалады.   Қос Корея бір-біріне оқ атты Кеше Солтүстік және Оңтүстік Корея елдері теңіз шекарасы ауданында бір-біріне артиллериядан оқ жұмсады. Бұған дейін КХДР оңтүстік көршілерін Сары теңізде жаттығулар өткізу ниеті бар екенінен құлағдар еткен екен. Оңтүстік Корея қорғаныс министрлігі өкілдерінің сөздеріне қарағанда, солтүстіккореялық снарядтардың бір бөлігі теңіз шекарасының оңтүстіккореялық жағына құлаған. Содан кейін Оңтүстік Корея тарапы артиллериялық қарудан жауап оқ атуға шешім қабылдаған. Снарядтармен «алмасулар» Оңтүстік Кореяның Пэннендо аралына жақын маңда орын алған. Аралда тұрғындардың қауіпсіз жерлерге эвакуациясы жарияланса, зардап шеккендер туралы нақты ештеңе айтылмайды. Жыл басынан бері КХДР бірқатар зымырандық сынақтарды жүзеге асырғаны белгілі. Наурыз айының соңында орта қашықтықтағы екі баллистикалық зымыран ұшырылды. Бұл әрекет БҰҰ тарапынан жазғырылған да болатын.   Көз жұмғандар саны 20-дан асты Вашингтонда лай көшкінінен қаза тапқандар саны, ресми дерек бойынша, 21 адамға жеткен. Бұл туралы өңірлік жедел қызмет өкілдеріне сілтеме жасай отырып хабарланды. Бұған дейін қаза тапқандар саны 18 адам делініп келген болатын. Жедел қызметтегілердің сөзіне қарағанда, жақын арада қаза тапқандардың ресми тізімі тағы 4 адаммен толығуы ықтимал. Оқиға болған жерде жұмыс істеп жатқан құтқарушылар 4 адамның мәйітін тапқан. Олар сараптамаға жіберіліпті. Ал көшкін салдарынан із-түзсіз жоғалып кеткендер қатарын 30 адам толықтырып отыр. Әуелде олардың саны 170 делінген еді. Бірақ кейін мұның тым асыра айтылған сан екені анықталды. Нөсер жаңбыр туындатқан лай көшкіні 22 наурыз күні Сиэтл қаласының солтүстік-шығысынан 88 шақырым жердегі Осо елді мекенінде орын алған еді.   Мысырда президент сайлауы өтеді Шарайна-2Египеттің орталық сайлау комиссиясы алдағы президент сайлауының ресми күнін белгіледі. Сөйтіп, елдегі ең жоғары лауазымға сайлау 2014 жылдың 26 және 27 мамырында өтетін болды. Қажет болған жағдайда сайлаудың екінші кезеңі 16 және 17 маусымда өткізілмек. Ал дауыс берулердің қорытындысы сайлау өткен соң 10 күннен кешіктірілмей ресми түрде жария етілуі тиіс.    Үміткерлерді тіркеу үдерісі кеше басталып кетті және ол 20 сәуірге дейін жалғасады. Сайлау науқаны ресми түрде 3 наурызда басталса, сайлауға үш күн қалғанда мәресіне жететін болады. Мысырдың бұрынғы президенті Мохаммед Мурси тағынан өткен жылғы шілде айының басында елдегі жаппай наразылық шерулерінен соң тайдырылған еді. Ал ол сол оқиғадан бір жыл бұрын ел тарихында бүкіл халық болып сайлаған алғашқы мемлекет басшысы болған-тын. Бүгінде Мурси бірнеше бап бойынша қылмысты деп танылып отыр. Адли Мансұр қазіргі кезде Мысырдың уақытша президенті болып табылады.   Пара алды деп айыпталып отыр  Сот Израильдің бұрынғы премьер-министрі Эхуд Ольмертке Holyland құрылыс компаниясының ісі бойынша жемқорлыққа бой алдырды деп кінә тақты. Бұл іс бойынша тағы да 9 адам айыпталып отыр. Олардың ішінде Ольмерттің бұрынғы кеңесшісі Шула Закен, Иерусалимнің бұрынғы мэрі Ури Луполянский және басқалар бар. Тағы үш адам ақтап алыныпты. Тергеу мәлімдеп отырғанындай, Ольмерт  Иерусалим мэрі болып тұрған кезінде құрылыс жобаларын қолдағаны үшін пара алып келіпті. Бірақ бұрынғы премьер-министр өзінің кінәсіздігін айтып, ақталуда көрінеді. Жалпы, аталған құрылыс компаниясына қатысты бұл іс Израиль тарихындағы аса ірі жемқорлық жанжалдардың бірі болып отыр. Және де бұл жемқорлыққа бой алдырды деген тұрғыдағы Ольмертке қатысты алғашқы іс емес. 2008 жылы ол жемқорлық жанжалға байланысты үкімет басшысы лауазымымен қоштасуға мәжбүр болған еді. Қысқа қайырып айтқанда:  Пәкістан соты елдің бұрынғы президенті Первез Мушаррафты мемлекетке сатқындық жасады деп айыптады. Ол 2007 жылы, яғни президент болып тұрған кезінде ел аумағында төтенше жағдайлар енгізіп, өзінің өкілеттілігін айтарлықтай арттырған болатын. Оған осы әрекеті айып болып тағылып отыр. Енді Мушарраф, ел заңнамасына сәйкес, өлім  немесе өмірбақи түрмеде отыру жазасына кесілуі тиіс. Ол Пәкістанды 1999-2008 жылдар аралығында басқарған болатын.  Ресейлік кәсіпкер Михаил Ходорковский Швейцарияда тұруға ресми рұқсат алды. Рұқсат қағазы 27 наурызда берілген. Ол Санкт-Галлен кантонында тұруды қалапты. Өйткені, зайыбы мен балалары сонда тұрып жатыр екен. Сонымен қатар, аталған кантонда салық режімі оңтайлы көрінеді. Кәсіпкер Еуропаға түрмеден шығарылысымен жедел ұшып кеткен болатын. Енді ол Ресейге оралғысы жоқ екенін де мәлімдеп үлгеріпті. Ходорковскийдің екі қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылып, 10 жыл түрмеде отырып шыққаны белгілі. Интернет материалдары негізінде әзірленді.