Қоғам • 14 Наурыз, 2022

Азық-түлік қауіпсіздігі: Ұн аз, қалды біраз...

316 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодарлық ұн өндірушілер дабыл қағып отыр. Көрші Ресей бидайды экспорттауға шектеу қойып еді, қордағы астықтың түбі көріне бастады. Шикізатты шетелден тасымалдасаң осы. Әйтпесе, астықты алыстан арбаламай-ақ жергілікті диқандардан да сатып алуға болар еді. Олар өнімін тиімді бағамен өзге елге сатуға ниетті. Бар гәп осында.

Азық-түлік қауіпсіздігі: Ұн аз, қалды біраз...

Мұндай жағымсыз жағ­дай­дың бір күні туарын білген еді ұн өндірумен айналысатын кәсіпорын басшылары. Тығы­рыққа тірелмеудің амалын ойластырып, құзырлы органдарға диқандардың астығын сырт­қа шығармаудың жолын қарас­тыруды қақсап жүргелі біраз бол­ды. Ал шаруалар жыл сайы­н қамба толы астықты Ауған­стан мен Өзбекстанға өт­кі­зіп, қалтасын қампайтып келеді. На­рықтың заңдылығы сол. Ди­қандар астықты қайда, қан­дай бағамен сату керек екенін еш­кімнен сұрамайды да. Десе де, белгілі бір шектеулер енгізіліп, ішкі нарықты реттеудің тетіктері қолға алынғаны қажет-ақ. Ұн өндірушілердің пікірі осыған саяды.

Павлодар облысында 20-дан астам диірмен тіркелген. Ши­­­кі­заттың жетіспеушілігі сал­­­да­рынан 10-ға жуығы жұ­мы­сын тоқтатты. Ірі деген кәсіп­кер­лік­тердің де жағдайы мәз емес. Қор­дағы астық шамамен 2 аптаға ғана жетеді деп күрсініп отыр. Бидай таусылса, жұ­мыссыздық мәселесінің алдан шығатынын жасырмайды.

– Павлодарлық диқандар жыл сайын шамамен 750 мың тоннадан аса астық жинайды. Ал жергілікті ұн өндірушілердің шикізатқа деген сұранысы 600 мың тоннаны құрайды. Былай қарасаң, ішкі сұранысты ар­тығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Деректерге сүйен­сек, былтыр 550 мың тонна, биыл жыл басынан бері 160 мың тонна астық Ауғанстан мен Өз­бекстан нарығына жөнелтілген. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, өзгенің өніміне жал­тақтауымыз өкінішті. Бұл жағдай туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жаздық. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешудің оң тетіктері қолға алынады деген сенім мол, – дейді «Жандос КZ» ЖШС дирек­торы әрі «Қазақстанның астық өңдеушілері» одағының облыстағы өкілі Жанар Серімова.

Белгілі болғандай, павло­дарлық ұн өндірушілер осы уақытқа дейін шикізат импорты салығын төлеп, Ресейден ас­тықтың бір тоннасын қосымша құн салығынсыз 114 мың теңгеге алып келген. Ал отандық өнімнің бағасы 132 мың теңгеге тең. Жер­гілікті ұн өндірушілер бағасы қымбаттау болса да астықты сырт­тан тасымай, жергілікті диқан­дармен байланыс орнатуға кетәрі емес. Шаруалар болса тиімді жолды таңдауға асық. Шет­елден келетін сатып алушылар өнімді өздері алып кететінін ескерсек, диқандар баж салығын төлеу сияқты машақаттарға бас қатырмайтыны түсінікті.

Астықтың тапшылығы құс пен мал шаруашылығына да кері әсерін тигізбек. Бір салаға салқыны тисе, өзге де салаларды айналып өтпейтіні түсінікті ғой. Жалпы, Павлодардағы жағдай еліміздің өзге де өңірлерінде де көрініс табуда. Бұл іске жауапты құзырлы органдар нақты шешім әзірлеп жатқан да болар.

 

Павлодар облысы