Руханият • 14 Наурыз, 2022

Жылқыны қорғау

554 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Салт-дәстүрдің қаймағы бұзыл­маған қазақы ауылдарда бізге, қала берді біздің ұлтқа қатысты не бір әңгімелер бар. Оны қазіргі қала жағалаған ұрпаққа айтсаң, аңыз немесе өтірік ретінде қа­был­дауы мүмкін. Біздің ауылда Шойбан деген кісі болды. Жарықтық, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын. Әр дәулетті әулеттің есігінде жүріп, малын бағып, отынын жарып күнелтетін Шойбан үшін оған мініске бір жақсы ат берсең жеткілікті. Тіпті ол жылқысы аздау байдың малын бақпаймын деп «әлек» салатын да болған. Ауыл болғасын, той-төкіні, өлім-жітімі болады, сонда Шойбан мамағаштарда қаз-қатар байланып тұрған аттардың қасына барып, кәдімгі Күреңбай сыншы сияқты әр атты өзінше сынайды, кейде оларға «мынау нағыз жел табан екен», «әй, мынау қойдың аты», «бұл жануар бабын таппай қор болып жүр» деп «әттеген-айларын» айтып, көңі­лін құлазытатын. Ол үшін жылқыны көру – бақытты өмірді көру сияқты сезілетін.

Жылқыны қорғау

Бірде ауылда ұлан-асыр бәйге болды. Қасен бай­дың қойын бағып жүрген же­рінен шауып келіп бәй­геге қатысқалы тұрған топты аттың іші­нен Шойбан ш­а­­шасына үкі таққан, бі­рақ өзге аттардай емес, қи­мыл­­сыз, салмақты тұрған бір күреңді көрсетіп, «осы ат бүгін бәйгеден келеді» де­месі бар ма? Аттарды айда­ғалы тұр­ған топ та, бәй­ге­ні көру­ге жиналған жұрт та Шой­­­банның сөзін «жын­ды­ның санды­рағына» балады. Бас бәйгеге қомақ­ты ақша тігілген ала­ман­ның аттарын жұрт дег­­бірсіздене күтуде. Бір уа­қытта ұзын шаң көрінді. Жұрт қиқулап, бәйгеге ат қосқаны да, қос­пағаны да елеуреп ала жө­нелді. Анадайда әлгін­дегі үкі таққан кү­рең ат сияқты Шойбан да үнсіз һәм салмақты күйде тұр. Міне, аттар жақындап келеді, біреуі «менің торым ғой ана келе жат­қан» десе, енді бірі одан қалыспай «ме­нің қасқам екен» десіп, бір-біріне ерік бермей тұр. Бір уақытта көмбеге әлгі күрең жақындап келді, танауынан ескен жел қарсы алдындағы жолды аршып келе жатқандай, тіпті тұя­ғы қара жердің апшысын қуырардай. Жұрт бұл жо­лы басқаша айқайға бас­ты. Өзінің «сәуегейлігі» рас­қа айналса да, Шойбан әлі үнсіз. Бәйге бітті, дау­рық­қан жұрт кү­рең аттың ие­сін сүйіншілеп, ана­дайға ертіп алып кетті. Ал бәй­ге төбенің ба­сын­­да ең соңын­да сопайып Шойбан қал­ды. Ол тағы бір жүй­рікті кү­тетіндей, тіп­ті со­ның келуі­нен дәмелі бап­кер сияқты.

Тағы бірде ауылда бір ақсақал өмір­ден өтті. Жұрт жиналып әлгі кісінің от­ба­сына көңіл айтты. Қаралы үйге жи­нал­ғандар қайтқан кісінің өмірде жасаған ізгі істерін айтып, әңгімелесіп тұр­ған сәтте жалғыз өзі сопиын Шойбан да аттан түсті. Әрине, ол да көңіл айтуға келіп тұр. Сосын ол қайтыс болған кісінің ұлдарына қарап: «Жасымаңдар, жыла­маң­дар, адам түгілі жақсы ат та өледі ғой» де­гені. Қа­пе­лімде айтылған бұл сөзді әркім әртүрлі қабыл­дап, Шой­­банды жазғырып жатты. Оны «жын­данған» деушілер де болды. Сол Шойбан бір жылы қыста қатты ауы­рып, төсек тартып жатып қал­ды. Соң­ғы сә­тінде ол қасы­на барған бір жігіт­ке: «Ба­рып қарашы, торы аттың ері алынып па, аунап тас­тамасын» депті. Осы сөзден кейін аузы сөзге келмей ба­қиға аттаныпты. Бір өмір солай сөнді де қалды. Бірақ оның күрең аттың тағдырын болжаған сәуе­гейлігі, атын басына ұрған кісіні жездей қақтап боқтағаны, «адам түгілі жақсы ат та өледі» деген мәтелі бұл күндері ел аузында жиі ай­тылады. Меніңше, Шойбанның жүрегінде бір ғана ұғым бар десек, ол жыл­қыны қор­ғау деген ұғым болса керек.