Экономика • 14 Наурыз, 2022

Украина шиеленісі: Қазақстан экономикасына ықпалы қандай?

376 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Украинадағы әскери қақтығысты «бөтен үйдің үрейі» деп қабылдаудың орайы жоқ. Ресей Федерациясымен ортада 7 мың шақырым шекара бар. Енді сол шекараның да «пайдасы тиер» кез келген сыңайлы. Атыстың алғашқы күндерінде рубльмен қол ұстасқан теңгенің күйі қиын болғаны белгілі. Ұлттық банк миллиондаған доллар «жаға» отырып, теңге бағамын тұрақтандыра ала ма? Көресіні Ресейден арзан импорт ағылғанда, халқы шетелдік тауар алмақ болғанда, екі қолға бір күрек таппақ болып елімізге жөңкілгенде көрмейміз бе деген күдік те жоқ емес көңілде...

Украина шиеленісі: Қазақстан экономикасына ықпалы қандай?

Шетелдік танымал брендтер, компаниялар, концерндер қазірдің өзінде-ақ кетіп жатыр. Көрші ел нарығына теріс бата беретіндер тізімі әлі де толыға жатар. Мәселе сол, Ресейден келетін эконо­мика­лық ағынға төтеп бере аламыз ба, Мәс­кеуден теріс айналған компания, зауыт­тарды шақыра аламыз ба, көршінің мүш­кіл күйге түскен сәтін өз пайдамызға жығуға тәжірибе, стратегия жете ме? Көр­ші­нің үйі өртенгенде бас үйтіп алу тап­­қырлық болғанымен, ырымға да, адам­дыққа да қайшы. Бірақ сол қайшы­лыққа да бір қадам таяп көретін, әдеттегі қымсыну мен қорқуды жиып қоятын кез туған сияқты. Сарапшылар не дейді?

* * *

Ғалымжан Қуатбеков есімді әлеумет­тік желі қолданушысы үкіметтің жан салып жүгіретін сәті осы кез деп есептейді.

«Біз Ресейден сырт айналған ком­па­нияларға Мәскеуге тәуелді емес екені­мізді, сауда-саттық алаңын ұсына алатынымызды айтуымыз керек. Қақтығыс ерте ме, кеш пе аяқталады, ал Орталық Азия нарығы ашық тұр. Әлде біз оларды қабылдауға да­йын емеспіз бе?! Сол баяғы электр жетіс­пей, заң мүмкіндік бермей, бюрократия бүйір­ден қысып тұра ма?», деп пікір айтады.

Экономист Жарас Ахметовтің сөзіне қарағанда, Ресейдегі зауыттарына құлып салған компаниялар Қазақстанға ауыса қоймайды.

«Бірінші себеп – біздегі нарық ауқымы­ның аздығында. Форд, Рено, Ниссан ком­па­ния­лары­ның Қазақстанға ауысарына күмәнім бар. Олар Ресейге салынған санкцияның кесі­рі тие ме деп қорқады. Одан бөлек, жал­пы Орталық Азияның нарығы да аса үлкен емес, халықтың күнкөріс деңгейі төмен. Олар әзірге кәсіптерін тоқтатып, ер­тең жанжал аяқталғанда Ресейге қайта баруы мүмкін. Өйткені онда 80 млн адамдық на­рық бар. Орталық Азияға да Ресей ар­қылы шығады. Әрі біздің елді жайлаған жем­­қор­лық та шетелдік компаниялардың ын­та­сын оятпайды. Ірі компаниялар тұр­мақ, орта деңгейлі бизнестің де Қазақ­стан­­­ға келе қоюы екіталай», дейді экономист.

Бұдан өзге сарапшы сот жүйесі мен валюта бағамының әлсіздігі де инвестор­лардың бетін қайтарады деп есептейді.

«Инвестор өз құқығы лайықты қорғалатын елге ғана келеді. Сондықтан ұсақ кәсіп иелерін ғана арнайы іздеп барып шақыра аламыз. Бізде алып компа­ниялар мұнай-газ саласында ғана шоғырланған. Валюталық саясат ны­ғаймай, жемқорлық жойылмай, гиганттарды елге тарту мүмкін емес. Санкция құқайын көрген компаниялар Қазақстанға ауысып, кәсіптерін одан әрі тұралатып алғысы келмейді», деді Ж.Ахметов.

Visor Kazakhstan директорлар кеңесі­нің мүшесі Алмас Чукиннің айтуынша, әскери қақтығыс салдарының үш сценарийі бар: жа­ман, нашар және сорақы. Соған қара­мас­тан дәл қазір ел экономикасы үшін алаң­дауға себеп жоқ. Қазіргі ахуалды дағ­дарыс емес, сыртқы шок деп атау керек.

– «Жаман» сценарий – жақын арада РФ мен Украина келісімге келеді. Бірақ Батыс Ресейге салған санкцияларын бірден алып тастамайды. Оның зардабы ұзаққа созылады. Мұндай жағдайда өсім 0-ге дейін құлдырап, активтер құны 30-40 пайызға төмендеуі мүмкін. «Нашар» сценарийде Ресей әрекеті қатты қар­сылыққа ұшырайды, бірақ олар сонда да кетпейді. Украинада Ресейді ығыс­тырып шығарардай күш жетіспейді. Атыс та жоқ, татулық та жоқ, итжығыс тірлік жалғасады. Одақтастар көмегінің өзінде Украинаның дамуы қиынға айналады. Ал Ресейге қосымша санкциялар салынады, салдарынан экономикасы 30-40 пайызға дейін құлдырайды. Бұл біз үшін қиын. 30 пайызға дейін құлдырау дегеніңіз екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі КСРО-ның күйі секілді, – дейді А.Чукин.

Сарапшының пайымдауынша, «сорақы» сценарий – Украинаның күйрей же­ңі­ліп, елдің оккупациялық ахуалға то­лық өтіп, үкімет қуылып, әрі қарай парти­зандық соғыстың жалғасуы. «Бұл тура­лы ойлағың да келмейді әрі ол жерде эко­но­микалық талдау да қажетсіз», дейді ол.

* * *

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Ресейдің Украинаға әскер енгізуіне байланысты Ұлыбритания Қазақстанға ешқандай санкция салмайды. Бұл туралы Ұлыбританияның Орталық Азия бойынша мемлекеттік министрі Тарик Ахмад пен Қазақстандағы Ұлыбритания елшісі Кэти Лич мәлімдеді.

Қазақстанға қатысты АҚШ ұстанымы да анық болды. «АҚШ санкциялары Ресей экономикасына бағытталған және өзге елдерге, оның ішінде Қазақстанға да кері әсері тимейді. Серіктестік орнаған 30 жылдағыдай біз Қазақстан экономикасын нығайтуға және әртараптандыруға байланысты көмектесуге әзірміз», делінген АҚШ елшілігінің хабарламасында.

Ресей экономикасына бағытталған санкцияның елімізге әсері мүлде тимейді деп кесіп айтуға келмес. Жаманды-жақсылы араласып отырған соң әсері арқаға аяздай батпаса да, бетімізді аз-маз үсік шаларын сезердейміз. Қалт-құлт етіп тұрған соң сол үсіктің өзіне «алда шүкір» айтуға шақ отырмыз. Жақында Standard&Poor's Қазақстанның несие рейтингін «BBB-/А-3», яғни «тұрақты» деп таныды. Ел экономикасының күшті фискалды және сыртқы балансы, өтімді сыртқы активтердің болуы орнықтылыққа демеу беріп тұр. Рейтинг агенттігі биыл Қазақстан экономикасы 3,6 пайызға, 2025 жылға дейін 4 пайызға өсім көрсетеді деп болжапты. «Аузыңа май» дейміз.

Таяуда ғана Standard and Poor’s Ресейдің несие рейтингін ССС деңгейіне түсіріп тастады. Morgan Stanley дерек­теріне сүйенген Bloomberg 15 сәуірде Ресейде дефолт жариялануы мүмкін деп есептейді. Облигациялар құны күн санап төмендеуде, сыртқы қарызды өтеу мүмкіндігі азайды. Үсті-үстіне салын­ған санкция онсыз да жер бауырлап қал­ған экономиканың бүйрегінен теуіп жат­қандай әсер қалдырады. Ал неге 15 сәуір? Бұл купондық төлемдер бойынша 30 күндік жеңілдік кезеңінің аяқталуымен байланысты болуы мүмкін.

«Дефолтты ең ықтимал сценарий деп ойлаймыз. Дефолтқа ұшыраған жағ­дайда ол әдеттегідей болмайды, бұл сірә Венесуэла ахуалына көбірек ұқсай­ды», дейді Morgan Stanley-дің дамушы нарықтарды несиелеу бойынша маманы Саймон Уэвер.

Түсіне білсек, біз ғана емес, тұтас Орталық Азияға қауіп бар. Өзбекстандық қоғам қайраткері Азиза Умарова ақшасы бар орыстар мен беларусьтер БАӘ-ге кетер, ал ақшасы жоқтары біздің өңірге ағылады», дейді.

«Ресей мен Беларусьтен Ташкентке қарай қоныс аударғысы келетіндер көбейді. Өзбек шағын және орта бизнесі үшін түрлі саладағы білікті кадрларды өзіне тартатын жақсы мүмкіндік туып тұр. Мен тек білікті IT-бағдарламашыларды ғана емес, тоқы­машы, дизайнер, конс­труктор, ин­же­нер­лерді де шақырар едім. Сондай-ақ көп ұзамай еңбек мигрант­тарының да ағы­ны басталады. Үкімет оларды қайда орна­­лас­ты­ра­тынын ойлануы керек. Жер рефор­ма­сын жасама­йынша, жерді бай-манап­тар­ға үлестіріп беретін қазіргі жүйе жағ­дайын­да біраз уақыттан соң ашуланған және жұмыссыз қалған мигранттар бізді тү­тіп жейтін болады. Украинадағы қақтығыс өте мұ­қият болу керегін көрсетті», дейді сарапшы.

* * *

Экономист Қайырбек Арыстан­беков­тің айтуынша, экономикалық, саяси одақтардан іргені аулақ салу – дәл қазір іске асыратын шаруа емес. Асқан алаңдау, байыпты шешім қабылдаудың алдына түспегені жөн.

«Дәл қазір шетелден келетін логис­тикалық хабтарды әртараптандыруымыз керек. Ол үшін Қытаймен жұмыс істеу керек болады. Екіншісі – Орталық Азия елдерімен байланысты күшейту. Сосын Каспий арқылы Кавказға шыққан дұрыс. Басқа жолы жоқ. Ал ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дан қазір шығып кететін қадам жасасақ, онда Донецк пен Луганскінің кері бізге келуі ықтимал. Одан да солтүстік облыстарда қарагөздердің үлес салмағын арттыру саясаты белсенді іске асырылуы керек. Біз жасауымыз керек тағы бір маңызды әрекет – Ресеймен шекаралас өлкелерде – Саратов, Орынбор жақтарда ішінара экономикалық экспансияны жүзеге асыру», дейді экономист.

14 наурыздағы жағдай бойынша Қазақ­стан қор биржасында (KASE) 1 доллар 512 теңгені құрады. Ал базалық мөл­шер­леме 13,50 пайыз деңгейінде қалды.

Бұрын біздің алдымызда «экономиканы күшейту» деген міндет тұрса, енді оған «экономиканы күйретіп алмау» міндеті қосылды. Ұлт болып бірігетін, жұрт болып жұмылатын бұдан басқа қандай орайлы сәт болуы мүмкін.