Қазақстан • 14 Наурыз, 2022

Қаңтар қасіреті: Сын сағаттан не түйдік?

1557 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. 2022 жылдың 9 наурызында депутат Жанарбек Әшімжан Бас прокуратураға қаңтар оқиғасының тергелу барысы туралы ауызша жауап беруді сұрап, депутаттық сауал жолдады. Осыған орай Бас прокурордың ауызша жауабы туралы мәселе қаралды. Жиын ашық форматта, тікелей эфирде өтті және Мәжілістен 100-ден астам журналист хабар таратты.

Қаңтар қасіреті: Сын сағаттан не түйдік?

Бүкіл сауалға ашық жауап берілуі керек

Отырыста депутат Жанарбек Әшімжан депутаттық сауалын қайта оқыды. Оның айтуынша, халықпен кездесуде қоғам тарапынан, елдегі белсенді азаматтардан, ақпарат құралдарының өкілдерінен «Қаңтар оқиғасына құқықтық баға қашан беріледі?» деген сұрақ көп қойылған. «Депутат ретінде біздің қылмыстық іске араласуға, баға беруге құқымыз жоқ. Десек те, қоғам тарапынан қойылған талап-тілектерді тиісті мемлекеттік құрылымдарға жеткізуге міндеттіміз. Әріптестерім осы қаңтар оқиғасына байланысты жағдайларға алғашқы сәттерден бастап бел шешіп араласты. Мәжіліс депутаттары әр өңірге барып, оқиғаға қатысты ұсталғандармен, қоғам белсенділерімен, адвокаттармен, істі болып жатқандардың туыс­тарымен, оқиға салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлермен, әскерилермен кездесті. Қираған ғимараттар мен техникаларды, стратегиялық нысандарды өз көзімен көрді», деді Ж.Әшімжан.

Депутат қаңтардың қаралы күндері ең ауыр жағдайларды бастан кешкен Алматы облысы мен Алматы қаласына барып, Мәжіліс депутаты ретінде қалың бұқарамен және істі болып жатқандардың туыстарымен арнайы кездескенін атап өтті. Абақтыда жатқандардың ата-аналарының талаптары бойынша Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторына барғанын жеткізді. «Істі болып жатқандардың ата-аналары, туыстары тарапынан «тергеу изоляторларында нағыз азаптаулар, қылмысты күшпен мойындатудың адамтөзгісіз түрлері қолданылып жатыр» дегенді алға тартты. Бүкіл камераларды аралап, әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп, көз көріп, көңіл сенген жағдайларды көңілі алаң отырған туған-туыстарына жеткіздім. Дәл осындай кездесулерді әріптестеріміз Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында да өткізген», деді Ж.Әшімжан.

Депутат әлеуметтік желілерде елдің көңіліне қаяу түсіретін түрлі ақпарат таралып жатқанына назар аударды. Қоғам негізгі ресми ақпаратқа қол жеткізе алмаған сәтте, сөзсіз аңыз-шыны аралас алып-қашпа дүниелер алдыңғы қатарға шығатынын атап өтті.

Оның айтуынша, ел құлағын елу қылған ресми емес ақпараттар елдің арқасын аяздай қарып, халық ішінде түрлі қауесеттердің ошағын маздат­ты. Бұл дәлелденбеген «фейк» ақпа­рат­тарды өз мақсатына пайдаланып, ұпай жинағысы келген ішкі және сыртқы күштер де табылған. «Дәл қазір тергеу ісі жүріп жатыр. Түсінеміз, тергеу ісінің өз процесі бар. Алдағы уақытта сот үкімі де кезең-кезеңімен шыға жатар. Алайда арада екі ай уақыт өтсе де қоғам сол қасіретті оқиға туралы неге бастапқы ақпараттарға қол жеткізе алмай отыр? Бұл ең бірінші кезекте мемлекеттік төңкеріске жасалған қадам деген сөз айтылды. Ал елдіктің тамырына балта шабуды көздегендердің көшіне ілесіп, еліміздегі ірі қалалардағы әкімшілік орындары мен бизнес нысандарына, күштік құрылым ғимараттарына ша­буылдағандар кім? Жаппай тәртіп­сіздікті ұйымдастырғандар, қару ұрлағандар кім? Қанша адам жәбірленді? Жапа шеккен кәсіпкерлер мен зәбір көрген азаматтарға толыққанды көмек көрсету үдерісі қашан аяқталады? Арандаған кімдер? Арандатқан кім­дер? Өртеніп жатқан ғимараттарға «бас-сирағын үйітіп» жүргендер кім? Изоляторлардағы жатқандардың жай-күйі қалай? Олардың құқы қай деңгейде сақталып отыр? Қылмыстық іс қашан аяқталады? Сотқа қашан жіберіледі? Жалпы, сол күндері қандай жағдай болды? Міне, дәл осы күндері қоғам тарапынан қойылған осы сұрақтар әлі күнге дейін ашық күйінде тұр. Осы сұрақтардың бәріне бүкпесіз, ашық жауап берілу керек. Уақыт ұзаған сайын сенім сетінеп, күдіктің тұманы қалыңдай береді. Сондықтан тиісті күштік құрылымдар, мемлекеттік орган басшылары жеделдетіп Мәжілістің төріне келіп, оқиғаға байланысты осы және басқа да сауалға ашық және анық, бетпе-бет жауап беруі керек. Бұл – халықтың, қоғамның талабы», деді Ж.Әшімжан.

Бұдан кейін Бас прокурор Берік Асылов, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Қазақстандағы Адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, депутаттар, құқық қорғаушылар баяндама жасады.

Ұйымдастырушылар жоспарлы түрде әрекет еткен

Өз сөзінде Бас прокурор Берік Асы­лов Қазақстан өзінің тәуелсіздігі жылдарында, мұндай қатыгездікке алғаш рет тап келгенін атап өтті. Оның айтуынша «Қасіретті қаңтар» оқиғасын мұқият саралап, тиянақты бағалайтын сәт келіп жетті. Осы орайда Бас про­курор оқиғалардың хронологиясын баяндап берді. Митингілердің бас­тапқыда бейбіт өткеніне тоқталды. «Бі­рінші қаңтардан бастап, батыс өңір­лердің тұрғындары газ бағасын төмен­детуді талап етті. Яғни ешқандай сая­сат болған жоқ, таза әлеуметтік-эконо­микалық талаптар қойылды. Өңірге жедел түрде жолданған Үкіметтік ко­мис­сия, газ бағасына қатысты талап­тарды қанағаттандырды. Осыған қара­мастан, Алматы, Шымкент және бас­қа өңірде адамдар көшеге шықты. Қаты­сушылардың жалпы саны екі күнде 50 мыңнан асты. Басында жиындар бейбіт сипатта өтті. Алайда жағдайдың бақылаудан шығу қатері сағат сайын арта бастады. Сондықтан әкімдер мен депутаттар, халықпен сан рет кездесіп, қоғамдық тәртіпті бұзбауды сұрады. Прокурорлар жер-жерде наразылық акцияларының заңсыздығын және оларға қатысу үшін жауаптылықты түсіндірді», деді Б.Асылов.

Спикер оқиғалардың алғашқы күндері Мемлекет басшысы демон­странт­­тарға үндеу жолдап, заңды сақ­тауға және деструктивті күштер­дің аран­датуына бой бермеуге шақыр­ға­нын атап өтті. Оның айтуын­ша, мұн­­­дай үндеуге қарамастан, жинал­ған­дар арасында қылмыстық және ради­­калды бағыттағы адамдар белсен­ді, қатаң әрекеттерге көшкен. Осы­лай­­ша, 4-5 қаңтарда жиналғандар агрес­­сивті топқа айналған көрінеді. «Ұйым­­дас­тырушылар айқын жос­пар­мен әрекет етті. «Уатсап» және «Теле­­­грам» арқылы топтың жиналуы мен қозғалысын үйлестірді. Олар көп адамды жинап алып, арматура, таяқ, тас, «Молотов коктейлімен» қару­ланды. Кейіннен топтың бір бөлігі дү­кен­дерді қиратып, тонауға кірісті. То­наудан кейін, қылмыстың ізін жа­сыру үшін, тіпті көп пәтерлі үйлер­дің бірінші қабатындағы үй-жай­ларды өртеген. Басқа қарулы топтар мақсатты түрде Президент резиденциясына, әкімдіктердің, полицияның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараттарына шабуыл жасап, басып алды. Алма­тыдағы әуежай мен басқа да нысанды қиратты. Олар қоршауды қалай бұзу керектігін біліп, полицияға шабуыл жасады, атыс қаруын алу үшін аңшы дүкендерін тонады. Телеэфирге шығуға тырысты, ол іске аспай қалған кезде, телекомпания кеңселерін тонап, өртеп жіберді. Алматыда және басқа да ірі қалада қылмысты жасыру үшін 800-ден астам видеокамера­ны қиратқан. Басып алынған қаруды, азық-түлікті және ауыз суды жеткізу ұйымдастырылған. Такси, жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілерін көшені жауып тастауға мәжбүрледі. Яғни бейбіт азаматтарды «тірі қалқан» ретінде пайдаланған. Арнайы автокөліктер мен басқа да жүк машиналарын таран ретінде қолданды», деді Бас прокурор.

Спикердің сөзіне сүйенсек, тәр­тіп­сіздік кезінде шабуыл жасағандардың саны бірнеше есе көп болғандықтан құқық қорғау органдарының қыз­меткерлері агрессияны тоқтата алмаған. Олар полицейлер мен сарбаздарды қатыгездікпен соққыға жықты. Күштік құрылым қызметкерлері арасында 3,5 мыңға жуығы жарақат алған. «Сол күндері жарақаттанғандардың 80 пайы­зы құқық қорғау органдарының қыз­мет­керлері болды. Соның өзінде тәр­тіпсіздікке қатысқандарға күш қол­да­нылмады. Осы жағдайда полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан мен Қарулы Күштердің әскери қызмет­шілері соңына дейін зорлық-зомбы­лықты тежеуге тырысып, атыс қаруын қолданбады. Құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері резеңке оқ пен көзден жас ағызатын газды және басқа да арнайы құралдарды пайдаланды. Мұны тәртіпсіздікке қатысқандар әлсіздік ретінде көріп, топтар жоғары екпінмен қызметкерлерге шабуыл жасады, яғни атыс қаруы мен басқа да зат­т­арды қолданды. Алматыда 5 қаңтар күні шабуыл жасағандар өрт сөндіру көлігімен және жүк автокөлігімен Пре­зидент резиденциясының дуалын бұзып кірген. Олардың барлығы қару­ланған. Қаладағы А.Байтұрсынов пен Төле би көшесінің бұрышында бензин тасымалдайтын көлікпен полицияның арнайы көлігін қағып өтіп, кейін оны по­лицияның қоршауына қарай бағыт­таған. Қызылордада «КамАЗ» көлігін тартып алып, Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне қарай бағыттады. Олар­дың бірі оқиға орнында көз жұм­ды», деді Бас прокурор.

1

Оқиға егжей-тегжейлі тексерілуге тиіс

Б.Асылов келтірген деректерге сай, 1,5 мыңнан астам мемлекеттік және ком­мерциялық ғимаратқа зақым келген. 765 автокөлік өрттенген. Олардың арасында өрт сөндіру мен жедел жәр­дем, полицияның әрі азаматтық кө­ліктер бар. Тұрғындар мен бизнеске, мемлекетке миллиардтаған теңге мөлшерінде шығын келді. Бас прокурордың айтуынша, агрессиялы топтың түпкі мақсаты би­лікті зорлық-зомбылық арқылы басып алу болған. Заң бойынша мұндай іс-қимылдар терроризм актісі ретінде бағаланады. Сондықтан көшеде зорлық-зомбылықты тоқтату мен азаматтардың өмірін қорғау үшін құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері қару пайдалануына тура келген. Спикер бұдан кейінгі күндердегі оқиғаларды баяндай келе, қаңтар қасіреті бірнеше толқынмен өткенін атап өтті. «Бірінші толқында бейбіт митинг өтті. Олар полициямен ешқандай қақтығысқа барған жоқ. Керісінше, билік бейбіт митинг өткі­зуге барлық мүмкіндікті жасады. Деген­мен митингіге шыққандардың қатар­ына түрлі экстремистер кіріп, олар нара­зылықты радикалды арнаға бұрып жіберді. Олардың арандатушылығынан қақтығыстар басталды. Бұл – екінші толқын.

Үшінші толқын кезінде көпшілікке криминалды бандылар қосылған. Осының салдарынан тонау мен нысандарды өртеу басталды. Осы дүрбелеңді қарулы радикалдар пайдаланып, нақты шабуылдар ұйымдастырды. Осыдан-ақ оқиғаның экстремизмге, криминалға және діни радикализмге ұласқанын көріп отырмыз. Егер мемлекет тарапынан нақты шешім қабылданбағанда, бәрі басқаша бағытта өрбіп кетер еді. Ақырында билікті күшпен басып алуға талпынатын еді», деді Б.Асылов.

Бас прокурор өз сөзінде Мемлекет басшысы құқық қорғау және арнаулы органдарға, қаңтар оқиғасының себептерін егжей-тегжейлі тергеп-тек­серуді тапсырғанын атап өтті. Аталған фактілер бойынша барлығы 3 770 қылмыстық іс қозғалған. Оның басым бөлігін Ішкі істер министрлігі тексеріп жатыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 іс жүргізіп отыр. Ұлттық қауіпсіздік коми­теті мемлекетке опасыздық жасау, би­лікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеп жатыр. Бұл істер бо­йын­ша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұ­рын­ғы төрағасы Мәсімов және оның бұ­рынғы 3 орынбасары сот санкция­сымен қамауға алынды. Аталған органның тағы 2 басшысы билікті асыра пайда­ланды деген күдікпен қылмыстық жа­уап­тылыққа тартылған. Ұлттық қа­уіп­сіздік комитетінің істеріне «өте құ­пия» деген белгі берілді. Осыған орай, тергеу нәтижелерін жан-жақты жария ете алмаймыз», деді Бас прокурор.

Б.Асылов келтірген деректерге сүйенсек, қазіргі таңда 766 күдікті ұс­талған. Олардың басым бөлігі 30 жасқа дейінгілер. Сондай-ақ ұсталғандар арасында деструктивті ағымға ергендер, экстремистік ұйымдардың мүшелері, қылмыстық топтың өкілдері бар. Жалпы, 22 мың адамның қылмысқа қатыстылығы тексерілген.

Бұдан бөлек, террористік акті бо­йынша 46 қылмыстық іс қозғалған. Кейбір күштік құрылымдар басшы­ларының әрекетіне құқықтық баға беру жүргізіліп жатыр. Бұған байланысты 7 қылмыстық іс қозғалған. Бас прокурор ұсталғандарды азаптау бо­йынша 301 арыз-шағым түскенін атап өтті. Бұған қатысты тиісті қылмыстық іс қарастырылып жатыр. Осыған байланысты 9 лауазымды қызметкер ұс­талған. Жалпы, елде қаңтар оқиғасы ке­зінде 230 адам қаза тапты. Соның 19-ы әскер және күштік құрылым өкіл­дері.

Ұрланған қарудың үштен бірі ғана қайтарылған

Бұдан кейін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов сөз алды. Ведомство басшысы 2020 жылы «Бейбіт жиналыс­тар туралы» жаңа заң қабылғанын атап өтті. Соған сәйкес митинг ұйымдастыру процесі «рұқсат беру» жүйесінен «хабарлама» қағидатына көшкенін еске салды. «Жаңа заң күшіне енгеннен бастап, полиция мен наразылық білдірушілердің арасында ешқандай қақтығыс болмаған. Тура осы алгоритм қаңтар оқиғаларының алғашқы күндерінде де қолданылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл жағдай құқықтық тұрғыда қарал­ды. «Бейбіт жиналыстар туралы» заңға сәйкес өз талаптарын ашық түрде мә­лім­деу бойынша азаматтардың құ­қық­тары сақталды. Барлық аймақ­тарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Көтерілген мәселенің нақты шешімдері ұсынылды. Бірақ өкінішке қарай, араға арандатушылар қосылды. Нәтижесінде, бейбіт жиналыс заңсыздыққа ұласты. Авто және теміржолдар жабылды. Вок­зал мен әуежай қызметтеріне тосқауыл қойылды. Қызметтік автокөлік­тер өртелді. Мемлекеттік органдар­дың ғима­раттары қоршалды. Заңды талап­тар­ға бағынбай, қарсылық көрсетілді. Со­ның өзінде, полиция ешқандай күш қолдану шарасын қолданған жоқ», деді Марат Ахметжанов.

Министрдің айтуынша, мыңдаған бүлікші осыны пайдаланып, поли­цияға шабуыл жасаған. Олардың жоға­ры деңгейдегі дайындығы және ұйым­шылдығы байқалғанын атап өтті. «Әрекеттері нақты тәртіппен ұйымдас­тырылған. Темірлер, тастар, таяқ­тар және тағы басқа құрал іске қосыл­ды. Осыған орай, шұғыл түрде азамат­тар мен қызметкерлердің денсаулы­ғын сақтау мақсатында жаппай тәртіп­сіздікті тоқтату қажет болды. Тек осы сәттен бастап полиция қызметкерлері адамның өміріне қауіп төндірмейтін арнайы құралдармен жабдықталды. Алайда бүлікшілер бұнымен тоқтаған жоқ. Олар қару-жарақ дүкендеріне, полиция бөлімдеріне, басқа да мемлекеттік органдарға шабуыл жасады. 2 800-ден астам қару мен оқ-дәрілер ұрланды. Қаржы ұйымдарын, банктерді, сауда орталықтарын, дүкендерді тонады. Нәтижесінде, 1 700 азамат пен бизнес субъектілері зардап шекті. Жалпы, шығын сомасы 100 млрд теңгеден асты. Өкінішке қарай, 19 қызметкер қаза тапты. 3 мыңнан астам полиция мен әскери қызметші жарақат ал­ды. Көптеген қызметкер әлі де ем алып жатыр. Біразы денсаулықтарына бай­ланысты болашақта қызметтерін жалғастыра алмайды. Сондықтан қыз­меткерлер төтенше жағдай және терроризмге қарсы операция аясында қару қолдануға мәжбүр болды», деді Ішкі істер министрі.

Ведомство басшысы келтірген дерек­терге сүйенсек, қазіргі таңда поли­цияның тергеуінде 2 919 қылмыстық іс бар. Мыңнан астам күдікті қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатыр. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 184 күдікті қамауда отыр. «Тергеу барысында 12 мыңнан астам азамат­тан жауап алынды. 2 мыңдай сараптама тағайындалды. Ұрланған мүліктің көп бөлігі тәркіленді. 229 айыпталушыға қатысты іс сотқа жолданды. Қазірдің өзінде 72 адам сотталды. Оның бесеуі бас бостандығынан айырылды. Қалғандары басқа жазаларға тартылды. Жалпы, тергеу қылмыстық процестің үш буынды моделіне сәйкес жүргізіліп жатыр. Яғни, тергеушілердің барлық негізгі шешімдері прокурордың сүзгісінен өтеді. Осылайша, үш сатылық бақылау арқылы процестің әділеттілігі қамтамасыз етіледі. Күдіктілердің конституциялық құқықтары толығымен сақталған. Қызметкерлердің өкілеттігін асыра пайдалану фактілеріне қатысты шағымдар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Объективті болу үшін бұл істер прокуратура және жемқорлыққа қарсы қызметке берілді. Тергеу амалдары міндетті түрде бейнекамераға жазылады. Оған қорғаушылар да қатысады. Дегенмен қазіргі таңда заңсыз айналымда әлі де көптеген қару-жарақ бар. Оны қайтару бойынша барлық шара қабылданып жатыр. Республика бойынша арнайы «Қару» операциясы жалғасып жатыр. Оның барысында 1 215 қару және 22 мың оқ-дәрі қай­та­рылды. Сонымен қатар азаматтар ерікті түрде 120 қару тапсырды», деді М.Ах­мет­жанов.

Зардап шеккен нысандар қалпына келтіріледі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бек­тенов прокуратурадан және Ішкі істер министрлігінен 125 қылмыстық іс келіп түскенін атап өтті. Агенттік 109 арыз бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Нәтижесінде, 234 қылмыстық іс бо­йынша тергеу жүргізіліп жатыр. «11 арызданушыға қатысты жоғары температураны қолданып азаптау фактісі бойынша тіркелген қылмыстық іс шеңберінде барлық кешенді жедел-тергеу іс-шаралары уақтылы өткізілді. Нәтижесінде, арызданушылар өздеріне тыйым салынған тергеу әдістерін қолданған полиция қызметкерін таныды. Барлық дәлелдемелер бекітілгеннен кейін, аталған қылмыстық іс арнайы прокурорларға берілді. Сонымен қатар арнайы прокурорларға адам қайтыс болу фактісі тіркелген 8 қылмыстық іс бе­рілді. Сыбайлас жемқорлыққа қар­­сы іс-қимыл агенттігі құқық қор­ғау органдары қызметкерлерінің заңға қар­­сы әрекеттері туралы куәлан­дыра­тын объективті деректер анық­тал­ма­ған­дықтан, іс-әрекетте қылмыс құра­­мы­ның болмауына байланысты 7 қыл­мыс­тық істі тоқтатты», деді О.Бек­тенов.

Осы орайда, агенттік төрағасы бас­ты мақсат оқиғалардың бүкіл хронологиясын анықтау және әрбір өтініш бо­йынша объективті құқықтық баға беру екеніне тоқталды. «Тәртіпсіздіктер бейберекет әрі жаппай болғандықтан, бұған біраз уақыт қажет. Барлық қыл­мыстық істер бойынша тергеу жоспары құрастырылып, онда тергеу-жедел іс-шаралары кешені қамтылды. Көптеген арызданушы өзін азаптаған полиция қызметкерлері маска таққанын, каска кигенін айтады. Бірақ олардың тіпті жүздерін де көрмеген, аттарын да білмейді.

Қазіргі таңда тергеу барысында арызданушылар мен куәгерлер берген ірілі-ұсақты айғақтар және бейне-бақылау камераларынан сақталған жазбалар арқылы қаңтар оқиғасы егжей-тегжейлі зерделеніп жатыр. Деген­мен бұған көптеген бейне-бақылау камерасының жұмыс істемеуі не тәртіп­сіздіктер кезінде бұзып тастауы кедергі келтірген», деді О.Бектенов.

Бұдан кейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен мемлекеттік органдардың нысандарын қалпына келтіру жөнінде баяндама жасады. «Қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің 8 облысында мемлекеттік органдардың 42 ғимараты зардап шекті. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 28 млрд теңге республикалық бюджеттен 18 нысанды қалпына келтіруге жұмсалды. Барлық нысанға техникалық байқау жүргізілді. Нәтижесінде, 28 ағымдағы жөндеу, сондай-ақ 14 ғимаратқа күрделі жөндеу және қайта құру қажеттілігі анықталды. Бүгінгі таңда 21 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Наурыз айының соңына дейін 5 ғимаратқа, қалған 2 нысанға биылғы мамыр және маусым айларында жөндеу жұмыстары жүргізіледі», деді Роман Скляр.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары 14 нысан күрделі жөндеу және қайта құруды қажет ететінін атап өтті. Кестеге сәйкес 7 ғимарат наурыз айында қалпына келтірілсе, 5 нысан мау­сым айында аяқталады. «Айтарлықтай зардапты ескере отырып, Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазақстан» телерадио корпорациясы ғимаратын қайта жөндеу жұмыстары биылғы қазан айында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Тәртіпсіздік кезінде 1630 шағын, орта бизнес субъектісіне шамамен 38,6 млрд теңгеге шығын келтірілген. Мемлекет басшысының кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген залалды өтеу тапсырмасын орындау шеңберінде тәртіпсіздіктер салдарынан туындаған зардапты жою жөніндегі комиссия құрылды. 20 қаңтарда тиісті тетіктер қабылданды. Өтемақы жергілікті атқарушы органның жанындағы өңірлік комиссиялармен келтірілген залал сомасы құжаттық тұрғыда расталғаннан кейін жүзеге асырылады. Бұл ретте жеңілдетілген тәртіпте фискалдық деректерге сүйене отырып, кәсіпкерлер 10 млн теңгеге дейін ала алады. Төлемдер Үкімет резервінен, сондай-ақ жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады», деді Р.Скляр.

Спикер келтірген деректерге сүйен­сек, биылғы 11 наурызға дейін өңір­лік комиссиялар жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 1630 өтініштің 1192-сін мақұлдады. Қалған 438 кәсіпкер баға­лау рәсімдері аяқталғаннан кейін өтемақы алады.

Қаңтар оқиғасына ұзақ дайындалған

Құқық қорғаушы Айман Омарова өз сөзінде билік өзгермейтін елде, қоғамның барлық саласында сыбайлас жемқорлық жайлап, ұлттық ресурстарға олигархтар деп аталатын адамдардың белгілі бір тобы иелік еткен кезде мұндай оқиғалар болатынына тоқталды. Құқық қорғаушының айтуынша, елде келеңсіздік тудыруға екі жыл дайындық жүргізілген. Дегенмен террористік топтардың бар екені туралы қауесет одан бұрын да тараған. «Көптеген адам мұның бәрі бейбіт митингілерден бас­талды деп қателесіп отыр. Шынына келгенде, бәрі әлдеқайда ертерек, оқиғаларға ақпараттық дайындықтан басталды. Бейбіт митингілер – көзге көрінген оқиғалардың басы ғана. Егер оқиғаларды шартты түрде бөлсек, онда олар оқиғаларға ақпараттық дайындықтан, одан әрі ақпараттық соғыстан және көшедегі оқиғалардан тұрады», деді Айман Омарова.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова құқық қорғаушы­лар­мен тәулік бойы байланыс ұстағанына тоқталды. Тәуелсіз мониторинг кезінде ұсталғандардан бөлек, олардың туыстарымен, прокуратура, полиция және әкімдіктер басшылығымен кездескен. Оның айтуынша, қаңтардың басында уақытша ұстау мекемелерінде ауыз суға, тамақтануға қатысты пробле­малар туындағанын жеткізді. «Қа­зір­гі таңда осы фактілер бойынша сотқа дейінгі қудалау жалғасып жатыр. Дене жарақатын алған азаматтар уа­қытша ұстау изоляторында 5-9 қаң­тар аралығында алғашқы меди­ци­налық көмек көрсетілмегенін хабар­лады. 9 қаңтарда Алматыда азамат­тық ауруханадағы азаматтарды уақыт­ша ұстау изоляторына қамауға алу қо­ғамдық резонанс тудырды. Меди­циналық қамтамасыз ету туралы келіс­сөздерден кейін 29 жаралы адам аза­маттық ауруханаларға ауыстырыл­ды. Ұсталғандардың қалғандарын ауру­­ханаға жатқызуға қажет емес екені тура­лы медициналық қорытынды жасалып, азаматтық дәрігерлер оларға тұрақ­ты түрде барды», деді Эльвира Әзімова.

Мақсат – арандап қалғандарды ақтау

Мәжіліс отырысында заңгер Абзал Құспан «Аманат» комиссиясының жұмысы жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, комиссия мақсаты қылмыстарға қатысы жоқ, тек қана бейбіт шеруге шықтық деп ойлап, арандап қалғандарды қылмыстық жауап­кершілікке тартқызбау. Сондай-ақ жасаған қылмыстық іс-әрекеттері, денсаулығы, әлеуметтік статусы секілді жағдайларға байланысты қоғамға қауіп төндірмейтін тұлғаларды анықтап, оларды қылмыстық іс орбитасынан алып шығу қажет. «Бұл мақсатымызға біртіндеп қол жеткізіп келеміз. Атап айтқанда, комиссия жергілікті прокуратура органдарының көмегімен тергеу изоляторларына кіріп, қамауға алынғандардың жағдайымен таныс­ты. Олармен жеке кездесіп, іске қатысты мәліметтерді өз ауыздарынан естіді. Туыстарымен, адвокаттарымен, сонымен қатар елге белгілі қоғам қайраткерлерімен жолығып, прокуратура органдарындағы қылмыстық іс материалдарымен танысты. Нәтижесінде, комиссия жергілікті прокуратура органдарымен бірлесе отырып, 300-ге жуық адамды қамаудан босатуға қол жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыс әрине жалғасады. Дегенмен кейінгі бірнеше апта көлемінде комиссия өңірлерге шықпай-ақ өз жұмысын орталық мемле­кеттік және құқық қорғау органдары арқылы, жүйелі түрде атқаруға көш­кеніне назарларыңызды аударамын. Осы атқарылған жұмыс, респуб­лика кө­лемінде сол қаңтар оқиғалары бойынша жалпы картинаны білуге және оған қатысты құқық қорғау органдары тарапынан атқарылған жұмыстар мен олардың қызметіндегі бірқатар кемшілік пен жетістік туралы алдын ала қорытынды жасауға мүмкіндік береді», деді А.Құспан.

Заңгердің айтуынша, өңірлерде жаппай тәртіпсіздікке қатысқандармен кездесуден кейін бәріне ортақ бірқатар белгі бары анықталған. Мәселен, жаппай тәртіпсіздік бір кезең, бір уақыт аралығында басталған. Арандатушы топ ортақ, бір талап қойған. Мәселен, олар барлық жерде де бейбіт митингіге шыққан көпшілікті облыс, қала әкім­дігін басып алуға үгіттеген. «Жеке­леген жағдайда құқық қорғау орган­дары уақтылы қимылдамады, кейде мүлдем әрекетсіздік танытты. Оңтүс­тік өңірлерде бейбіт митингіге қатысу­шылар бұрын өздері көрмеген, танымай­тын, әскери тәртіпті білетін белгі­сіз адамдардың жүргенін байқа­ған. Мұның бәрі әу баста бейбіт бастал­ған митингілерді жаппай тәртіпсіз­дікке ұластыруға мүдделі топтардың бол­ғанына, олардың орталықтан­ды­рылған түрде, мақсатты жұмыс істеге­ніне көзімізді жеткізе түсті», деді А.Құспан.

Заңгер комиссия жұмысы ең жоға­ры деңгейде, яғни Президент, Мем­лекеттік хатшы және Бас прокуратура қолдағанына қарамастан, жергілікті жердегі кейбір облыс (қала) прокурорлары тарапынан кедергілерге тап болғанын атап өтті. «Қорыта айтсақ, алдағы уақытта жергілікті прокуратура органдары өз қызметтеріндегі мынадай кемшіліктерге назар аударса дейміз. Бір ел, бір қылмыстық және қылмыстық процестік кодекс бола тұра, әр өңірдегі тәжірибе әртүрлі. Жергілікті жердегі құқық қорғау органдарының басшылығы жағдайдың қоғамдық, әлеуметтік, сая­си маңызын түсіне бермейді. Қоғам өкілдерімен, азаматтармен жұмыс басынан бастап дұрыс жолға қойылмаған. Әлеуметтік желінің қазақтілді сегментіне мониторинг жасамайды. Қылмыстық процестің Кодекстегі тергеу құпиясын алдыға тартып, негізгі жауапкершілікті сот органдарына жүктеп, өздерінен ысыра салғысы келетіндей сыңай байқалады», деді А.Құспан.

Осыған орай адвокат қаңтар оқиға­сына қатысты істердің бәрі жабық, бәрі құпия екеніне наразылық білдірді. Қазақстан қоғамы үшін аса маңызды істе, құқық қорғау органдарына ондаған жыл бойы қатып қалған кеңестік жүйеден шығып, мейлінше қоғаммен ашық жұмыс істеуге кеңес берді. «Айталық, мемлекет тек қана жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарға қыл­мыстық іс қозғап, соларды ғана тергеп-соттап жатқан жоқ. Сонымен қатар осы «Қасіретті қаңтар» оқиғасының ұйымдас­тырушыларына, құқық қорғау орган­дарының өте жоғары деңгейдегі бас­шыларына қатысты тергеу жүмыс­тарын жүргізіп келеді. Одан басқа, қамауға алынған азаматтарға қатысты азаптау фактілерімен де біраз қызмет­керге қатысты тергеу жүріп жатқанын білеміз. Алайда Қазақстан қоғамы мұны толық біледі деп айта алмаймыз. Себеп біреу – ақпарат жеткіліксіз», деді заңгер.

о

Бүлікті ұйымдастырған кімдер?

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде елімізге төнген сын сағат­тарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев шұғыл да жі­герлі шешімдер қабылдап, елді осындай ауыр соққыдан алып шыққа­нына тоқталды. «Жағдай қысқа мер­зімде тұрақталды. Бүгінгі отырыста сөз сөйлеген азаматтардың барлығы да Прези­дентіміздің табанды шешім­дерінің нәтижесінде мемлекеттігіміздің сақталып қалғанын атап өтті. Уақыт өте келе, бұл елдік пен тұтастықты сақтап қалу үшін жасалған бірден-бір дұрыс қадам екенін түсініп отырмыз. Заңдық тұрғыдан барлығы мінсіз болуы керек. Асығыстық танытуға болмайды. Себебі таразы басында адамдардың тағдыры тұр. Бұл жөнінде Президенттің кінәсіз адам жазаға тартылмауға тиіс, ал қылмыскерлер қатаң жазасын алуы қажет деген тапсырмасы бар. Ол тапсырма мүлтіксіз орындалуы керек», деді Е.Қошанов.

Баяндамашылар сөзін аяқтағаннан кейін депутаттар сұрақтар қойды. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева елі­міздің Бас прокурорынан «Әлеу­меттік желілерде депутаттарға халықтан көп­теген сұрақ келіп жатыр. Соңғы күн­дер­дегі ең өзекті сұрақтардың бірі – «Егер Кәрім Мәсімовтің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа қызмет­кер­лерінің кінәсі дәлелденсе, олар қандай жазаға тартылуы мүмкін?» Соған байланысты қылмыстық іс қай кезеңге келді?» деп сұрады.

Осы орайда Бас прокурор Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның бұрынғы үш орынбасарына, екі бөлімше бастығына қатыс­ты бірнеше іс қозғалып, тергеліп жатқанын айтты. «Оның ішінде мем­лекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу үшін билікті асыра пайдалану және пара алу бойын­ша қылмыстық істер тергелуде. Бұ­рынғы төраға мен оның орынбасарлары қамауда. Олардың іс-әрекеттеріне құ­қықтық бағаны сот береді. Бірақ алдын ала айтсақ, аталған қылмыстар үшін Қылмыстық кодексте 17 жылға дейін бас бостандығынан айы­ру қарас­тырылған. Қазір тергеу әлі жүргізіліп жатыр», деді Берік Асылов.

Депутат Берік Дүйсенбинов Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің басшыларына қойған сауалында азаптау мен өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша қанша лауазымды қызметкер жұмысынан шеттетілгенін сұрады.

Бұл сұраққа Бас прокурор «243 іс тергеліп жатыр. Оның ішінде ең күр­делі 9 істі Бас прокуратураға алдық. 9 адам қамауға алынды. Оның ішінде 8-і Ұлттық қауіпсіздік органының, 1 адам полиция қызметкері. Бұл істің бәрі әлі сотқа жолданған жоқ. Әлі шешім қабыл­данған жоқ», деп жауап берді.

Ішкі істер министрі Марат Ахмет­­жановтың айтуынша, аталған ведом­ство­ның бір қызметкері қазір қамауға алынған. «Ол Алматы облысы­ның қызметкері. Сол жерде департаменттің бастығы, бүкіл орынбасарлары жұмыстан босатылған. Қалғандарына тергеу қорытындысы бойынша тиісті шара қолданылады», деді министр.

Депутат Қанат Нұр Бас прокурордан қаңтар оқиғасы кезінде кімнің билікті басып алғысы келгенін ашық айтуды сұрады. «Бүгін жақсы баяндамалар жасалды. Бірақ мен бір нәрсені түсінбедім. Тапсырыс беруші кім? Мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырушы кім? Қастандықтың жалпы картинасын көріп отырған жоқпын. Бүгінде олардың жоспарына қатысты алдын ала мәлімет бар ма? Ең соңында оларды кім басқаруға тиіс еді?» деді Қ.Нұр.

Бас прокурор Берік Асылов дәл қазір бұл сұраққа жауап бере алмайтынын жеткізді. Бірақ тергеу кезінде барлығы анықталатынын айтты. «Тергеу жүргізіп жатқанымызға екі айдан асты. Ұйымдастырушы кім? Бұның бәріне кім жетекшілік етті? Бүлікті бастаған кімдер? Бұл – өте үлкен әрі маңызды сұрақ. Сондықтан дәл қазір кімнің тапсырыс бергенін және кімнің орындаушы болғанын айта алмаймын. Тергеудің соңында осы сұрақтың нақты жауабын табамыз деген ойдамын», деп жауап берді Бас прокурор.

Бұдан кейін жалпы отырыстың жарыссөзі өтіп, депутаттар өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Зүлфия Сүлейменова мен ВладимирТохтасуновтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды. Сонымен қатар жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Гауһар Нұғманова ант беріп, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды. Ал жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамына сайланды.

Сонымен қатар отырыста Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Армения арасындағы Армения Республикасына мұнай өнімдерін беру саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.

ч