Ал осы қаңтар оқиғаларының тергелуіне қатысты құқық қорғау органдарының Мәжіліске келіп арнайы есеп беруі бұл істің қаншалықты ашық жүргізіліп жатқанын, қоғамның бұл күндерге деген қызығушылығының әлі де басылмағанын білдіреді.
Мәжілістің жалпы отырысына қатысып отырған барлық депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдері, заңгерлер, БАҚ өкілдері үшін бұл мәселе өте өзекті. Жалпы, «Қасіретті қаңтар» бойынша тергеудің қалай жүргізіліп жатқаны, бейбіт шеруге шығып, қаза болған қарапайым азаматтардың өлімі, әсіресе тергеу изоляторындағы азаптау деректеріне қатысты мәліметтер – бүкіл қоғам осы мән-жайдың барлығын құзырлы органдардан анық әрі шынайы ақпарат алғысы келеді. Бұл – заңдылық.
Қазіргі мемлекеттің, Жаңа Қазақстанның ішкі саясатының басымдық беріп отырған бағыты да осы. Дәл қазіргі кезде қоғамға өтірік айтып, жалған ақпарат беру, сұрақтан жалтару деген мүлде болмауы керек. Президент қоғамдық резонанс тудырған кез келген мәселеге қатысты ашық талқылауды, пікір білдіруді ұсынып отыр.
Қаңтар оқиғасына қатысы бар күдіктілердің қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы К.Мәсімов пен оның бұрынғы үш орынбасарының есімдерінің аталуы көп нәрсені аңғартады. Оның үстіне оларға құқық қорғау органдары тарапынан «мемлекетке опасыздық жасау», «билікті басып алуға әрекет ету» деген ауыр айып тағылып отыр.
Бейбіт басталған шерудің соңы жаппай тәртіпсіздік пен террористік сипат алып кеткенде ел Президентінің «Қайтсем де елімде боламын, астанада қаламын» деп табандылық танытқаны да біраз нәрсені ұқтырады. Түптеп келгенде бұл – ел тұтастығын сақтап қалу үшін жасалған маңызды шешім болып саналады. Бас прокурор, Ішкі істер министрі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қаңтар қырғыны бойынша тіркелген қылмыстық істер жөнінде баяндама жасағанда күдіктілердің конституциялық құқықтарын қорғау қамтамасыз етілетінін айтты. Тиісінше, қылмыскерлер де жазадан жалтарып кетпеуі керек. Ең бастысы тиісті органдар тергеу амалдарының ашық, заңды және объективті түрде жүргізілуінің қоғам үшін маңызды екенін түсінуі тиіс.
Бүгінгі отырыста депутаттардың өзі үлкен белсенділік танытып, халықтың көкейінде жүрген өзекті сұрақтарды қойды. Рас, қаңтар оқиғаларына қатысты айтылып жүрген пікірлер әртүрлі, сын да аз емес. Соның ішінде, құқық қорғау органдарының біліктілігіне, кәсібилігі мен жауапкершілігіне қатысты сан түрлі өткір де өзекті мәселелер көп айтылып жүр. Бірақ бір нәрсе анық. Кешегі қаңтар оқиғасына заңдық тұрғыдан баға бергенде асығыстыққа бармауымыз қажет. Себебі жаппай тәртіпсіздік пен билікті құлатуды көздеген лаңкестікке ұласып кеткен бейбіт шеру төңірегіндегі мәселелерді айналасы 1-2 айдың ішінде толық әрі жан-жақты тергеп бітіру мүмкін емес. Осы оқиғадан бері 2 ай уақыт өтті, тергеу амалдарына да осындай уақыт кетті. Бұл объективті тергеу жүргізу үшін аз уақыт.
Қаңтар оқиғалары бізге үлкен сынақ әрі сабақ болды. Елдігіміз бен егемендігімізге үлкен қауіп төнген кезде қарапайым халық ең бірінші биліктен, құзырлы органдардан табанды әрі әділ шешім күтеді.
Ендігі мақсат – осындай оқиғалардың болмауына басымдық беру, елдігімізді сақтап қалу.
Марат БӘШІМОВ,
Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры