Қоғам да қаңтар оқиғасына байланысты көкейіндегі сұрақтардың кейбіріне жауап алды. Ұлттық ұланға келсек, тәуелсіздік алған кезден бері қоғамдық қауіпсіздікті күзетіп келеміз. 30 жылдың ішінде Ұлттық ұланның жеке құрамына халық тарапынан, қоғам тарапынан, мемлекет тарапынан ешқандай шағым айтылып көрген жоқ. Ішкі істер органдарымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін әскери ведомство болғандықтан, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде бірінші болып оқиға орнына бардық.
Ұлттық ұланның жеке құрамы әрдайым аяқ астынан пайда болатын шұғыл міндеттерді орындауға дайын екенін қаңтар оқиғасы тағы көрсетті. Бұған дейін Қордай оқиғасы кезінде де, басқа өңірлерде де елдің тыныштығын қорғау, ахуалды тұрақтандыру үшін сенімді қызмет еткен болатынбыз. Бұл жолы әсіресе Алматы қаласында Ұлттық ұланның жеке құрамы ішкі істер органдарымен бірге міндетін мүлтіксіз орындап, сеніп тапсырылған нысандарды қорғап қалды, бір де бір нысанды тастап кеткен жоқ. Бүгінде үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Президент Ұлттық ұланды сандық, сапалық тұрғыдан нығайту керектігін айтқан болатын. Ол Ұлттық ұланның әрекетіне жоғары баға беріп, мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігін қорғауға қабілетті орган екенін айтты.
Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасы кезінде өте нақты, батыл шаралар қабылдай білді. Соның арқасында тұрақтылық қалпына келді. Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында Бас прокурор да, Ішкі істер министрі де деструктивті күштердің ұйымдасқан түрде әрекет еткенін растады. Біздің «Ұлттық ұлан – біртұтас жауынгерлер жанұясы. Артымызда – халық, артымызда – еліміз» деген ұранымыз бар. Қаңтар оқиғасы кезінде осы ұранға сай әрекет еттік.
Савердин ИМИРОВ,
Ұлттық ұлан әскери кеңесінің хатшысы