Пікір • 15 Наурыз, 2022

Тергеу амалдарының нәтижесі барынша ашық болуға тиіс

214 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың ақпанында біз, Мәжіліс депутаттары, Алматы және Алматы облысы, Қызылорда мен Семей қалаларындағы «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде ұсталып, тергеу изоляторларына қамалған азаматтармен және олардың туыстарымен, адвокаттарымен жүздестік.

Тергеу амалдарының нәтижесі барынша ашық болуға тиіс

Әсіресе өсіріп, жеткізіп, енді қызығын көрем деп отырған бала­ларынан айырылған, жараланған, оқи­ғаның алғашқы күндерінде қамау­ға алынған ұлдарынан хабар ала алмаған аналармен кезде­су оңай болған жоқ. Олардың жанай­қайын, тіптен қарғыстарын да тың­дап, сабырға шақырып басу ай­туға тырыстық. Жеке телефо­нымды әлеуметтік желіге жа­риялап, балаларының тағдырына алаңдаған аналар әлі күнге дейін хабарламалар жіберіп, әділдік іздеп бізден үміт күтуде.

Азаматтарды қабылдау ке­зінде құқық қорғау органдары тара­пынан күш қолдану, әсіре­се ұстаған сәтте ұрып-соғу сияқ­ты келеңсіз жағдайлардың бол­ғаны белгілі болды. Үтікпен тек киім ғана емес, адамды да «үтік­теуге» болатынын ішкі істер орган­дарының өкілдерінің тергеу «амалдарымен» танысқанда білдік. Сондай-ақ камераға түскенін сылтауратып, айыпталушының жазасын ауыстыру немесе босату үшін оның туыстарынан белгілі мөлшерде «сыйақы» талап ету үрдісі пайда болып жатқаны да сөз болды.

Президент 11 ақпанда Мәжі­лістің отырысында сөйлеген сөзін­де «еліміз душар болған ауыр қа­сіреттің себептерін сара­лап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте ма­­ңызды міндет» екенін айта келіп, елдегі құқықтық тәр­тіпті қам­тамасыз ету, ұсталған адам­дар­дың конституциялық құқық­тарын қорғау және тергеу жүр­гізу ба­рысында әр азаматтың  ісін мұ­қият қарап, әділ ше­шім қабыл­дауды тапсырған болатын. Осы орайда, қоғамдық комис­сиялар құрылып, әр істің заң­дылығы тексеріліп жатыр. Бү­гінде қамалған азаматтарға ара­ша тү­сіп, заңгерлік қызмет көрсетіп жүр­ген Абзал Құспан, Айман Ома­рова сияқты белгілі заң­герлерге ұстанған азаматтық по­зициялары, сын сәттегі еңбектері үшін үлкен алғыс білдіргім келеді.

Қазіргі уақытта да бұл мәселе күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Осы жылдың 9 ақпанында «Ақ жол» фракциясының депутаттары мен 9 наурызда Мәжіліс депутаттарының атынан Қазақстан Республикасы Бас прокурорының атына де­пу­­тат­­тық сауалдар жолданған бо­ла­­тын.

Алайда осы қанды оқиға­ны ұйым­дастырушылар мен содыр­лардың кім екені туралы ақпарат әлі де толық емес. Бірақ қамалғандар мен сотталғандардың, зардап шеккендер мен жәбірленгендердің нақты саны, оларға қатысты жүр­гізіліп жатқан тергеу амалдары мен қабылданған шешімдер ту­ралы бүгін біраз ақпарат алдық.

Әрине, мұның бәрі оңай шаруа емес. Дегенмен ел тыныштығын бұзып, бір сәтте дүрбелеңге айна­лып кеткен оқиғаға қатысты мә­селе – халықтың назарында. Бар­лық жасалып жатқан шаралар мен тергеу амалдарының нәтижесі ба­­­рын­ша ашық, шынайы ақпа­рат­­тан­дырылып отырса, кұба-құп болар еді.

Бүгінгі өкілетті органдардың Мәжілістегі есебімен «Қаңтардың» барлық мәселелері шешілмейді. Депутаттар көтерілген сұрақтар өзінің әділ шешімін тапқанша қадағалауда ұстайды және құзырлы органдарды ел алдында ашық та шы­найы жауап беруге шақырады. Қоғам бейбіт шеруді қасіретке айналдырғандардың кім екенін, олардың түпкі мақсаттарын білуге тиіс. Бұл оқиғада кімнің «ақ», кімнің «қара» екенін анықтап, жазық­сыз жапа шеккендердің өмір­леріне «балта шаппай», боса­тып, нағыз кінәлілердің аттарын жариялап, оларды қатаң жазаға тарту қажет.

Президент Қ.Тоқаевтың «Ауыр­­­лататын мән-жайлар бол­маған жағдайда, «жазаны жеңіл­де­ту» шараларын қабылдау қа­жет» дегенін назарға ала оты­рып және қаңтар оқиғасы­ның алғышарттары мен себеп­терін ескеріп, бүгінде ауыр емес заң бұзушылық жасаған азамат­тарға тек Қылмыстық кодекс тұрғы­сынан емес, адами гуманистік көзқараспен қараған жөн болар.

Қамалғандармен кездесу ке­зінде біразының көптің буымен еріп кеткен, жұмыссыз, кездейсоқ табыспен «ата-анасына сеп» болсын деп жан бағып жүрген жастар екеніне көзіміз жетті. Ендеше, осы жастарымызды жұмыспен қамту және олардың өмір сапасын жақсарту үшін, олар өз бақытын алаңнан емес, адал еңбектен, еңбегіне лайық табысынан іздеуі үшін қандай шұғыл шаралар қабылданып жатыр?

Жасыратыны жоқ, бүгінде азаматтарымыз жұмыс, оқу іздеп, туған жерлерін тастап, ірі қа­ла­лардың маңайына шоғырланады. Елорда мен Алматы сияқты қалалардың қасында 40-50 мың халқы бар агломерациялар пайда болуда. Бұл тұрғындардың басым көпшілігі – жастар. Бірақ бұл үл­кен ауылдарда тек жұмыс орны ғана емес, жастар күш-қайратын жұм­сайтын, құрбыларымен кезде­сетін не бір спортзал, не мәде­ниет үйі жоқ. Бұл ауылдар аста­намызды жұмыс күшімен, ауыл­шаруашылық тауарларымен қам­тамасыз етіп, азық түлік қауіпсіздік белдеуі болудың  орнына қауіпті геттоға айналып жатыр. Осы мәселеге байланысты бірнеше депутаттық сауал да жолдағанбыз.

Жастарды сапалы жұмыспен қамту жергілікті әкімдердің қыз­мет көрсеткіштерінің негізгі кри­териіне айналуы керек. Жұмысы жоқ, әркімге бір жалтақтап қол­дау таппаған, жігері жасыған әлеу­меттік жағдайы жоқ жастардан біз не күтеміз?! Ал егер бүгін бәрі­міз куә болып отырған Украина­дағыдай ел басына күн туса, біз осындай жастарды қалай ел қор­ғауға шақырамыз? Қорыта айтқан­да, біз жастарымызға араша түсе оты­рып, еліміздегі жастар мәсе­лесін кешенді түрде қолға алатын кез келді деп санаймыз.

«Тентегін тезге ел болып салып», түзеп алатын ел емеспіз бе?! Қаңтар оқиғасын әділ саралап, елдің алдында осы оқиғалардың ақ-қарасын ашып беру баршамыздың кәсіби міндетіміз деп санаймын. Алдымызда ауыр да күрделі істер мен шешімдер тұр, әділдік баршаңызға серік болсын!

 

Берік ДҮЙСЕНБИНОВ,

Мәжіліс депутаты