Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ және «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ салымшыларынан кепілдік берілген өтемді төлеуге өтініш қабылдау 2022 жылдың 1 мамырында аяқталатындығын хабарлайды.
Аталған банктердің депозиторларының (соңғы күнді қоса алғанда) 2022 жылдың 1 мамырына дейін талап етпеген өтем сомалары олардың «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-тағы (БЖЗҚ) жеке зейнетақы шоттарына аударылады. Егер БЖЗҚ-да салымшының ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоты жоқ болса, ол автоматты түрде ашылады. Сондықтан Қор салымшыларға кепілдік берілген өтемді алу үшін 2022 жылдың 1 мамырына дейін өтем алуға өтініш беруге кеңес береді.
Кепілдік берілген өтемді алуға өтінішті төлемдердің электронды порталы: https://clients.kdif.kz/ арқылы онлайн түрінде беруге болады (порталға өту сондай-ақ Қор сайтының негізгі бетінде қамтамасыз етілген). Төлемді осылай алу тәсілі тек шоттардың, төлем карточкалары мен салымдардың иелеріне ғана қолжетімді және толығымен қашықтық форматында жүзеге асырылады. Бұл ретте Қор кепілдік берілген өтемді өтініш келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде салымшының өтінішінде көрсетілген қолданыстағы банк шотына аударады. Назар аударыңыздар, дәстүрлі банктік қызмет көрсету тәсілін қалайтын салымшылар, сондай-ақ олардың атынан өтем алатын үшінші тұлғалар (мұрагерлер, сенімхат бойынша өкілдер және басқа да құқық иеленушілер) үшін өтінішті жазбаша түрде агент банкке беру арқылы өтем алу тәртібі сақталады. Агент банктер және олардың байланыс деректері туралы ақпарат Қор сайтында көрсетілген. «Валют-Транзит Банк» АҚ салымшылары кепілдік берілген өтемді алу үшін Қорға немесе банктің тарату комиссиясына мына мекенжай бойынша жүгіне алады: Қарағанды қ., Бұқар жырау даңғылы, 51/4.
Төлем мерзімі ішінде дәлелді себептермен өтем алып үлгермеген салымшылар үшін кепілдік берілген өтемді төлем мерзімі аяқталатын мерзім – 2022 жылдың 1 мамырынан кейін де алу құқығы сақталатындығын қосымша хабарлаймыз. Кепілдік берілген өтемді алуға өтініш дәлелді себептерді растайтын құжаттармен бірге жазбаша түрде беріледі. Дәлелді себептердің тізімі «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» заңда белгіленген.
Бұл ретте өтініш Қорға банктi мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген күнге дейін немесе өтем сомасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы алу құқығы туындаған сәтке дейін беріледі.