01 Сәуір, 2014

Қарағанды облысында тоғанның бұзылу себебі анықталып жатыр

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

0-navodnenie-1

Қарағанды облысындағы Көкпекті су қоймасындағы тоғанның бұзылып кету себебін енді ведомствоаралық комиссия анықтайтын болады. Бұл туралы Премьер-министр Серік Ахметовтің мәлімдемесіне сілтеме жасаған Zakon.kz хабарлады. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің бүгінгі шешімімен аталмыш оқиғаның себептерін зерттеу және жан-жақты көмек көрсету үшін Төтенше жағдайлар министрі Божко Владимир Карпович басқаратын ведомствоаралық комиссия құрылды», - деді С.Ахметов сейсенбі күні Үкімет отырысында. Ол Үкімет атынан қаза тапқандардың отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты. Бұдан бұрын хабарланғандай, дүйсенбіге қараған күні түнде Көкпекті ауылының жанындағы плотинаның бұзылып кетуі салдарынан 5 адам қаза тауып, 9 адам әртүрлі жарақат алды, олардың 6-ы ауруханаға жатқызылды. Елді мекендегі 100 үйді су басса, солардың 19-ы біршама бүліншілікке ұшырады. Сондай-ақ 39 үйдің қорасындағы малдардың шығынға ұшырағаны белгілі болды. Қазір оқиға орын алған жерде төтенше жағдайлардың құрамында 7 психологы, 10 медициналық қызметкері бар 4 шұғыл көмек көрсету бригадасы жұмыс жасап жатыр. Мұндағы жұмыстарға барлығы 691 адам, құтқарушылардың 112 техника бірлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғаныс полкі, медициналық апат бөлімшелері, ішкі істер әскери қызметкерлері, Қорғаныс  министрлігінің жауынгерлері, денсаулық сақтау басқармасының, байланыс саласының, ветеринарлық отрядтардың, жергілікті атқару органдарының қызмткерлері және 11 мотопомпа тартылған. Төтенше жағдайларды жою жөніндегі штабты Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко басқаруда. Қарағанды облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, төтенше жағдайлардың нәтижесінде қаза тапқан отбасыларға 1 млн. теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. Құрыш Нұрымбет. Дереккөз: Zakon.kz. Фото: Новый вестник.