Кейін біз де есейдік, оң - солымызды танып, көпшілікпен араласа бастадық. Олардың арасында жұртшылық үлгі тұтатын жақсы да, өз жөнімен отбасын асырап жүрген адал да, елге «таза» көрініп, былай шыға аяр болмысынан алысқа ұзамайтын қуаяқ та жүргенін көріп жүрміз. Жұмыр басты пенде болғасын төрт аяғын тең басып, төрт құбыласы түгел ешкім жоқ екендігі аян. Әлімсақтан адамға бір нәрсе жетпегендей көңілі олқы соғып, жүрегі жартыкештеніп, әйтеуір, бір дүние кем болып тұрады. Сондай кезде бала күнімде ауылдағы аталарым айтқан «кісілік» ойыма түседі.
Энциклопедия да кісілікке «адамның тұлғалық жақсы қасиеттерін танытатын ұғым» деген сипаттама берген. Ал Махмұд Қашқари бабамыз «Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі» деп айтқан екен. Қалай болғанда да, өмірде кісілік қасиетін жоғалтпаған жандарды көргенде көңіліңіз толып, марқаясыз.
Кісілік дегенде көз алдыма жиырмасыншы ғасырдың басында саясат сахнасына шығып, ұйқыда жатқан жұртының санасын оятып, өзі қатарлы елдермен терезесі тең болсын деп, қайраткерлік пен қаламгерлікті қатар ұстаған Алаш азаматтары тізіліп тұра қалады. Несін айтасыз, олардың бәрі де кісіліктен жаратылған, туған халқының келешегі үшін ауыр азап пен қайғы шексе де, алған мақсаттарынан таймай, сол жолда басын бәйгеге тіккен асылдар еді ғой...! Қазір де кісілігі мен кішілігін сақтап жүргендер жетерлік. Бірақ олар жарқылдап жұрт көзіне түсе бермейді.
Бірде журналист Анар Төлеуханның мақаласынан өткен ғасырдағы аумалы-төкпелі кезеңде елде болған бір оқиғаны оқып, таңғалдым. «1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінен кейін ақтардың қолынан 17 большевик қаза табады. Сол жолы Хәкімбек Токинді ұстап берген адам кейін қолға түсіп анықталғанда, Хәкімбектің інісіне: «Мына ағаңды ұстап берген құныкердің жазасын өзің айт» деп Торғай ақсақалдары ерік бергенде, кейін Төкенің Қамбары деп ел сыйлаған ақсақал, сол кездегі жас жігіт Қамбар:
«Бұл кісіге аға керек болмаған соң ұстап берген шығар, ал маған аға керек» дегенінде, үкім естиміз деп іштен тынып отырған жұрт: «Аруақ, Аруақ» деп жылап қоя беріпті» дейді. Осындайда туған ағасын өлімге қиған адамға кеңшілік жасаған Қамбардың кісілігіне сүйсінесіз!
Ал сіздің кісілігіңіз қандай?!