Аймақтар • 15 Наурыз, 2022

Саламатты өмір салтқа айналған

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жастар арасында спортты насихаттаудың маңызы зор. Денсаулығы мықты ұрпақ болашақтың іргетасын бекемдейді. Шоқ жұлдыздай шағын ғана бірлігі жарасқан Бірлік ауылының тұрғындарының бүгінгі тіршілігі өзгеге өнеге боларлық.

Саламатты өмір салтқа айналған

Ауыл спортзалы атшаптырым жерден көзге ілігеді екен. Тұрғындардың айтуына қа­рағанда, еңселі ғимараттың іші бір босаған емес. Таң ­сәрі­ден жүзден аса адам ке­ліп әрқилы жаттығу өткізеді. Дәт­ке қуаты, көңілің қалаған спортпен айналысуға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Футбол, баскетбол және волейбол алаңдары мұнтаздай тап-таза, жаңа заманның талабына сай жасақталған.

– Спортзалда ұлттық спорт түрлерімен айналысуға бар мүмкіндік тудырылып отыр, – дейді ауыл округінің жас­­­тар ісі жөніндегі маманы Иб­ра­гим Ыбаев, – балалармен арнайы жаттықтырушы жұ­мыс істейді. Жастар арасында ұлт­тық спорт түрлерін мең­­ге­руге деген ықылас та зор. Үз­­­бей дайындалғаннан кейін аудан­дық, облыстық жарыс­тар­­да жүлдесіз қалған кезіміз жоқ.

Осыдан үш жыл бұрын ша­ғын орталық ашылыпты. Бір кезде қараусыз қалған ғимарат екен. Қазір құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, бақытты балалық мекені. Осы бір мы­салдан-ақ кейбір ауылдарда бос тұрған ғимараттарды игілікке айналдыруға болатын­дығына көзіміз жетті. Тек ел қамын жеген ниет болсын деңіз. Әйтпесе, өңірдегі кез келген елді мекенде заманында клуб үйі, спортзалы болған ғимараттардың қазір ешкімге керек болмай, босқа қаусап жатқандығын көз көріп жүр. Ал мұндағы балалар орталығындағы атшаптырым бөлмелер, балалардың ойын және жатын орындары тап-тұйнақтай. Өзге де барлық жағдай туғызылған. Тіпті облыс орталығындағы осы тектес мекемелерден сынық сүйем кемдігі жоқ.

– Балабақшаға 15 бала ке­леді. Тәлім-тәрбие жұмыс­тары бар­лық талапқа сай, балалар ор­талығының тәрбиешісі Таиса Модарбиева, бір айта ке­тер­лігі, үлкендерден көрген өне­гесі болар, кішкентай балалар да спорт десе жанып тұ­рады.

Осындай өнегелі өріс қа­лыптасқан ауылдың ты­ныс-тіршілігі көрген көзді қуан­тар­лық. Жақсы істер жарасымды қалыппен дамып жатса, тұтас аймақтың ажары кіріп қалар еді-ау.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы