Қаңтар оқиғасына дейін де, одан кейін де біздерді ойландырған жайт мұқтаждарға материалдық көмек көрсетуге бағытталған іс-әрекет мәселесі болмақ. Бұл Қазақстанды айтпағанның өзінде әлемдегі дамыған алпауыт елдердің өзін алаңдатып отырған өзекті жағдаят. Ол – ізгілікке негізделген қайырымдылық немесе мейірімділік іс-шаралары.
Қайырымдылық – көмекті қажет етушілерге (адам және барлық тіршілік иелеріне) білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты көмек. Ол кісінің айналасындағы адамдарға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Оны әлемдік ғылымда кең ұғымда «филантропия», ал бізде «меценаттық», қарапайым тілде «қайырымдылық» деп аталады. Ал енді оның анықтамасын ғылыми әдебиеттерде «филантропия – мұқтаж тұлғаларға (жеке тұлғалар, ұйымдар мемлекеттік институттарға, мемлекеттерге) материалдық көмек көрсетуге бағытталған іс-әрекет», деп көрсетеді. Онымен қаржылық мүмкіндіктері бар бай адамдар айналысады. Әдетте әлемнің ең бай адамдарының әл ауқатын АҚШ долларымен есептеп, Forbes қаржылық журналы жариялап тұрады. Мәлімет бойынша 2001 жылы әлемде 564 миллиардер болса, 2019 жылы олардың саны 2153-ке жетті. Cолардың қатарына қазақстандық азаматтар да кіреді. 2019 жылғы мәлімет бойынша біздің елдің бес адамы ең бай адамдар тізімінде болды.
Бүгінгі таңда қазақстандық қоғамда аталған ұғым көпшілікке «меценат» ретінде кеңірек танылған. Бірақ филантроптар мен меценаттардың ұқсастығымен қатар айырмашылықтары да бар. Ол басқа тақырып, дегенмен қысқаша айта кетейік. Біздің ойымызша меценат өнер адамдарына қамқорлық жасайды, ал филантроп – жалпылама ұғым, ол мұқтаж жандарға қызмет саласына қарамастан көмегін аямайды.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», деген мақалдың астарында жатқан ой Тәуелсіздіктің 30 жылында билік басындағы және соның маңайына топтасқан гибридтенген бизнес-элитаға, Президент ашық айтқан 162 адамның қаперіне кірмесе керек. Бұдан олар тіпті қайырымдылық жасамады деген ой туындап қалмауы керек. Әрине, жасады, бірақ мәселе ол қандай дәрежеде атқарылғанында. «Қазақстандық меценаттардың жұмыс істеу ерекшеліктері қандай?» әңгіме осыған байланысты. Анықтама бойынша «Меценат – өзінің жеке қаражатынан ғылым, өнер, білімнің дамуына ерікті түрде қайтарымсыз материалдық көмек беретін тұлға» (бұл атау император Август тұсындағы ақындар мен суретшілердің, өнердің қолдаушысы, яғни демеушісі болған ежелгі этруск отбасынан шыққан Гай Цильниус Меценас (Мекенат; лат. Gaius Cilnius Maecenas) атты римдіктің атымен байланысты). Бірақ жоғарыдағы анықтамаға сай біздің елде жұмыс істеуге мүмкіндік бар ма?
Елімізде 2015 жылғы 16 қарашада «Қайырымдылық туралы» заң да қабылданды. Онда демеуші, демеушілік қызмет, ерікті қайырмалдықтар, қайырымдылық гранты, қайырымдылық волонтері, меценат, меценаттық қызмет, нысаналы капитал (эндаумент), филантроп, филантропиялық қызмет сияқты терминдерге анықтамалар да берілді. Біздегі қайырымдылықтың басты белгілері төмендегідей:
Біріншіден, қолында билік пен қатар байлық қатар топтасқан қазақстандық алпауыттардың қайырымдылығы алпыс айлалы саясатқа негізделді. Ал бұл саясаттың басты мақсаты – халықтың сүйіспеншілігін жаулап алу болып табылатыны белгілі. Ол туралы көптеген моральдық шығарманың авторы, француз жазушысы Франсуа VI де Ларошфуко ХVIII ғасырда-ақ айтқан болатын. Дегенмен жоғарыда қабылданған заң формальді түрде қолданылып, әсіресе қазақстандық бизнес-элита үшін салықтан жалтарудың заңдастырылған даңғыл жолына айналды. Оған дәлел ретінде көптеген мысал келтіруге болады.
Екіншіден, «Миссиямыз – талантты жастарға көмек көрсету, қоғамдық маңызды әлеуметтік жобаларды қолдау арқылы қоғамның шексіз әлеуетін дамыту. Ғылым және өнер жолындағы талантты жастарды қолдау үшін жан-жақты қолайлы жағдай жасауға тырысу», деген ұранмен жұмыс істеген ірі қорлардан бастап саны мен сапасы сәйкес келмейтін көзбояушылыққа негізделген қорлар шындығында қарапайым халықтан алыс болды. Бұл қорлардың ең басты миссиясы өз байлықтарын қайткен күнде сақтап қана қоймай, оны еселеп көбейтуге негізделгендей.
Үшіншіден, соңғы жылдары азаматтық қоғамда «Қайырымдылықты көбіне Алла жолында жүргендер жасауға тиіс» деген теріс ұғымдар қалыптасты. Қазақстанда қайырымдылық қадірлі іс екені тек мешіттер мен шіркеулерде айтылатын уағыз ретінде қабылданды. Жалпы, мемлекеттік саясатта осыған тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді.
Қайырымдылық жеке тұлғаның бойындағы ең жағымды қасиеттердің бірі болып есептеледі. Ондай адам үшін рухани құндылықтар материалдық құндылықтардан жоғары тұрады. Олар өзінің жанашырлығымен және таза ниетімен ерекшеленіп, мұқтаж адамдардың қажеттіліктеріне немқұрайды қарамай, оларға барынша көмек көрсетуге тырысады. Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, қолы ашық, жомарт азаматтардың саны азайып келеді, адамдар кез келген жағдайда, бірінші кезекте өз пайдаларын ойлап тұрады.
Ашкөздік пен сараңдықтан алыс болып аулақ жүрмесек, игі істер жасамасақ, адамдық кейпімізді жоғалтып алу қаупі бар. Жомарттық қасиеті бар қайырымды тұлғаларды ұнатпайтын адам кемде-кем. Ондай тұлғалар адамдармен тек материалдық құндылықтарымен ғана емес, сонымен бірге рухани байлығымен де бөліседі. Қайырымды адам жақсы істерді көпшіліктің алғысын алу үшін емес, ол мұқтаждарды кішкене болса да бақытты ету ниетімен жасайды. Ол – қолында тұрған зат өзіне қажет бола тұра, оны артық сөз айтпастан қиналмай басқаға бере алатын тұлға. Біз осындай керемет жандарды үлгі тұтып, шын құрметтеуге тиіспіз. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жастар мейірімділік деген сөзді сирек естиді және мағынасын толық түсінбейді. Ол мемлекеттік дәрежеде өзекті деп қарастырылмаған. Біздің ойымызша, мейірімділік дегеніміз – қиын жағдайға тап болған адамға шын жүректен қолдау көрсетіп, басқа адамның бақыты үшін өз уақытыңды, ақшаңды немесе денсаулығыңды құрбан ету. Жасөспірімдердің арасында қатыгез, өзімшіл және мақтаншақ балалардың саны артып барады. Үлкен адам сүрініп немесе құлап қалса, оны демеп, қолдаудың орнына, ұялы телефонның камерасына түсіру бірінші кезекте тұрады. Сондықтан ата-аналардан бастап балалардың тәрбиесіне, жалпы қоғамдық тәрбиеге мемлекет ерекше көңіл аударуы керек.
Ал қазақтың күнделікті жиі қолданылатын дана сөздерінің бірі: «Кең болсаң – кем болмайсың» деген нақылдың мәніне тереңірек үңілсек, онда адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық, мейірімділік қасиеттердің маңызды екені меңзеліп отыр. Яғни қарапайым адам үшін төрт құбыласы тең болудан артық бақыт жоқ дегенді білдіреді.
Ендеше, нақты мәселеге көшейік. Шындығында, ол біз ашып отырған жаңалық емес, бірақ өмір көрсетіп отырғандай әлемдегі ең бай филантроптардың жіберетін 5 қателігінің Қазақстанда да толық қайталануы биылғы қаңтар оқиғасының негізгі себебінің бірі деп ойлаймын. Бүкіл әлемде әлеуметтік кәсіпкерлікпен және қайырымдылықпен айналысатын бизнесмендердің саны күн санап артқанымен, жаңадан бастағандардың барлығы дерлік бірдей қателіктерді қайталап, ал олардың аздаған бөліктері ғана сәтсіздіктерге төтеп беріп, қателіктерге бой алдырмай, одан аулақ бола алады. Филантропиялық стратегияны жасаудың шебері және осы мәселе жөніндегі Forbes журналының кеңесшісі Крис Патнэм-Уокерлидің филантроптар мен жеке қор құрылтайшылары жіберетін ең басты қателіктерге тоқталайық.
№1 қателік: немқұрайды көзқарас
Өзіңіздің қорыңызды ашып, команда жинап, анда-санда іште болып жатқан жағдайларды бақылап отыру жеткілікті және сізді қазірдің өзінде меценат деп атауға болады деген кең таралған миф бар. Бай адамдар қайырымдылықпен айналыса бастағанда, неге екені белгісіз, бұл бизнес сияқты ауыр жұмыс емес деп ойлайды. Немесе олар табысты бизнес құрғандықтан, олар жетімдік немесе үйсіздік мәселелерін қалай шешуге болатынын жақсы біледі. Бизнесте әркімнің стратегиясы бар, адамдар үнемі жаңа нәрселерді үйренеді, кеңес береді, форумдарға барады, зерттеулерге тапсырыс береді, ал қайырымдылық қорына келгенде, олар өз бетімен өмір сүре алады деп ойлайды. Табысты және тиімді филантроп болу үшін дамумен айналысу керек. Өзіңізді филантроп ретінде инвестициялау, қызметкерлерге, жұмыс істеп тұрған қамқоршылар кеңесін құруға, инфрақұрылымға, стратегияны қалыптастыруға инвестиция салу маңызды, барлығы уақыт пен ақшаны талап етеді.
№2 қателік: жабықтық
Қайырымдылықтың дамуына қорқыныштың көптеген түрі үлкен кедергі жасайды. Сіздің атыңызға айтылған сынды есту, қайырымдылықпен айналысып жатқаныңызды мойындау, ақшаңыз туралы айту. Барлығы жомарт адамдар ретінде көрінгісі келеді және сыннан қатты қорқады, сондықтан көптеген меценат өздерінің қорларын жария етпей, өздерінің ұяшығында отыруды жөн көреді. Бірақ, өкінішке қарай, тиімді филантропияны осылайша үйрену мүмкін емес. Егер сіз ешкіммен араласпасаңыз, ұйым дамуын тоқтатады.
№3 қателік: жауапсыздық
Үлкен байлық – үлкен жауапкершілік. Ірі капитал иелері ақшаның зиянды болуы мүмкін екенін түсінбейді және көмек әрқашан олар ұсынған нысанда пайдалы бола бермейді. Біз адамдардың ұзақмерзімді қажеттілігін қарастыруымыз керек. Көмек көрсетудің салдары және ақшаның нақты не істей алатыны туралы ойланбасқа болмайды. АҚШ-тағы ірі донор аурухананың жанынан испандық қауымдастық үшін аурухана салды, ол да испандықтарға көмектесті. Соның салдарынан біраз жылдан кейін сұраныс болмағандықтан, жабуға мәжбүр болды. Көбінесе, адамдар қызметтерді, тұтынушылардың нақты білімі мен сауалнамасымен расталмаған жобаларды өз идеялары негізінде таңдайды.
№4 қателік: стратегияның болмауы
Адамдар қайда бара жатқанын білмеген кезде, ілгерілеу және даму принципі мүмкін емес. Көптеген филантроп барлығына бірден көмектескісі келеді және бір нәрсеге жұмылмайды, бірақ екінші жағдайда қор мен оның негізін қалаушының мақсаттары мен стратегиясы қандай екенін түсіну маңызды. Стратегияны құрастыру ешқашан кеш емес және алдағы 10 жылды жоспарлаудың қажеті жоқ. Дегенмен ұйымның екі-үш жыл ішінде қандай әлеуметтік нәтижеге қол жеткізгісі келетінін, құрылтайшының болашақта қандай қайырымдылық түрін жасағысы келетінін түсіну маңызды. Мұндай сұрақтарды екі-үш жыл сайын өзіңізге қойып, басымдықтарды белгілеп, бағдарламаларды ойластырып отыру маңызды.
№5 қателік: бюрократия
Көбінесе ірі ұйымдар нағыз бюрократиялық кеңселерге айналады. Олардың миссиясы мен стратегиялық жоспары бар, олар өте ұзақ уақыт шешім қабылдайды бірақ алға жылжымайды. Құрылтайшылардың келісімінсіз маңызды шешім қабылдай алмайтын қорлар бар және олардың уақыттары жоқ, қолдары тимейді, тым бос емес адамдар, сондықтан олармен байланысу үшін бірнеше ай қажет.
Бюрократия қор ашық болғысы келгенде де дамиды, бірақ сонымен бірге тым көп құжат жасайды. Бір қор кеңесші шақырмас бұрын сектор мамандарынан кемінде үш толық ұсыныс алуы керек. Бұл ашықтық үшін маңызды ма? Жоқ. Бұл сіздің және сарапшылардың уақытты босқа кетіруіне әкеледі.
Көбінесе құрылтайшылар күрделірек нәрселерді қарапайым етудің орнына, қарапайым нәрселерді қиындатып жібереді. Бір отбасылық қор қайырымдылық жоспарын жасап, қайырымдылыққа басымдық бермек болды дейік. Ал жоспар бойынша жұмыс екі жылға созылуы керек еді. Бүкіл отбасы жылына бір-ақ мәрте кездесіп, бір рет телефонмен сөйлесетін болып шықты. Олар бір жыл кеңесші іздеуді, ал екінші жылы жоспарды талқылауды жоспарлайды делік. Қазіргі әлем тым жылдам өзгеруде, сондықтан да өзгерістерге ілесу, үйрену, өзгерту маңызды.
Крис Патнэм-Уокерли айқындаған жалпыға ортақ немқұрайды көзқарас, жабықтық, жауапсыздық, стратегияның болмауы және бюрократия салдарынан болған бес қателікке қосымша біз көрсеткен қазақстандық бизнес-элитаның өзіне тән кемшіліктер салдарынан елімізде қаңтар қырғыны орын алды.
Жалпы, қорытындылай келе, Қазақстанның бүгінгі байлары қайырымдылықтың дәстүрлі тамырынан айырылып қалды. Тәуелсіздік алған жылдарда жаңа қалыптасқан билік төңірегіндегі жергілікті бизнес-элита олигополиялға айналғанымен, нағыз меценатқа немесе филантропқа айналып үлгермеді. Оны жоғары билік эшелонындағы адамдар да жоққа шығармайды.
Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың барлық тобының табысы экономиканың өсуімен қатар жүруі қажет екенін, бірақ бүгінгі ел жағдайында бұлай еместігін, тек олигархтар табысы ғана еселеп өсіп келгенін, еркін нарық шектеліп, өзіндік олигополия қалыптасқанын ашық айтты. Осыған байланысты елдің алдына «жаңа экономикалық тұғыр» қалыптастыруды қолға алып, заманауи әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құрып, дамытуды мақсат етіп қойды. Қазақстан азаматы ретінде әрқайсымыз қаңтар оқиғасынан сабақ ала отырып, тек қана бизнес-элитаға иек артпай-ақ, Президентімізді қолдап, бірлігімізді көрсетіп, ел дамуына өз үлесімізді қосқанымыз абзал.
Жомарт ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ,
саяси ғылымдар докторы,
Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі