Жұрт жүрегін елжіретіп, көңілін тебіренткен бұл кездесу Қарағандыдағы облыстық медициналық орталық өмірінде ұзаққа дейін ұмытыла қоймас, сірә. Осындағы бас-сүйек жарақаты бөлімшесінде емделуші сарбазды келген бетте құшақтап, гүл шоғына көмкерген жеті жасар жауқазынның шексіз алғыс сезімі лықсып төгілгенде, жанындағы қай-қайсысының жаны толқымай қалмады. Аяқ-қолы ақ дәкемен таңулы жауынгерге қарақат көздері жасаурап, жаутаңдай қараған бүлдіршін:
«Алтынбек ағатай, сізге үлкен рахмет! Әпкеммен бірге денсаулығыңызды білуге келдік. Тез сауығуыңызды тілейміз» дегенде, әуелде абдырап қалған жаралы жігіт күні кеше ғана өзі өлімнен арашалаған балапан қыз екенін аңғарып барып, жүзіне қуаныш үйіріле кеудесіне қысты. Кішкене Әлия да қуанып сала берді.
Сол күні алдында өмірлерінде естен кетпес күтпеген оқиға боларын екеуі қайдан білсін. ІІМ «Орталық» ішкі әскерлері өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451-әскери бөлімінде азаматтық борышын атқарып жүрген қатардағы жауынгер Алтынбек Қабылбеков серіктестері Нұрбек Сатыбалдиев, Дастан Құрақбаевпен қаладағы қоғамдық тәртіп және қауіпсіздікті қорғау бойынша кезекшілікке шыққан болатын. Түнгі сағат 11-дің кезінде көшелер қиылысының бірінде асығыс өтіп бара жатқан әйелдің кенеттен жанұшырған даусы естіледі. Қолынан жетектеген көкөрім жеткіншектің суырылып жолға жүгіріп шыққанын бірден байқаған Алтынбек ұстап қалуға алға ұмтылады. Өйткені, қарсы жақтан жоғары жылдамдықпен жеңіл көлік ағып келеді. Қағып кету қаупі бар. Тосын қатерден еш қаперсіз бүлдіршін қыз соңынан ойланбастан шапшаң қимылмен қуып жетіп, машина астына түсіп қалуынан ысырып жіберіп үлгереді. Алайда, амалы не, өзі қағылады. Аяқ-қол сүйектері сынып, ауыр жарақаттанған оны көмекке жеткен серіктестері дереу дәрігерге жеткізеді.
Осы оқиға көз алдында өткен, сіңлісі өмірі үшін опат бола жаздаған бейтаныс азаматтың ерлігін Әлияның әпкесі Әйгерім Сүлейменова мәлім еткен хабар қарағандылықтарды таңдай қақтырып, ерекше сүйсіндірген еді. Құтқарушының сарбаз екенін білген ол « Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, полковник Талапкер Әмриев атына хат жолдап, Алтынбек Қабылбековке алғысын білдірген болатын. Ауруханада емделуде екені құлақтарына жеткенде жанынан табылуға тағат таппапты Әлия мен туыстары. Жауынгер кеудесіне «Ішкі әскерлерге-20 жыл» мерекелік, «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісі тағылып, сондай-ақ, мемлекеттік марапаттауға ұсынылуын қуана қолдап, осындай ер мінезді ұлан тәрбиелеген алыстағы ата-анасына ризалықтарын жаудырды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.