Халыққа пайдалы игілікті істердің басы-қасында қашанда қариялардың жүруі, әрине, қуантарлық жайт. Қандай да бір істі бастар алдында аузы дуалы, сөзі өтімді ақсақалдардың батасын алу – әр қазаққа тән қасиет. Сонда тірлік – тиянақты, еңбек – жемісті, іс нәтижелі болады. Қазір ардагерлер ұйымдарында осы жақсы дәстүр жалғасын тауып жатыр.
Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ашылған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы Серік Балабековтің белсенділігінің арқасында бірқатар игі іс асқарып отыр. Орталыққа тұрғындардың бұрын пайдаланған бұйымдары мен жаңалары да қабылданып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға тегін таратылады. Таратуға қабылданатын заттардың ішінде киім-кешек, құрал-сайман, тұрмыстық техника, жиһаз, түрлі төсеніштер, ыдыс-аяқ, тіпті ойыншықтар да бар.
Серік Балабековтің қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі мен іс-тәжірибесі өзгелерге үлгі етуге, насихаттауға лайық. Оның бітімгершілігінің арқасында талай шаңырақтың шайқалмауына, сыйластыққа сызат түспеуіне, даулы мәселелердің оңды шешілуіне қол жеткізілді. Олай болса, ардагер ағаның ардагерлер ұйымындағы белсенді қызметі де ескерусіз емес. Ол – «Жамбыл облысының құрметті ардагері» төсбелгісінің иегері. Президенттік сайлауларда сенім білдірілген адам. Парламенттік, облыстық және аудандық мәслихаттар сайлауларында комиссия мүшесі болғаны үшін республикалық билік партиясының Алғыс хатымен, партия облыстық филиалының Мақтау қағазымен марапатталған. Сондай-ақ еңбегі III дәрежелі «Үздік медиатор» дипломымен атап өтілген.
Төле НАРЖАНОВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы