Әлемнің үздік сахналарында 30 жылдан аса уақыт қойылып жүрген бұл туынды – балетмейстердің «Қара және ақ» атты балетінің бір бөлімі. Оны елордалық театрда дарынды хореограф Стефан Жеромски сахналайды. Академиялық балеттен бөлек, өзгеше стилін қалыптастырған танымал чех хореографының қойылымы астаналық театрда алғаш рет ұсынылып отыр.
− Иржи Килианның шығармашылығымен таныстығым нақ осы туындыдан басталып еді. Бұл балетті алғаш көргенімде төбем көкке жеткендей ерекше күй кештім. Осы тектес дүние жасауға болады-ау деген, үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Оның балетінде билеу − әр бишінің арманы. Көп ұзамай қазақстандық көрерменнің театрымыздың дарынды әртістерінің орындауында осы спектакльді тамашалай алатыны, шынымды айтсам, мені қуантады, − дейді «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Иржи Килиан хореографиясы мен Стивен Райхтың айрықша композициясының әсем үндестігінен сегіз балеринаның ғажайып биі пайда болған. Ал хореографтың өзі: «Бұл − біздің мамандық туралы балет» дейді. Бір айтарлығы, бұл туынды − ғажайып музыкалық әуездігімен, монохромдық эстетикасымен және бидің әлемдік деңгейімен ерекшеленеді. Килианның балеті – сан түрлі сезімдердің бұлқынысы іспетті: сезімтал әрі тамаша би пластикасы өн бойыңызды баурап әкетеді.
Кештің екінші бөлімінде көрерменге бекзат өнер ордасының былтырғы ерекше премьерасы – «Тағдыр бұлтарыстары» тарту етіледі. Балеттің музыкасы мен либреттосын танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карина Абдуллина жазған. Хореограф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Балет» театрының бас балетмейстері Мукарам Авахри.
Айта кетейік, мәдени іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.