Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша көмекшісі Ниша Десаи Бисвалмен оның Қазақстанға сапары аясында кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен АҚШ Президенті Б.Обаманың Ядролық қауіпсіздік саммиті шеңберінде (Гаага, 24-25 наурыз) өткізген келіссөздерінің қорытындыларын талқыға салып, Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын қарастырды. Тараптар екі елдің сыртқы саясат ведомстволары басшылары Е.Ыдырысов пен Дж.Керри тең төрағалық ететін Стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссияның жұмысын қанағаттана атап өтті.
Сауда және инвестиция саласы келіссөздердің маңызды тақырыбына айналды. Е.Ыдырысов біздің мемлекетіміздің америкалық компаниялардың Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарламасына белсенді қатысуына мүдделі деген Елбасы сөзін қаперге салды. Сонымен қатар, ол америкалық компанияларды ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырды.
1993 жылдан бері қазақстандық экономикаға құйылған америкалық инвестицияның көлемі 25 млрд. АҚШ долларын құрады. Біздің елімізде экономиканың негізгі секторларында 300-ден аса бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. 2013 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2,75 млрд. АҚШ долларын құрап, 2012 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 9%-ға артты.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестікті әрі қарай кеңейту мен тереңдету қажеттілігі туралы өзара түсіністікке келді. Сондай-ақ, Н.Бисвалдың Астанада Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сөз сөйлеуі жоспарланған.
Америкалық дипломаттың сапары бүгін Алматыда жалғасатын болады.
«Егемен-ақпарат».