Афинада Қазақстанның елшілігі Еуропалық және сыртқы саясат жөніндегі грек қорымен және Жоғары философия мектебімен бірлесіп, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың грек тіліне аударылған «G-global: XXI ғасыр әлемі» кітабының тұсаукесеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Аталған іс-шараға Грекияда тіркелген дипломатиялық корпустың мүшелері, ғылыми-зерттеу топтары, БАҚ өкілдері, сондай-ақ, аталған оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы мен тыңдаушылары қатысты. Дөңгелек үстелге жиналғандар қазақстандық «G-global» бастамасымен танысып, кітапта атап көрсетілген «эволюция және саясаттағы революциялық өзгерістерден бас тарту», «әділеттілік, тепе-теңдік, консенсус», «жаһандық төзімділік пен сенімділік», «жаһандық транспаренттілік», «конструктивті көпполярлылық» деп аталған бес қағидат туралы хабардар етілді.
Дөңгелек үстел жиыны барысында қатысушылар Қазақстанда өтетін ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесі, Астана экономикалық форумы, «АТОМ» жобасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты халықаралық бастамаларымен де таныстырылды.
Философия докторы, Крит технологиялық университетінің профессоры Д.Пателис «G-global: XXI ғасыр әлемі» кітабында мазмұндалған идеяларға қызығушылық білдіріп, Қазақстанның демократиялық өзгерістері екпінін және әлеуметтік-экономикалық дамуының серпінділігін атап өтті.
Дөңгелек үстел шеңберінде аудитория назарына «Welcome to Kazakhstan» бейнефильмінің көрсетілімі ұсынылды.
«Егемен-ақпарат».