Өндіріс жанашыры, жаны жайсаң жан Станислав Качалоның есімі Орал өңіріне кеңінен танымал. Білікті басшы біраз жылдардан бері басқаратын жүз жылдық тарихы бар «КазАрмаПром» ЖШС облыс экономикасының дамуына қомақты үлес қосып келеді.
Аталған зауыт ұжымы әр жыл сайын экспортқа 3 миллиард теңгеге жуық өнеркәсіп өнімдерін шығарады. Мұнда республиканың байырғы тұрғындарымен қатар, орыстар мен украиндар, белорустар мен поляктар, мордвалар мен немістер, осетиндер мен әзербайжандар секілді әртүрлі этнос өкілдері тізе қосып еңбек етуде. Зауытта қалыптасқан жайлы, оң моральдық-психологиялық ахуал, ұжым мүшелерінің ауызбіршілігі өндірістің өркендеуіне тікелей ықпал жасауда. «ҚазАрмаПром» ЖШС-нің бас директоры Станислав КАЧАЛОМЕН әңгіме осындай бағытта өрбіді.
– Станислав Павлович, сіз басқаратын таза өндірістік ұжымда қоғамдық келісім жөніндегі кеңес құрылған екен, осы жаңаша қоғамдық құрылымның атқаратын қызметі мен басты мақсаты туралы айтып берсеңіз.
– Мұндай кеңесті құруға қозғау салған Қазақстан халқы Ассамблеясының өткен жылы өткізілген сессиясында алынған шешім. Мұндағы басты мақсат – ұжым мүшелерінің күш-жігерін жарқын жетістіктер мен ілкімді істерге жұмылдыру. Сондай-ақ, зауыттың әр қызметшісі өндіріс жаңашылы бола білуі тиіс. Кеңес серіктестіктің бірыңғай өршіл рухын қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар, өзара сенім мен құрмет негізінде ұжымда жылы шырайлы қарым-қатынастарды берік орнықтыруды қарастырады. Әрине, мұндағы түпкі мақсат – қазақстандық патриотизмді нығайту мен тереңдету. Сонымен бірге, жұмыс орнының мәртебесі мен бәсін көтеру.
– Өздеріңізде құрылған қоғамдық келісім кеңесінің алғашқы басқосуына өзек болған мәселелер қандай?
– Үлкен ұжымдағы жайлы моральдық ахуалды одан әрі тереңдетуге қатысты мәселелер талқыланды. Кәсіпорындағы корпоративтік рух пен белсенділікті одан әрі көтеруге бағытталған іс-шаралар да кеңестің алғашқы отырысына желі болып тартылды. Бұл арада тағы бір айтайын дегенім, зауыт ұжымы жыл сайын жас мамандармен толыға түсуде. Сондықтан да біздер үшін олардың бойына ұжымшылдық пен корпоративтік рухты сіңіре білудің орны ерекше. Егер еліміздегі біз секілді әрбір өндірістік кәсіпорыннан басталған жауапкершілік пен өршілдік ауаны тұтастай отаншылдық пен мемлекеттілікті құрметтеу сезіміне ұласып жатса, алға қойған мақсатымыздың орындалғаны.
Ал тағы да өз зауытымыз жөніндегі әңгімеге оралсақ, бізде жұмысшы қызметкерлердің отбасылық әулеттерін асқақтату дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Осы арқылы біз тұтастай қазақстандық қоғамдағы ұрпақтар сабақтастығы делінетін үлкен гуманистік парыздың атқарылуына өз үлесімізді қосып отырмыз деп санаймыз. Кез келген істің нәтижесі ұжымдағы өзара түсіністік пен ауызбіршілікке байланысты. Егер біздің қоғамдағы әр ұжым мүшесі өз еңбегінің өтеуі арқылы өзінің жеке өміріне де қажетті алғышарттарды шеше алатынын толық сезінсе, біздің әлемдегі озық 30 елдің қатарына соғұрлым ертерек жетеріміз кәміл.
– Станислав Павлович, егер бүгінгі тақырып аясынан сәл ауытқып кетіп жатсақ, айып етпессіз. Мен сіздің үш балаңыз бар екенін білемін. Олардың бәрі де қазақ мектебінде оқып жүргені, домбырада жақсы ойнайтыны да белгілі...
– Айтайын деген ойыңызды түсіндім. Әрбір ата-ана өз перзенттерінің болашағын өз елінің даму перспективасымен байланыстыратыны анық. Біздің бүгінгі жағдайымызда бұл «Қазақстан-2050» Стратегиясы болып табылады. Біз біртұтас ел, біртұтас халық емеспіз бе? Ендеше, біздің болашағымыз да ортақ. Бәріміздің тағдырымыз ортақ Отанымыз – Қазақстанмен тікелей байланысты. Айталық, мен өз басым бауырмал қазақ халқының аса бай халықтық салт-дәстүрі мен тарихын, көркем тілін бала жасымнан бойыма сіңіріп өсе алмадым. Осы олқылығымды өз кіндігімнен тараған балаларым толықтыруын қалайтынмын. Сол мақсатыма жетіп келемін деген ойдамын. Осы уақытқа дейін тағы бір көңіліме түйген мәселе – қазақ тілін білмей тұрып, осынау мәрт халықтың өршіл рухы мен терең мәдениетін түйсіну тіпті де мүмкін емес.
Қазақ халқының бойындағы осындай ұлттық құндылықтарды біздің көп этностан құралған зауыт ұжымының әр мүшесі де жоғары бағалай алады. Республиканың төл тұрғындарына деген құрмет пен сыйластықтың арқасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да өндірісті құлатпай алып қала білдік деп санаймын. Ал кейінгі кезде «ҚазАрмаПром» өнімдері өзінің бәсекеге қабілеттілігімен ерекшелене бастады. Бұл сөзіме дәлел ретінде таяу және алыс шетелдерден зауыт өнімдеріне сұраныстардың жиі түсіп тұратынын айтуға болады.
Бір сөзбен айтқанда, соңғы кезде еліміз дамудың жаңа белестеріне көтеріліп келеді. Бұл кезең Елбасымыз алдымызға мақсат етіп қойып отырған әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарынан орын алу міндетінің іске аса бастауының алғашқы көрінісі болмақ. Біз қазіргі жетістіктерді анық сезіне түсудеміз. Ең бастысы, кейінгі ұрпақтарымыздың болашағы жарқын, ертеңі нұрлы деп ой түюге болады. Мұның өзі бізді жаңа табыстарға жігерлендіре түседі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.