02 Сәуір, 2014

Өңірлердің дамуы басты назарда

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERG (Eurasian Resources Group) компаниясы Қазақстанның төрт облысының әлеуметтік дамуын қаржылық жағынан қолдау жөнінде 2014 жылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін жергілікті әкімдіктермен арнайы меморандумдар жасасты. Бұл меморандумдарға ERG Luxembourg компаниясының бас атқарушы директоры Бенедикт Соботка мен Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Қостанай облысының әкімі Нұралы Садуақасов, Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев қол қойды. Осылайша компания ағымдағы жылы Ақтөбе облысына 800 млн. теңге, Қостанай облысына 830 млн. теңге, Павлодар облысына 2,3 млрд. теңге және Қарағанды облысына 600 млн. теңге көлемінде қаржы бөлетін болды. Меморандум бойынша төрт өңірдің әлеуметтік саласында жүзеге асырылатын жобалардың жалпы құны 4,5 млрд. теңгені құрайды. Қаржыландыру еліміздің тау-кен және металлургия саласындағы алып кәсіпорындар саналатын «Казхром» ТҰК» АҚ, «Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігі» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» АҚ, «Жәйрем КБК» АҚ және «Шұбаркөл көмір» АҚ арқылы жүргізіледі. Бөлінген қаражатқа өңірлердегі экономика, инфрақұрылым, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт саласындағы аса маңызды ірі жобалар жүзеге асырылатын болады. Мемо­рандум аясында Қостанай облысында Арқалық қаласын абаттандыру, облыс­тық медициналық және білім беру мекемелеріне көмек көрсету, Қызылжар кентіндегі Киров мектебін қайта жөндеу, Рудный қаласындағы перзентханаға құрал-жабдықтар сатып алу, Новотроицк ауылында Мәдениет үйін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Компанияның Павлодар облы­сындағы спорт пен денешынықтыру саласын дамыту мақсатындағы қадамдарын ерекше атап өткен жөн. ERG 800 млн.-нан астам теңгені өңірдегі футболдың дамуына бағыттады. Қаражат командалардың турнирлер мен жарыстарға қатысуына, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге жұмсалады. Павлодар қаласы мен Мойылды кентінде балабақша үшін екі ғамарат сатып алы­нады. Михаил Катаев атындағы Оқушылар сарайының оқу кабинеттеріне арнап жиһаз бен құрал-жабдық сатып алуға, өңірлік «Ертіс дарыны» ғылыми-тәжірибелік орталығына, облыстық «Жас дәурен» оқу-сауықтыру орталығына, дарынды балаларға арналған «Жас дарын» мектебіне демеушілік көмек көрсетіледі. Қарағанды облысы бойынша меморандум аясында 135 млн. теңге Қарқаралы қаласындағы мүгедектерді сауықтыру орталығында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалады. 50 млн. теңге осы орталыққа арнайы құрал-жабдықтар сатып алуға бағытталады. Байтуған, Майоров, Изенді, Щербаков, Шұбаркөл кенттерінде бұқаралық спорт нысандары пайдалануға беріледі. «Бүгін Еуразиялық топ өңір­лер­дің әлеуметтік мәселелерін ше­шудегі белсенді қадамдарын тағы бір рет дәлелдеді. Барлық жобалар әкім­дік­термен бірлесе белгіленіп отыр. Бұл жобаларда қарастырылған нысан­дардың бәрі өңір тұрғындарына өте қажет. ERG компаниясы Қазақстан ком­панияларының арасында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі өзінің міндеттерін алдағы уақытта да абыроймен орындайтын болады», деп атап өтті қол қою рәсімдеріне қатысқан ERG компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич. «Егемен-ақпарат».