Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
2021 жылдың қорытындысы бойынша импорт үлесі 7 пайызға өсті. Осы саланың мамандары 2022 жылдың соңында бұл көрсеткіш бірнеше есе төмендеп, импорт кәмпиттерге тәуелділігіміз еселеп артуы әбден мүмкін деген пікірде. Сарапшылар 2015 жылы рубль бағасы үш теңге болған кезде біздің нарық Ресей импортының қысымында қалғанын айтады. 2016 жылы жағдай өзгеріп, ресейлік тәттінің үлесі 55 пайыздан 45 пайызға дейін төмендеген.
Ресей тауарлары импорттың жалпы көлемі бойынша алда тұр. Мұның себебін Қазақстанның кондитерлер қауымдастығының президенті Әлихан Талғатбектен сұрадық. Оның айтуынша, 2021 жыл кондитер индустриясы үшін ауыр жыл болды. Ресейден импортталатын шикізаттың бағасы өсті. Бұрын қанттың килосын 140 теңгеден импорттасақ, қазіргі баға – 300 теңге. Кәмпитті майсыз, ұнсыз дайындау мүмкін емес. Екеуінің де бағасы екі есе шарықтаған.
Ішкі нарықта жекелеген өнім түрлеріне баға 10-15 пайызға көтерілді. Бірақ бағаны осы деңгейде де ұстап тұруға мүмкіндік аз. Басты бәсекелесіміз Ресей кәмпит дайындауға керек шикізаттың бәрін өзінде өңдейді, өздері қалаған бағада өткізеді. «Кедендік одақ құрылғанға дейін ішкі нарықтағы кәмпиттің 85 пайызы Украинадан келетін. Содан кейінгі жағдай Ресейдің пайдасына өзгерді. Қазір тәттінің 85 пайызы – Ресейден, 10 пайызы – Украинадан және 5 пайызы Германия, Түркия, Қытайдан келеді. Бұл қатарға соңғы жылдары өзбек кондитерлері қосылды. Үкімет өзбек кондитерлерінің біздің нарыққа әсерін есептеп үлгере алмай жатыр», дейді Ә.Талғатбек.
Қазақ кәмпитке ас деп қарамайды. Дегенмен де қазір дастарқанда бір уыс тәтті тұрмаса, іштей қорсынып қалатынымыз рас. Статистикалық деректерде біздің кәмпит сатып алуға жұмсаған шығынымыз нанға жұмсаған қаржыдан үш есе көп екені айтылады. Демек сол қаржының үштен бірі көршілердің нарығын дамытуға кетіп жатыр.
Айталық, бізде ірілі-ұсақты 20 кондитердік зауыт болса, соның ішінде экспортқа мүмкіндік алғандары – 4. Өзбекстанда – 587, Ресейде 641 зауыт бар. «Алдағы уақытта қазақ нарығы үшін бәсеке Өзбекстан мен Ресей арасында өтуі әбден мүмкін» деген сарапшылардың пікірін қаперге алатын кез келді. Елдегі кондитерлер қауымдастығы 2019 жылы жеті жылдық даму бағдарламасын әзірлеп, Үкіметтің қарауына ұсынған болатын.
«Ішкі нарықты импорт тауарлардан қорғану шаралары туралы» заңы сырттан келіп жатқан өнімдер отандық өндіріске қандай да бір шығын әкелсе, қорғану шараларына жүгінуге, қажет болса Үкімет атына ұсыныс беруге мүмкіндік береді. Бірақ Үкімет кондитерлер ұсынған құжаттың мерзімін де, ҚҚС салығының 70 пайыздық жеңілдік демалысын да үш жылмен шектеп тастапты.
Кәмпиттің анасы – қант, атасы – сүт
Сарапшылар атап өткендей, 2022 жылдан кейінгі жағдайдың не болатынын болжау мүмкін болмай қалды. Салаға ықыласы ауған кейбір инвесторлар аз мөлшерде болса да қаржы салып, маркетингтік стратегиясын, баға саясатының құрылымын түзіп қойды. Егер жоғарыда айтылған 70 пайыздық жеңілдік демалысы жыл соңында аяқталса, қаржылық, стратегиялық проблема сонда басталады.
«7 жылдық мүмкіндігіміз 1,5 жылға шегеріліп қалғанын көріп отырсыз. Оған біз кінәлі емеспіз. Енді жеңілдік демалысы тағы кемі 2 жылға созылса, өнімнің өзіндік құны 6,5 пайызға төмендейді. Кәмпиттің анасы – қант, атасы сүт екені белгілі. Өнімнің осы екі түріне сұраныс болса, ауыл шаруашылығы дамуына жанама түрде болса да әсерін тигізеді. Өндіріске түрлі тосаптар мен пектиндер қажет болғандықтан жеміс-көкөніс, ұн тарту, май, полиграфиялық өнеркәсіп және электр энергиясын өндіру дамиды», дейді Ә.Талғатбек.
Тәуелсіздіктің 30 жылы кәмпит нарығындағы ойыншылардың қатарына көп өзгеріс әкеле қойған жоқ. Нарықтағы алпауыттар – «Рахат», «Баян сұлу» және «Қарағанды кәмпиттері» фабрикалары КСРО жүйесінен бері келе жатқан «тіс қаққан» ойыншылар. Солардың ішінде «Қарағанды кәмпиті» бірер айдан бері жұмысын тоқтатты. 2000 жылдардың алғашқы жартысында Ақтөбедегі кондитер өнімдерін шығаратын кәсіпорын Ресеймен шекаралас болғандықтан украиндық импортпен бетпе-бет қалып, қазақ жеріне төнген импорт дауылына қалқан болды. Кейінірек оның технологиясын Қарағандыға көшірді. Қарағандыдағы кондитер фабрикасы өнімдеріне кезінде сұраныс жоғары болғанын көпшілік әлі айтады.
Дегенмен, әлемнің жетпіс еліне тәттісін тонналап жіберген «Қарағанды кәмпиттерінің» өнімдерін қазір дүкен сөрелерінен таппайсыз. Атақты фабриканың қайта аяғынан тұрып кетері белгісіз. Белгілісі, оның 90 пайыз акциясы 2013 жылы шетелдік инвесторларға сатылды, содан кейін ұлттық инвесторлардың қолына өтті. 2021 жылы 26,7 млрд теңгеге бағаланатын шоколад фабрикасын жаңғырту жоспарланғаны, 2024 жылы іске қосылатыны туралы сыбыс шықты. Қазір ішкі нарықтағы отандық өнімдердің 85 пайызы 4 ірі компанияның үлесінде. Сарапшы айтып өткендей, орташа алғанда отандық өнім көлемі 183 мың тонна болса, оның 156 мың тоннасын 4 ірі өндіруші өндіріп отыр.
Проблема кеденнен басталады
Нарықтағы ең үлкен кедергі кеденнен басталады. Сырттан әкелінетін азық-түлік тауарларының сапасына тиісті бақылау жоқ. Ә.Талғатбек айтып өткендей, құрамында трансмайы шектен шығып кеткен өнімдер бізге көп келеді. Бұл импорт өнімдердің бағасын арзандатып, өтімділігін көтеріп жібереді. Сала өкілдері кедендік бекеттерде сырттан келетін өнімдердің химиялық құрамын аз уақыт ішінде анықтап бере алатын зертханалық құрылғыларды көптеп орналастыру қажеттігін ескерте бастады.
Содан кейінгі кедергі – көрші елдердің демпингі. ЕАЭО нарығында жекелеген мүдделердің қақтығысы бүгін де, ертең де жалғаса береді. Біздегі проблема – Ресейден келетін импорт. Бұл елдегі украин импортының мәселесі әлдеқашан шешілген. Ал Қазақстанда кейбір мәселелерді ел ішінде шешу мүмкіндігі шектеліп келе жатқанын, келіспеушіліктің бәрі ЕАЭО мінберінде шешілетінін ел де сезіп қалды. Өткен жылдың наурыз айында Сауда және интеграция министрлігі департамент директорының орынбасары Дархан Бейсенбаев журналистермен кездескен кезде бұл мәселенің кәсіпкерлікке қатысты екенін, ЕАЭО ішкі нарықты қорғау департаментіне хабарласуы қажеттігін, Сауда және интеграция министрлігінің міндеті мұндай өтініш болған жағдайда қажетті консультациялық қолдау көрсетумен шектелетінін айтқан-ды.
2022 жылдың алғашқы екі айы осы саланың салық жеңілдіктері мәселесіне жаңалық алып келген жоқ. 2023 жылы кондитер нарығына қатысты салық жеңілдігі қанша пайыз болатыны әзірге белгісіз. Ал сарапшылардың айтқанына ден қойсақ, саланың салық демалысы биылмен бітеді деген қауіп басым тұр.
«Кондитер нарығы инвесторлар үшін тартымды ма?» деген сұрақ кеше де, бүгін де өзекті болып келді. Осы ретте Ә.Талғатбек айтып өткендей, қазақтың тәттісі шетелдік инвесторларды аса қызықтыра қоймаған тәрізді. Ресейде, Батыс пен Еуропа елдерінде нарық көздері әлдеқашан иесін тапқан. Шетелдік инвесторлардың мүмкіндігі мен талабын біздің нарықтың «қалтасы» көтермейді. Осыдан 16 жыл бұрын Ulker компаниясы «Хамле» деп аталатын еншілес компаниясын құрды. 2013 жылы оңтүстіккореялық LOTTE Confectionery компаниясы біз білетін «Рахат» компаниясына тиесілі акцияның 75 пайызын сатып алды. Демек тәтті нарығы дегенде алдымен ауызға алатын «Рахаттың» ширек бөлігіне ғана иеміз.
Экономикалық сарапшы Денис Кривошеевтың пайымдауынша, кондитер нарығында бизнес бастаудың тәуекелі жоғары болғандықтан ШОБ-тың үлесі аз. Нарықта оқ бойы озып шығу үшін инвестиция керек. Өндірістегі технологиялық желінің қазіргі бағасы шамамен – 2 млн еуро. Қайта өңдеу немесе дайын өнімдер саласына салынған инвестицияның қайтарымына кемі 5 жыл кетеді. Нарықтың диірменінен аман шыққан компанияларда ұзын несие арқылы технологияны жаңғыртып алуға мүмкіндік жоқ. Маркетингілік стратегияларды тиімді пайдалану жағы да кемшін. Сарапшы айтып өткендей, бұл салада бірінші кезекте мемлекеттік қорғау шаралары ғана дамуға ықпал ете алады. «Қазақ нарығы шикізатқа тәуелді. Шикізат қолжетімділігіне қатысты да тәуекелдер жеткілікті. Нарықтағы «сары тіс» ойыншылардың өзі қаржылық жағдайы мен маркетингтік стратегиясы жағынан шетелдік компаниялармен бәсекелесуге дайын емес. Бізге қолдағы барды сақтап қалудан өзге жол жоқ», дейді Д.Кривошеев.
АЛМАТЫ