Жастардың ынтымағын арттыру мақсатында ұйымдастырылған жиынға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, Amanat партиясы жастар қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев, Qazaqstan team жастар ұйымының басшысы Олжас Сүлейменов, сондай-ақ белсенді жастар мен ҚМДБ Жастар ісі секторының әр өңірдегі өкілдері қатысты.
Бас мүфти Наурызбай қажы баяндамасында жастардың пікірімен санасып, мәселелерді бірлесіп шешудің маңызды екенін, сондай-ақ жастарға бос уақытты дұрыс өткізудің жолдарын баяндады. «Кез келген нәрсе белгілі бір уақытпен жаратылған. Әрбір іс белгілі бір өлшеммен белгіленеді. Сол өлшемдердің бірі – адамның өмірге келуі, ер жетуі, қартайып, дүниеден озуы. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Өйткені уақытты біз қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың өлшемі – Ұлы Жаратушының құзырындағы мәселе. Уақыт алдында мұсылманның екі міндеті бар. Біріншісі – уақытты жүйелеу. Екіншісі – бос уақытты тиімді пайдалану. Бос уақыт – Алланың бізге берген ұлы нығметі. Біз тиісінше шүкір етуіміз керек», деді Бас мүфти Наурызбай қажы.
Форум кезінде жастарға арнап семинар-тренингтер өтіп, қатысушылар белгілі сарапшылармен кездесті. Іс-шара соңында арнайы үндеу қабылданды.