Футбол • 17 Наурыз, 2022

Молдованы жеңе аламыз ба?

163 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 24 және 29 наурыз күндері Ұлттар лигасы аясында Молдова футболшыларымен електік ойынын өткізеді. Осы екі матчтың қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған команда жаз мезгілінде басталатын Ұлттар лигасының үшінші маусымында «С» лигасындағы орнын сақтап қалады.

Молдованы жеңе аламыз ба?

Былтырғы маусымда «С» лигасы­ның төртінші тобында бақ сынаған Қазақстан ұлттық құрамасы Албания, Беларусь және Литва футболшыларымен жасыл алаңда кездесті. Алты ойында төрт ұпай жинаған Талғат Байсуфинов шәкірттері топта соңғы орынға қалып, осы лигадағы орнын сақтап қалу үшін плей-офф матчын өткізетін болды.

Жеребеге сәйкес, Қазақстан топта­ғы алғашқы ойынын сырт алаңда Лит­ва құрамасымен өткізді. 3-минутта Бақтиер Зайнутдинов пен 86-минутта Исламбек Қуаттың соққан голдарының арқасында жерлестеріміз 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ал Алматыдағы Орта­лық стадионда өткен қарымта кездесуде Литва футболшылары есе қайтарды – 2:1. Абат Айымбетовтің жалғыз голына қонақтар екі доппен жауап қайтарды. Гол авторлары – Модестас Воробьёвас және Арвидас Новиковас.

Кейінгі турда жерлестеріміз Алма­тыда Беларусь құрамасымен кездесіп, 1:2 есебімен жол берді. Қонақтар сапынан Максим Бордачев пен Виталий Лисакович мергендігімен көзге түс­се, Қазақстан құрамасынан Абат Айым­бетов гол соқты. Беларусьтегі екінші ойында да алаң иелері еш қиындықсыз жеңіске жетіп (2:0), үш ұпайын олжалады. Үшінші турда біздің футболшылар Алматыда Албанияны қабылдап, алғашқы ойында 0:0 есебімен тең тарқасты. Ал бір айдан кейінгі қарымта кездесуде алаң иелері 3:1 есебімен басым түсті. Осылайша, біздің жігіттер алты ойынның біреуінде ғана жеңіске жетсе, тағы бір матчта тең ойнады. Қалған төрт кездесуде жеңіліс тапты.

Молдова құрамасына келер болсақ, олар да Ұлттар лигасының былтырғы маусымында «С» лигасында өнер көрсе­тіп, өз тобында Қазақстан құра­ма­сы сияқты соңғы орын алды. Мол­дова «С» лигасының үшінші тобында Словения, Грекия және Косово құрамаларымен бақ сынады. Алғашқы ойында өз алаңында Косовомен жолы­ғып, 0:0 есебімен тең тарқасты. Ал кейін­гі бес ойынның барлығында да жеңі­­ліп, жалғыз ұпаймен көш соңында қалып қойды. Бұл топта 6 ойында 14 ұпай жинаған Словения құрамасы жеке-дара көш бастап, топтың жеңімпазы атанды. Грекия құрамасы 12 ұпаймен екінші орынға ие болса, Косово 5 ұпай­мен үшінші орынға табан тіреді.

Екі құраманың ойындар тарихына көз жүгіртер болсақ, Қазақстан мен Молдова құрамалары бүгінге дейін жасыл алаңда бес мәрте жолыққан екен. Екі ойында Қазақстан құрамасы жеңіске жетсе, екі матчта молдовалықтардың мерейі үстем болған. Ал бір кездесуде командалардың күші тең түскен. Бір қызығы, аталған бес кездесудің бар­лығы да жолдастық кездесулер және бәрі де Молдовада немесе Қазақ­станда емес, Түркия стадиондарында ұйымдастырылған. Алдағы екі кездесу екі құрама арасындағы алғашқы ресми матчтар болмақ.

Екі ел арасындағы бірінші ойын сонау 2008 жылы өткен болатын. Игорь Бугаевтың салған голының арқасында Молдова құрамасы жеңімпаз атанған. Одан кейін 2010 жылы кездесіп, бұл кездесудің нәтижесі де дәл сондай есеппен Молдованың пайдасына шешілді. Ал 2013 жылы Қазақстан құрамасы Молдованы алғаш рет жеңді. Есеп 3:1. Бұл матчта Бауыржан Жолшиев дубльдің авторы атанды. 2015 жылғы жолдастық кездесуде Қазақстан құ­ра­масы молдовалықтармен тең түсті – 1:1. Жалғыз голдың авторы – Алек­сей Щеткин. 2019 жылғы, әзірге соңғы жолдастық кездесуде Қазақстан құрамасы 1:0 есебімен жеңіске жетсе де, матчтағы жалғыз голды 61-минутта молдовалық Дмитрий Челядник соқты. Екі құраманың ойындар тарихы, статистика нәтижесі бойынша, әзірге командалардың күші тең түсіп тұр.

Жуырда Қазақстан футбол феде­ра­циясының басшылығы Талғат Бай­су­финовтің орнына Қазақстан құ­ра­масы бас бапкерінің міндетін атқа­рушы етіп қазақстандық маман Анд­рей Карповичті тағайындады. 41 жас­тағы жаттықтырушының ұлттық құра­ма­дағы тағдыры алдағы екі ойынға бай­ланысты болып тұр. Карповичтің өзі де алдағы ойындарда Молдованы жеңіп, УЕФА Ұлттар лигасының «С» диви­зионында қалуды мақсат тұтып отыр.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, екі ойында жеңіске жеткен құрама «С» лигасындағы орнын сақтап қалады. Егер біздің құрама жеңіске жетіп жатса, төртінші топта Словакия, Беларусь және Әзербайжан құрамаларына қарсылас атанады. Ал егер Молдова футболшылары мықтылық танытатын болса, онда біздің құрама «D» лигасына ойысады. Бұл лигада Лихтенштейн, Латвия және Андорра құрамаларымен қайтадан сәл де болса жоғарылау үшін бəсекеге түседі. Қазақстан құра­масы Ұлттар лигасының алғашқы маусымында «D» лигасында Грузия, Латвия және Андорра құрамаларымен бір топта өнер көрсеткені белгілі. Жерлестеріміз алты ойында алты ұпай жинап, топта екінші орын алған болатын. Ал топ жеңімпазы атанған Грузия құрамасы наурыз айының соңында Еуро-2020 турниріне жолдама беретін жарысқа қатысуға мүмкіндік алған-ды.

Биылғы ереже бойынша, Ұлттар лигасының финалдық матчы тек «А» лигасының жеңімпаздары арасын­да ғана ойналады. Өткен жылғы бәсе­келерде Франция құрамасы жеңім­паз атанды. Бензема мен Мбаппе бас­та­ған жігіттер финалда Испания құра­ма­­сымен ойнап, 1:0 есебімен жеңіс­ке жеткен-ді. Алғашқы маусымда Пор­тугалия құрамасы топ жарған болатын.

Еске сала кетейік, 2014 жылы елор­дада өткен УЕФА-ның XXXVIII конг­ресінен кейін аталған ұйым футбол­дан Еуропа чемпионатының 60 жыл­дығын тойлау мақсатында осындай жаңа турнир енгізген еді. Ұлттар лига­сының мақсаты – жолдастық кез­десулерді ресми ойындарға ауыс­тыру арқылы ұлттық құрамалардың деңгейін көтеру. Сонымен қатар деңгейі тең ұлттық құрамаларға бір-бірімен ойнауға мүмкіндік беру.