Бейбіт шеру құқығы, заңның әділ әрі бәріне бірдей үстемдік етуі, жасанды монополияның ықпалын тежеу ел еңсесін тіктеп, сенімін арттырғанымен дәл мұндай саяси реформаға қарсылықтың, текетірес пиғылдың да болғаны белгілі. Кешегі «Қаңтар қасіретінің» көрінісі осының айғағы. Екі жарым жыл ішінде мемлекетті нығайту кезеңі ірі саяси реформаларды бастан кешіріп отыр. Әр Жолдауда саяси жүйенің жаңа формуласы ұсынылып, халық әлеуметтік мүмкіндіктерге қол жеткізді.
Бүгінгі Жолдаудағы Семей, Жезқазған, Алматы өңірлерінің облыс мәртебесін қайта иеленуі халықты ерекше қуанышқа кенелтті. Облыс мәртебесінен айырылған қалалардың инфрақұрылымының тозығы жеткені де рас, халықтың тұрмысының төмендеп кеткені де рас. Енді осы олқылықтың орны толып, елдің көркеюіне жаңа жол ашылды деп ойлаймыз. Үміт оты жанды. Кешегі өткен көңілдегі қаяудың орны жоғымызды бүтіндеп, жарамыз жазылғандай бір-бірімізден бүгін сүйінші сұрасып, қуаныштың куәсі болдық. Жоғалтқанымызды тауып, олжалы болып отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мен халықтың ертең деп емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын. Маған жеке адамдардың бағасы емес, халықтың берген бағасы қымбат» деген тұлғалық сөзі тебірентті.
Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекелестігін арттыру, отандық ақпарат құралдарының әлемдегі оқиғаларға байланысты өз көзқарастарының болуы, айтаққа, қаламақыға, сұранысқа «қызмет» көрсетіп кететін жылпостықтың қоғамға тигізер зардабынан сақтану керектігі де ашық, анық айтылды. Тіпті «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды қайта қарау керектігіне мән берді. Сонымен қатар Ұлттық қоғамдық кеңестің Ұлттық құрылтайға айналуы – халықтың өзінің араласуымен жаңа қоғам құру, бастамашыл, іскер, саяси орта қалыптастыруға мүмкіндік беру. Бұл, әрине бір адамның ғана шешім шығаруына мұқтаждықтан арашалайды. Осындай тәжірибелер арқылы саяси институттар жетілдіру керектігін меңзеді.
Жолдаудағы мақсат-мүдде – үлкен бетбұрыс. Жаңа Қазақстан түбегейлі жаңғыруға бет алды. Тәуелсіз елдің ертеңгі тарихы бүгінгі күннің жеңісі болмақ.
Роза МҰҚАНОВА,
драматург,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты