Пікір • 18 Наурыз, 2022

Семей дәулетті, сәулетті қалаға айналады

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президенттің Жолдауынан кейін елде Жаңа Қазақстанның болашағына деген нық сенім пайда болды.

Семей дәулетті, сәулетті қалаға айналады

Жолдауды университеттің профессор-оқытушы құрамы, студенттер, барлығымыз үлкен ынтамен тыңдадық. Шын мәнінде өміріміздегі ірі саяси оқиға болды деп есептейміз. Облыс болу мәселесін бәріміз бұрыннан айтып жүрген едік. Бірақ мынау пандемия деген бас көтертпей тұрған кезде қабаттастырмайық дейтінбіз. Оның үстіне қаңтардағы мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылған содырлардың сойқаны тағы бір еңсемізді түсірсе, айналамыздағы геосаяси жағдай да аса қиын екендігін білесіздер. Шынымызды айтсақ, алағай-бұлағай кезде жағдайымызды айта бермейік деп жүргенбіз. Сөйтсек, Президентіміз көрегендік көрсетіп, халықтың ұзақ жылдар бойғы сұранысына құлақ асты. Әлемдік дәрежедегі ірі мемлекет қайраткері, дипломат екендігін, көреген басшы екендігін көрсетті.

Ендігі кезекте, Абай облысы деп сыртқы белгіміз ғана ауысып қоймай, біздің өмірімізге үлкен жаңалық әкеледі деп ойлаймын. Мысалы, Талдықорған облысы жеке облыс болған соң құлпырып, жайнап кетті. Бүгінде ірі мегаполиске айналып барады. Соған қарап үлкен үміт күтеміз. Бәрі сәтімен жүзеге асып жатса, Абай облысының орталығы, Семей қаласы қазақ елінің сәулетті де, дәулетті қаласына айналады деп ойлаймыз, сенеміз.

Жаңағы жаңалықты естігенде бір-бірімізді құшақтап, көшедегі жұрт сүйінші сұрасып, көздеріне қуаныштың ыстық жасы келді. Президент елдің көкейінде жүрген мәселені салмақтап, саралап батыл шешім жасауы – ірі тарихи оқиға. Ендеше, жаңа облысымыз Қазақстанның дамуына үлес қосатын өңір болады дегеніне үміттеміз. Осы тарихи-саяси шешімге халық зор сенім артып отыр. Сенім ақталсын!

 

Арап ЕСПЕМБЕТОВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

СЕМЕЙ