Кореяның Ауруларды бақылау және алдын алу агенттігінің (KDCA) деректеріне сай, елде күнделікті 400 741 жұқтыру жағдайы тіркеліп жатыр, олардың басым бөлігі – жергілікті халық.
Жалпы елде вирус жұқтырғандар қатары 7 629 275-ке жетті. Бұл – 2020 жылдың 20 қаңтарынан (сол күні елді бірінші жұқтыру жағдайы тіркелген) бергі ең жоғарғы көрсеткіш.
Бейсенбі күні аталған көрсеткіш 362 338 болған. Оның алдындағы антирекорд өткен сенбі күні тіркелген – 383 659 адамнан вирус анықталған.
COVID-19-дан көз жұмғандар саны 164-тен 11 052-ге дейін өсті. Дегенмен өлім үлесі – 0,14%. Жағдайы ауыр науқастардың саны 1 244-ке жетті, алдыңғы күнге қарағанда 48-ге көп. Омикрон штамының тез таралып жатқанына қарамастан, ел үкіметі қалыпты тіршілікке оралу үшін барын салып жатыр.
Жалпы, әлемнің көп елінде қауіпсіздік ережелері жеңілдеп, қатаң шаралар алынып тасталды. Әйтсе де, вирустың қайта өршігені туралы хабарлар жан-жақтан түсіп жатыр. Осыған дейін вирустың таралмауын бақылаған Қытай да елде жағдай тұрақсыз екенін айтты.
Қытайдың 9 миллион тұрғыны бар Чанчунь қаласында жаппай тестілеу жүріп жатыр. Шаһар өткен аптада локдаунға жабылған. Елді мекенде бір күнде вирусты жұқтырудың 460 дерегі расталса, келесі күні ол сан мыңнан асып кеткен. Жаппай тестілеу үшін қалаға өзге өңірлерден мыңнан аса медицина қызметкері жеткізіліп, 7 мың әскери тартылды.
Қытайдың 13 миллионға жуық тұрғыны бар Шэньчжэнь қаласы да локдаунға жабылды. Қазір шаһарда қоғамдық көлік қатынамайды. Әр отбасынан бір адам ғана дүкенге бару үшін тысқа шыға алады. Мұнда да қазір жаппай тестілеу жүріп жатыр. Қытайда соңғы уақытта ахуал өршіп барады. Наурыздың басынан бері 10 мыңнан аса вирус жұқтыру дерегі тіркелді.