«4-13 наурыз аралығында Қытайда өткен XIII Қысқы Паралимпия ойындарында Қазақстан құрамасы бір қола медальға ие болып, 53 мемлекеттің ішінде жалпыкомандалық есепте 17-орынға тұрақтады. Паралимпиадада 700-ден астам спортшы спорттың 6 түрінен 78 медаль жиынтығын сарапқа салды. Оның ішінде біздің спортшылар 12 медаль жиынтығы бойынша жарыс жолына шықты. Паралимпиадада ел намысын 5 спортшымыз қорғады», деп еске салды Самат Ерғалиев.
Оның айтуынша, министрлік паралимпиадалық қозғалысты қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, спорт түрлерін саралау ережелеріне сәйкес барлық паралимпиадалық спорт түрлері «А» тобына және «басым» спорт түрлерінің қатарына жатқызылып, бірінші кезекте қаржыландырылатын болды. Бұдан басқа, спорттық нәтижелерді ескере отырып, жақын арада ұлттық құраманың жаттықтырушылары мен спортшыларының жалақысын арттыру мәселесі қаралады.
«2016 жылғы Рио Паралимиадасынан бастап Паралимпиада және Сурдолимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қаржылай сыйақылары өсіп, олимпиадалық спорт түрлерімен теңесті. Сонымен қатар алдағы таңда спорттық нәтижелерді ескере отырып ұлттық құрама жаттықтырушылары мен спортшыларының жалақыларын көтеру мәселесі қарастырылады», деді комитет басшысы.
Сондай-ақ ол Бейжіңдегі паралимпиада ойындарында 10 шақырымдық жарыста қола жүлде алған биатлоншы Александр Герлицке пәтер берілетінін айтты. «Бейжіңдегі Паралимпиаданың қорытындысы бойынша спортшылар мен жаттықтырушылар мемлекеттен 131 млн теңге алады және «Дене шынықтыру және спорт саласы туралы» Заңға сәйкес Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тарапынан Александр Герлицке бір бөлмелі пәтер беріледі», деді Самат Ерғалиев.
Өз кезегінде Александр Герлиц қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, құраманың барлық жаттықтырушылар штабының үйлесімді және кәсіби жұмысын атап өтті.
Бүгінде паралимпиялық спорт түрлері бойынша елімізде 15 спорт түрі кеңінен дамытылуда. Бүгінде ұлттық құрама қатарында 484 спортшы бар. Олармен 34 бас және аға жаттықтырушы жұмыс істейді. Ал штаттағы спортшылардың саны – 112. Елімізде мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арасында 15 паралимпиадалық, 21 сурдолимпиадалық және Паралимпиада бағдарламасына енбеген сегіз спорт түрі дамытылған. 2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны – 696 825. Оның 48 565 мыңы спортпен ұдайы шұғылданады. Республика бойынша, әр өңірде мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған арнайы 17 спорттық мекеме жұмыс істейді.
Айта кету керек, Александр Герлиц пара биатлонда 10 шақырым қашықтықта қола жүлде жеңіп алған болатын. 2022 жылғы Паралимпиада қорытындысы бойынша Александр Герлицке «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді.