22 наурыз күні сағат 13:00-де танымал әртістер мен интернет жұлдыздары боз кілем үстінде күш сынасады.
Бұл жолы мықтылар бәсекесіне 20 балуан қатысады. Ойын ережесі бойынша, олар бес салмақ бойынша, яғни, топ-топпен жарысады. Жекпе-жектерге кәсіби балуандар емес, еліміздің танымал азаматтары шығатынына қарамастан, «Өнер барысы» жобасында барлығы нағыз кәсіби спорт ережелеріне сай болады.
«Өнер барысы» биыл бесінші рет өткізілмек. Алғашқы ойын 2019 жылы еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылды. Жобаның жанкүйерлері көп болғандықтан, спорт жарысы жыл сайын өткізіле бастады. Бұл жолғы жобаның ерекшелігі – қатарға түйе балуандарының қосылуы.
«Өнер Барысы» тележобасы республикалық «Қазақ күресі» федерациясының күнтізбесіне енді. Оның мақсаты – қазақша күресті және жалпы салауатты өмір салтын насихаттау. Жобаға Асылхан Төлепов, Тәуекел Мүсілім сынды актерлерден бөлек, «Камызяки» КВН командасының жас әрі талантты қатысушысы Ринат Мұхамбаев қатысады», делінген хабарламада.