Қазақстан • 19 Наурыз, 2022

Конституциялық сот құру ұсынысы көңілге қонды

1048 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы Конституциялық сот құру туралы ұсынысына орай төмендегі мәселелердің маңызды екендігін айтқым келеді. Қазақстанның құқықтық жүйесі континенталдық (романо-германдық) құқықтық отбасыға жатады.

Конституциялық сот құру ұсынысы көңілге қонды

Зерттеушілер сыртқы белгісі бойынша қазақстандық құқықты романдық бағытқа жатқызып жүр (ал ресейлік құқыққа германдық сипат көбірек тән). Романдық бағыттағы Франция құқығында Конституциялық әділ сот институты жоқ. Сондықтан оның орнына біздегі сияқты консультативті орган – Конституциялық Кеңес жұмыс істейді (анығында, біз Франция тәжірибесінен көшіріп алғанбыз).

Енді Конституциялық сотты құру туралы мәселе қойылғанда қай елдің тәжірибесін ескеруге тиіспіз деген заңды сұрақ туындайды. Романдық дәстүрде бұл институт жоқ немесе аса жетіле қоймаған. Қалып отырғаны – германдық бағыттағы елдердің тәжірибесі (объективті себептер бойынша Скандинав елдері бұл институттан бас тартқан), соның ішінде жақсы болсын, жаман болсын Зорькин, Тумановтар басқарған, әлі де басқарып келе жатқан Ресей тәжірибесі.

Жалпы, юрисдикциядағы соттар өз бетінше құқық нормасын түзе беретіндіктен, АҚШ секілді англо-саксондық елдер үшін әдейілеп конституциялық әділсот институтын құруға қажеттілік жоқ. Сондықтан бұл елдердің құқықтық моделі арнайы қаралмауы ықтимал. Десе де, әділ сот, жалпы, құқық туралы танымымыз эмпиризмі басым ағылшын-америкалық құқықтық мәдениетке көбірек туысатындықтан, оның фундаменталды заңдылықтарын сөзсіз ескеруге тиіспіз. Оның үстіне әлем ғана емес, құқық та жаһанданып, оның интеркоммуникативті сұлбасы күн өткен сайын күшеюде.

Бұл мәселенің сондай-ақ екінші жағы бар – тек шетелдік тәжірибені ғана емес, сот туралы қалыптасқан ұлттық құқықтық ой-әуен мен тұжырымдарды, мәдениеттанушылық негіздерді тең ескеру қажет. Осылай қарағанда ғана құрылуы көзделіп отырған Конституциялық сот тиімді жұмыс істейтін институтқа айналады.

Конституциялық соттың басты артықшылығы – оның тек адам құқығын жоғары деңгейде қорғауында ғана емес, сонымен қатар Конституция нормаларын тікелей қолдануы және іске асыруы болып табылады.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, Конституциялық соттың корпусы негізінен академиялық сынмен қарай алатын құқық профессорларынан қалыптасады. Олардың шығарған шешімдерін, ондағы келтіретін концептуалды уәждер мен бейтарап негіздеулерін оқудың өзі неге тұрады!? Бұл түптеп келгенде, конституциялық құқық ғылымы мен теориясының дамуына да үлкен серпін беретіні сөзсіз.

Ендігі жерде Конституциялық соты бар елдің алдында тұрған кезекті міндет, ол – Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа мүше болу. Қазақстанның бұған территориялық қана емес (бір-екі Франция сыйып кететін Батыс Қазақстан облысы Еуропа континентіне кіреді), юрисдикциялық та негіздемесі бар.

 Қазыбек ДӘУТАЛИЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы,

заң ғылымының кандидаты

АЛМАТЫ