Елорда • 22 Наурыз, 2022

Елордада Наурыз мейрамы қалай тойланды

499 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін, 22 наурызда елорданың 20-дан астам алаңында Наурыз мейрамы атап өтілді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан қала тұрғындары мен қонақтары отбасыларымен алаңға келіп, күн мен түннің теңелген, көктемнің басты мерекесін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада Наурыз мейрамы қалай тойланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл күн береке мен бірліктің, мейірімділік пен өзара сыйластықтың қасиетті мерекесі екенін атап өтті. Президент бүгінгі мереке жаңа өзгерістерге бастама болуына, ал Қазақстан қуатты әрі ұйымшыл мемлекет болып дами беруіне тілектестік білдірді.

Сондай-ақ, елорда тұрғындарын Наурыз мерекесімен қала әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.

«Қала тұрғындары бұл мерекені ылғи да ерекше ықыласпен күтеді, сол сияқты жұрттың бір біріне көмек қолын созуы отбасылық және мәдени құндылықтардың, халық бірлігінің жарқын көрінісі болатынын айтты. Мереке күндері біз әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға азық-түлік себеттерін тарату акциясын тоқтаусыз жалғастырамыз. Қалада Наурыз мейрамы атап өтілетін 20-дан астам орын, сол сияқты елді мекендерде де орындар анықталды», деді елорда әкімі.

Басты мәдени-спорттық іс-шаралар «Қазақ елі» алаңында, «Жастар» саябағында, Жазушылар аллеясында, «Ататүрік», «Көктал» саябақтарында, ЭКСПО және Demalys Promenade алаңдарында ұйымдастырылды. Бұдан басқа, Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған орындар қаланың барлық елді мекенінде өткізілді.

«Бүгін Ұлттық мереке – Наурыз мейрамына орай іс-шаралар өткізілуде. Байқоңыр ауданы бойынша мерекелік іс-шаралар 5 орында – «Ататүрік» саябағында, Жазушылар аллеясында және үш елді мекенде өткізіледі. Мереке күні саябақта киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Әр киіз үйде театрландырылған қойылымдарды тамашалауға болады, таңертең қонақтарға Наурыз көже мен палау таратылды», деді Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайбергенова.

Қала бойынша белгіленген орындардың бәрінде алтыбақан, ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер орнатылып, дәстүрлі тағамдар – бауырсақ пен Наурыз көже келген жұртқа таратылды. Қонақтар үшін концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды.

Дәстүр бойынша ұлттық спорт түрлерінен жарыстар да өткізіледі. Тілек білдірушілер асық ату, қол күресі, арқан тарту, гір көтеру бойынша сынға түседі.

«Биыл елордамызда наурыз мейрамы үлкен ауқымда тойланып жатқаны қуантады. Бәрі өте керемет ұйымдастырылған, Наурыз көжеден дәм таттық. Керемет концерттің куәгері болып, жарыстарға да қатыстық. Күн мен түннің теңелген, ұлыстың ұлы күнін атап өту үшін мерекеге отбасымызбен келдік», деді Нұрсұлтан есімді қала тұрғыны.

1

Бүгінгі мерекеге өзге аймақтардан да, тіпті шетелдерден де арнайы қонақтар қатысты.

«Мені осындай керемет мерекеге арнайы шақырды. Мен Нұр-Сұлтанда болғаныма өте қуаныштымын. Қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Бәріңізге зор денсаулық, елімізге жарқын болашақ пен тыныштық тілеймін!», деді мереке қонағы Санжай Биди.

Айта кетсек, қала тұрғындары да бастама көтеріп, өз аулаларында киіз үйлер тігіп, дастарқан жайып, мерекені бірлесіп атап өтуге үлес қосты. Келген жұртқа самаурын шәйі, бауырсақ және палау таратылды.

Биыл елорда әкімдігінің бастамасымен Наурыз мерекесі «Қайырымды істер» ұранымен өтті.

Мереке аясында қалада игі істерге арналған акциялар ұйымдастырылып, мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері таратылады. Азық-түлік жиынтығын 1 наурыздан бастап мыңнан астам мұқтаж отбасы алды. Қайырымдылық іс-шарасын жүзеге асыруға кәсіпкерлер, еріктілер және қала тұрғындары көмек көрсетеді. Ұлттық Наурыз мейрамы қарсаңында азық-түлік жиынтығы 600-ден астам отбасыға таратылды, олардың арасында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ жалғыз тұратын зейнеткерлер және халықтың өзге де әлеуметтік санаттары бар. Мұндай акциялар 1 наурыз – Алғыс айту күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні өткізілді, онда 500-ден астам отбасыға азық-түлік себеті үлестірілген болатын.

2