Көпшіліктің күтіп жүрген үміттері ақталып, ел арасында талқыға түсіп үлгерген біраз өзекті мәселе халық назарына ашық, айқын және қарапайым тілмен жетті. Әрине, осы айтылған құнды жайттардың түп мәнін түсініп, дер кезінде тиісті іс-шаралар қабылдап, жауапкершілікпен әрі нәтижелі іс жүргізсек, көп жетістіктерге жетуіміз айқын. Бұл жұмыстарға тек мемлекеттік ұйымдардағы лауазымды тұлғалар емес, ел болып баршамыздың атсалысқанымыз абзал.
Жолдаудағы ерекше қолдау тапқан саяси жаңалықтың бірі – Мемлекет басшысының елімізде Конституциялық сот құру туралы ұсынысы. Ел Президенті өз сөзінде бұл шешімді Қазақстандағы түрлі құқық нормаларының Ата Заңға сәйкестігін Конституциялық кеңес түсіндіретінін, ал азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл мемлекеттік органға тікелей жүгіне алмайтынын басты назарына алғанын айтты.
Ұзақ жылдар бойғы құқық қорғау, сот саласындағы және заң шығарушы өкілетті органдағы тәжірибеме сүйене отырып, Мемлекет басшысының дәл қазіргі уақытта осы шешімді қабылдағанын қолдаймын. Бәрімізге мәлім, Қазақстан Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», деп бекіткен. Ал бұл Конституциялық қағидаттар бұзылған жағдайда кім болса да өз мүддесін қорғау мақсатында Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы. Оқырманға түсінікті болуы үшін Конституциялық сот пен Конституциялық кеңестің мәртебесіне және атқаратын міндеттері мен мақсаттарына кеңірек тоқтала кеткен жөн болар.
Өкілеттіктері бойынша, Конституциялық сот неғұрлым кең құзыретке ие. Атап айтқанда, заңдардың ғана емес, орталық және жергілікті органдардың нормативтік-құқықтық актілерінің де Конституцияға сәйкестігін қарастыра алады. Ал Конституциялық кеңес алдын ала бақылау жолымен заңды күшіне енбеген нормативтік-құқықтық актілерді қарайды. Өз кезегінде Конституциялық сот одан кейінгі бақылау қызметін көбірек жүзеге асырады және заңды күшіне енген нормативтік актілерді қарайды.
Өтініш субъектілері бойынша Конституциялық сотқа жүгінетін субъектілер көп, ең бастысы, бұл құқық азаматтарға берілген. Конституциялық кеңесте субъектілердің шектеулі тобы ғана болады, яғни оған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар ғана кіреді. Сонымен қатар Конституциялық соттың мәртебесінің айқындалуы және судьяларды сайлау тәртібі әрі құрылымдық мәселелері де Конституциялық кеңестен өзгеше болады.
Конституциялық соттар шет мемлекеттерде де бар. Атап айтқанда, Конституциялық сот 1920 жылы алғаш рет Аустрияда пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияда Конституциялық сот құрылған. 1963 жылы Конституциялық сот Югославияда, 1986 жылы Польшада, ал 90-жылдардың басында Шығыс Еуропа мемлекеттерінің бәрінде және Ресейде Конституциялық сот құрылған. Сол сияқты 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Республиканың Конституциялық Заңымен Конституцияны сот арқылы қорғаудың жоғары органы ретінде Қазақстан Республикасының Конституциялық соты құрылып, өз жұмысын 1992 жылғы 6 маусымда «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» және «Конституциялық сот ісін жүргізу туралы» заңдар қабылданғаннан кейін бастап кеткен болатын. 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылдануына орай жаңа конституциялық қадағалау органы – Конституциялық кеңес құрылды, соған байланысты 1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциялық соты өз қызметін тоқтатты.
Рамазан СӘРПЕКОВ,
Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты