Теннис • 24 Наурыз, 2022

ТОП-20 қатарына оралды

139 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әйелдер арасындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина дүйсенбі күні жаңарған WTA рей­тин­гін­де екі саты жоғарылап, әлемнің ең үздік 20 теннисшісінің қатарына қайта қосылды.

ТОП-20 қатарына оралды

Өткен аптада АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында мәресіне жеткен Мастерс турнирінде отандасымыз жарыстың ширек финалына дейін жетті. Ширек финалда Рыбакина әлемнің алтыншы ракеткасы грекиялық Марии Саккаримен шеберлік байқасып, екі сетте 5:7, 4:6 есебімен жеңіліп қалған болатын. Осы нәтижесінің арқасында ол әйелдер арасындағы рейтингте 18-орынға көтеріліп алды. Сонымен қатар Юлия Путинцева 47-ші, Зарина Диас 112-орындарын сақтап қалды. Ерлер арасындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик өз нәтижесін бір орынға жақсартты. Бұған дейін 33-орында тұрған ол 32-сатыға көтерілді.

Айта кетейік, бұл күндері теннисшілеріміз АҚШ-тағы тағы бір дәстүрлі Miami Open турнирінде бақ сынап жатыр. Ю.Путинцева алғашқы айналымда германиялық Настасья-Мариана Шунктен басым түссе, М.Кукушкин негізгі кезеңге жолдама алды. Ал Е.Рыбакина бұл жарысты екінші кезеңнен бастайды.