Қазақстан • 24 Наурыз, 2022

Ел жаңаруының жаршысы – білімді жастар

891 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған маңызды міндеттерді жүзеге асыру - жас ғалымдарға ерекше жауапкершілік жүктеп отыр.

Ел жаңаруының жаршысы – білімді жастар

Бүгінде елімізде, сондай ақ шетелде білім алып жатқан жастар алған білімі арқылы еліміздің таяу жылдардағы дамуына серпін беретін рухани, мәдени әрі экономикалық келешегі зор әлеуетке ие.

Жастар қай салада болсын жылдамдық, цифрлық серпілістер мен дәстүрлі білімді ұштастыра отырып, инновациялық жетістіктерді іс жүзіне асыруға дайын. Бұл бағытта болашағын шетелден іздеп елден кетіп жатқан жастарға көңіл бөлу, сонымен бірге алдағы екі үш жылда жоғары білім мен техникалық кәсіптік білім  орындарын бітіретін жастардың әлеуметтік ахуалына көңіл бөлу, оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету - уақыт күттірмейтін мәселе. Сонымен бірге білімді жастарды шетелдің үздік оқу орындары ғана емес, өндірістік орталықтарында тәжірибеден өткізіп, жиған білімін еліміздің дамуына бағыттау шаралары да кешенді жүзеге асуы тиіс деп білемін.

Соңғы жылдары технократ жастарды оқыту, тәрбиелеу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осы орайда техникалық білім беру орындарын тәмамдайтын түлектердің жұмысқа орналасуы, олардың кәсіби тәжірибе алаңдарында біліктіліктен өтуіне назар аудару да маңызды мәселе. Сонымен бірге еліміздегі барлық оқу орындары түлектерінің форумдарын, дискуссия алаңдарын жиі ұйымдастырып отыру жастардың болашаққа деген нық әрі сенімді қадам жасауына ықпал ететіні даусыз.

Мемлекет басшысы ел келешегі жастарға үлкен сенім арта отырып, Ұлттық ғылым академиясы мен ҒЗИ ғалымдарының белсенділігіне сенім артады. Экономикалық, әлеуметтік секторда қордаланған мәселелердің шешімін табуы нақты іс пен кәсіби бағдарға байланысты екені белгілі. Осыған орай жастардың кәсіби өсуі, білікті маман дейгейіне жетуін мақсат ететін орталықтардың жоғары оқу орындары жанында белсенді жұмыс істегені маңызды. Ол белгілі бір дәрежедегі жас мамандарды ғана емес, креативті, ойы ұшқыр кез келген жастың тәжірибе алаңына айналуы тиіс деп білемін.

Отансүйгіштік, ұлттық құндылықтарды нығайту жолындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда жастарды шет қалдырмай, тәрбие ошақтарының барлық деңгейінде басты байлығымыз – Тәуелсіздігіміздің тұғырын сақтау мен ұлттық бірегейлікті нығайту, еліміздің жаңаруына бағытталған жобаларды жүзеге асырудың маңызды екендігіне баулу, заманауи жетістіктерді ел дамуының келешегі жолында жүзеге асырудың маңыздылығын түсіндіру қоғамдық өмірдің барлық саласына қатысты болуы қажет. Жолдау әрбір отбасы мүшесін, әрбір азаматты жігерлендіріп, білімді болуға, алған білігін ел дамуына бағыттауға деген серпіліске бастайды деген сенім зор.

Тимур ӘПЕНДИЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының

Тарихи демография және Қазақстан халқы Ассамблеясы бөлімінің меңгерушісі.