Экономика • 24 Наурыз, 2022

Құбырдың істен шығуы Қазақстан экономикасына қалай ықпал етеді?

128 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біздің мұнайдың 80 пайызы экспортқа Ресей арқылы тасымалданатыны белгілі. Соның ішінде, Новороссийск портымен тасымалданады. Түнеукүні Краснодар өлкесінде қатты дауыл тұрып, құбыр желісіне елеулі зиян келтірген. Осыған байланыс­ты консорциум құбырдың зақым тиген бөлігін жуу және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін оның жұмысын уақытша тоқтатқан. Бұл құбыр желісі арқылы экспортталатын мұнайдың төрттен бірі ғана Ресейдікі, қалғанының бәрі біздің мұнай (жылына 50 млн тоннадан астам). Магистральдың қуаттылығы жылына 67 млн тонна мұнай тасымалдауға жетеді.

Құбырдың істен шығуы Қазақстан экономикасына қалай ықпал етеді?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, ведомство Кас­пий құбыр консорциумымен теңіз тер­миналының жұмысын қалпына келтіру мерзімдері бо­йынша кон­сультациялар өткізіп жатыр. Сон­дай-ақ министрлік балама бағыттар бойынша мұнайды экс­портқа жөнелту мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын да мәлім­деді. Сарапшылардың айтуынша, КҚК жұмысының уақытша бол­са да доғарылуы экономикаға айтарлықтай соққы болып тимек.

Tengenomika сарапшыларының айтуынша, мұндайда балама жол ретінде теміржол тасымалын қарас­тыруға болар еді, алайда елімізде мұндай көлемдегі қажетті сыйымдылыққа ие теміржол цис­терналары жоқ.

«2021 жылы Қазақстанның мұнай және газ конденсатының өндірісі 85,9 млн тоннаны, экспорт 67,6 млн тоннаны құрады. Новорос­сийскідегі апатқа байла­нысты елдегі мұнай және газ өндірісі 9 пайызға немесе 80 млн тоннадан төменгі деңгейге құлдырап кетуі ықтимал. Бұл бүкіл әлем бойынша мұнайға деген сұраныс төмендеген 2020 жылғы көрсеткіштен де төмен (90-нан 85,7 млн тоннаға дейін құлдырау). Мұның салдарынан биыл Қазақстанның ІЖӨ-сі 0,9-дан 1,6 пайыздық тармаққа дейінгі аралықта тапшылыққа ұшырайды. Бұдан белгілі болған­дай, теңгенің долларға шаққан­дағы құнсыздануымен бірге биыл Қазақстанның доллармен көр­сетілген жан басына шаққандағы номиналды ІЖӨ-нің айтарлықтай төмендеуін көреміз», дейді сарапшылар.

Бұл ретте сарапшылар ми­нистр­ліктің «балама жолдар іздеп жа­тырмыз» дегеніне аса үміт қыл­майды.

«Қазақстан КҚК арқылы 53 млн тонна мұнай экспорттайды. Бұл дегеніңіз – бүкіл экспорттың 80 пайыздан астамы. Қазір 3-4 млн тоннаны балама маршрут арқылы жөнелтер, бірақ қалған мұнай көлемі қайта құрылымдау мен іргелі салымдарды қажет етеді. Тіпті мүмкін болғанның барлығын қайта құрылымдағанның өзінде максимум 10-15 млн тоннаны кәде­ге жаратармыз. Ал қалған мұнай­ды қайтеміз? Бәлкім, Қырғыз­стан мен Өзбекстандағы орта­ша технологиялық зауыт­тарға жіберерміз. Соның өзінде 2 млн тоннаны игереміз. Ерек­ше күшпен мұнай-химия және мұнай өңдеу зауыттарын салуға, бас­қа субстанцияларға мұнай өңдеу және мұнай-химия өнім­дерін экспорттауға болады. Теңіз­шевройл, Қашаған және Қара­шы­ға­нақтағы серіктестермен осы­ның бәрін істеуге болады, бірақ оған да 3-4 жыл уақыт керек. Одан да жаңа құбыр желісін сал­ған тезірек», дейді «Банк ЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайынов.

23 наурыз күні консорциум терминалда мұнай жүктеуді толықтай тоқтатқанын мәлімдеді. Құбыр желісінің жұмысы ұзақ уақытқа дейін қалпына келмеуі мүмкін. Өйт­кені шетелдік серіктестер жөн­деу жұмыстарына қажетті қосалқы бөлшектер жіберуден бас тартып жатыр.

«Серіктестеріміз барлық үлгі­дегі және көлемдегі жүзбелі шлан­гілерді, гидрокомпенсаторлар­ды, өз осінің айналасында шы­ға­рылатын айлақтық құрылғыларды айналдыруға арналған шарнирлерді жеткізуден бас тартып отыр. Құ­рыл­ғыларды жеткізумен айналысатын Imodco, Blue Water және Gall Thomson Environmental Ltd компаниялары КҚК-мен әрі қарай жұмыс істеуді үзетінін және бұған дейін жоспарланған барлық жеткізулердің күшін жоя­тынын мәлімдеді. КҚК барлық операцияларды 2021 жылдың желтоқсан айында-ақ аванспен төлеп қойғанына қарамастан олар осындай қадамға барып отыр», деді КҚК-ның бас директоры Николай Горбань.

Қазақстан мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықов КҚК жұмы­сының кенеттен тоқтап қалуында саяси мән бар деп есептейді. Оның айтуынша, Ресей осылайша, еуропалықтарға қыр көрсетпек.

«КҚК 25 жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеп келді. Екі жыл бұ­рын ғана 600 млн долларға айлақ­тық құрылғыларды күрделі жөндеуден өткізді. КҚК бір күнде тәулігіне 1,5 млн баррель мұнай тией­ді, оның 1,2 млн баррелі (әлемдік сұраныстың 1,2 пайызы) – Қа­зақ­станның мұнайы. Ал құбыр желісі жұмысының тоқтап қалуынан бірінші кезекте біздің бюджет қатты зиян шегеді. Жақын арада 12 млн тонна мұнайымызды экспорттап отырған Атырау-Самара мұнай құбырының да жұмысы тоқтауы мүмкін. КҚК-ның істен шығуы Еуропаға ғана емес, сонымен қатар бейтарап позиция ұстанып отырған Қазақстанға да сес көрсету», деп байыптайды өз пікірін Р.Жақсылықов.

Пікірдің жаны бар, себебі екі жыл бұрын консорциумның ресми сайты құбыр желісі ешқандай боран-дауылға қыңқ етпейді деп мәлімдеме жариялаған-ды.

«2001 жылы пайдалануға берілген алғашқы екі жылжымалы айлақтық құрылғы Қара теңіз түбіндегі кез келген жағдай мен рельеф үшін арнайы жоба бо­йынша салынды. Және олар мұнда соңғы 100 жылда болған ең күшті дауылдардың өзіне төтеп бере ала­ды. Үшінші айлақтық құрылғы 2014 жылы КҚК-ны кеңейту аясын­да тұрғызылды», делінген ақпа­ратта.

«Қара теңізде шынымен да­уыл тұрды, бірақ «соңғы 100 жыл­дағы ең күшті дауыл емес». Қашан жөндеп бітері белгісіз. Өйткені үш айлақтық құрылғыны да шетелдіктер (алғашқы екеуін – Нидерланды, үшіншісін – БАӘ) салды. Санкцияларға байланыс­ты қазір шетелдік серіктестер қызмет көрсетуден және қосалқы бөлшек беруден бас тартып отыр. Әдетте әр айлақтық құрылғыны жөндеуге 2-3 апта кетеді. Ал қазіргі жағдайда жөндеу жұмысы санкциялар алынғанша созылып кетуі мүмкін», дейді сарапшы Андрей Чеботарев.

Қазір КҚК-ға ең бірінші керегі – құбыр желісін жууға арналған танкерлер. Ал серіктестер бірде-бір танкер жібермейді. Біраз күннен соң танкер келді дегеннің өзінде бір жылжымалы айлақтық құрылғыны жөндеуге кемі үш апта уақыт қажет болады. Қазақстан 2022 жылы КҚК арқылы 55 млн тонна мұнай жөнелтуді жоспарлаған. 2001 жылдан бері осы күнге дейін Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры жүйесі арқылы әлем­дік нарыққа 766 973 131 тонна мұ­най шығарылған. Соның ішінде 668 967 665 тоннасы – қазақ мұ­найы. Біздің «қара алтынды» негі­зінен Италия, Франция, Қытай, Ни­дер­ланд, Түркия, Испания, Оңтүстік Корея, Үндістан елдері тұтынады.

Шетелдік сарапшылардың айтуынша, Новороссийскіден мұ­найдың әлемдік нарыққа шықпай қалуы «қара алтын» бағасын қымбат­татуы мүмкін. Қазірдің өзінде Brent пен WTI мұнайының 5 па­йызға өскені байқалады. Trafi­gura Group шикізат компаниясы жетекшілерінің бірі Бен Лакок мұнай жазда барреліне – 150, жыл соңына қарай 200 дол­ларға жетуі әбден мүмкін дейді. Қазақ мұнайының әлемдік нарық­қа шықпай қалуы отандық эконо­микаға айтарлықтай соққы болады және теңге бағамына жағымсыз әсер етеді дейді сарапшылар.