Экономика • 24 Наурыз, 2022

Азық-түлік нарығына салмақ түсуі ықтимал

165 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Азық-түлік бағасы өссе халықтың уайымы күшейеді. Басқа-басқа, Қазақстанда уайымның бұл түрі еселеп күш алады. Өйткені табыс төмен, ал инфляция болса ырыққа көнер емес. Ақпанда жылдық инфляция 8,7 пайызды (қаңтарда – 8,5 пайыз) құрап, жылдамдай түсті. Соның ішінде азық-түлік тауарлар бағасының өсу қарқыны 10 пайызға дейін (қаңтарда – 9,9 пайыз) ұлғайғанын Ұлттық банктің өзі де растайды.

Азық-түлік нарығына салмақ түсуі ықтимал

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Сарапшылар қымбат­шы­лық­ты ең бірінші кезекте геосая­си ахуалмен байланыстырады. Қымбатшылық бізде ғана «салтанат» құрып тұрған жоқ, әлемнің біраз елінде инфля­ция дауылы тұра бастады десек қате­леспейміз. Жыл басында-ақ Conference Board сауалда­ма­сына қатысқан әлемдік ком­па­ниялардың бірінші басшылары «2022 – үлкен тәуекел жылы» деп, қымбатшылық қау­пін күтетіндерін жасырмаған еді. Ол кезде компания жетек­ші­лері негізгі қауіпті пандемия тәуекелдерімен байланыс­ты­ра бол­жаған еді. Енді оған Украи­на­дағы дағдарыс қосылды.

Соғыс қазірдің өзінде тек украин халқының емес, өзге ел­дер­дің де ұйқысын бұзып тұр. Халықаралық валюта қоры Ресей-Украина шайқасы әлемдік эко­но­микаға жағымсыз әсер етеді дейді.

«Табыс деңгейі төмендеп, тауарлар мен энергия тасымал­дау­шылар бағасы өседі. Оған миграциялық дағдарыс қосы­ла­ды. Антиресейлік санкциялар тек Ресейге күш түсіріп қоймайды, еура­зиялық өңірге және батысқа да сал­қынын тигізеді. Ал Ук­раи­на болса гуманитарлық дағ­да­рыстың алдында тұр. Ук­раина дағдарысы жаһандық эко­номикаға әсер етіп, оның өсі­мін баяулатып, инфляцияны кү­шей­теді. Осының салдарынан сауда-саттық пен жеткізу тізбегі бұзылып, ақша аударымдарын жасау кезінде қиындықтар туа бас­тады. Инвесторлардың да сенімі азайып, дамушы нарық­тар­дан капиталдар кете бастауы ық­тимал», деп мәлімдеді қор өкіл­дері.

АҚШ-тағы жылдық инфляция ақпан айының қорытындысы бойынша 7,9 пайызға жетіп, қырық жыл бойы қозғалмаған сеңді бұзды. Bloomberg мәліметі бойынша, құрама штаттарда бензин, азық-түлік өнімдері және тұрғын үйдің қымбаттауы жылдық инфляцияны ерекше екпінмен жеделдетуде. Жалпы, Ресейдің әскери әрекеті салдарынан 2023 жылы жаһан экономикасы 1 пайызға қысқарып, 1 трлн доллар көлемінде шығын шегуі ықтимал. Британиядағы экономикалық және әлеуметтік ұлттық зерттеулер институтының мәлімдеуінше, бұл өз кезегінде әлемдік инфляцияны екі пайыз­дық тармаққа көтереді.

Аграрлық саланың білікті сарап­шысы, неміс Йорг Динке­ла­кердің айтуынша, Ресей-Ук­раина қақтығысы, әсіресе күн­­бағыс майы, бидай сияқты ауылшаруашылық өнімдерінің импортына үлкен соққы болып жатыр. Өйткені жоғарыдағы екі ел аталған өнімдердің негізгі жеткізушісі саналады. Ха­лық­аралық азық-түлік және ауыл­шаруашылық ұйымының ақпары бойынша, ақпанның қоры­тын­ды­сында азық-түлік өнім­дері бағасының индексі рекор­дты жағ­дайға дейін өсіп, 140,7 тар­мақ­ты құраған. Бұл 2021 жылдың ақпанымен салыстырғанда 24,1 пайызға жоғары. Әсіресе, сүт өнімдері, сиыр еті, өсімдік майы­ның бағасы қатты өскен. Ук­раи­на­ның қант пен тұз экспортын тоқтатуы да халықаралық на­­рыққа қолайсыздық әкеле бас­­тады.

«Украина әлемдік күнбағыс майы экспортының 50 пайызын, Ресей 30 пайызын қамтамасыз етеді. Енді бұл елдер тарапынан біраз уақытқа дейін жеткізу бола қоймас. Сондай-ақ бұл елдер бидай экспортының 30 пайызын қамтып отыр. Жыл соңына дейін олардан 15 млн тонна бидай ке­ле­ді деп күтілген еді. Сонымен қатар Украина негізінен мал шаруашылығында қолданылатын жүгері экспортының 20 пайызына иелік етеді. Бұл жеткізулердің қы­с­қаруы немесе біржола тоқ­тауы ет пен сүт өнімдері баға­сы­ның өсуіне жол ашып береді», дейді сарапшы Forbes басылымына берген сұхбатында.

Отандық азық-түлік дүкен­де­ріндегі өнімдер құны­ның шарық­тап кеткенін байқау үшін осы саланың сарапшысы болу міндет емес. Бағаның өскені жайлы бұрын да айтушы едік, бірақ қазіргі айтысымыз – қымбатшылық на­ғыз бүйірден қысқан сәттегі шың­ғыруға ұқсап бара жатыр. Үкімет орамжапырақтың – 1,6, қанттың – 0,6, картоптың 0,5 пайызға қымбаттағанын айтты. Ал «Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығының басшысы Светлана Романовская соңғы аптада азық-түлік бағасы 30-40 пайызға қымбаттады деп есептейді.

– Қазақстандық және ресей­лік өндірістен шыққан тауар­лар да қым­баттап жатыр. Бізде бағасы 15 пайыздан аспауға тиіс 19 тауар түрі бар, олар да әлгі межеден асып кетті. Есептеуімізше, жұмыртқа бағасы ғана 7 пайыз төңірегінде баға қосты, қал­ған­да­ры сүт өнімдері мен тауық етін қоса алғанда 30 пайызға дейін қымбаттады. Пандемия және антиресейлік санкцияларға байланысты логистика қиындап жатыр және көбі тауарлардың келесі партиясын қымбатқа сатып аламыз деп ойлап, бағаны қазірден-ақ көтеруге кірісті, – дейді қауымдастық жетекшісі.

Еліміз негізгі азық-түлік өнім­­дерін шеттен тасиды. Им­порт­қа деген мұншалықты те­рең тәуелділік ішкі нарықтағы бағаны еріксіз өсіретін бірден бір фактор екені былай да бел­гілі. @DataHub_FCBK мәлі­ме­тіне сүйенсек, шетелден им­порт­­талатын азық-түлік та­уар­­ларының көлемі осымен бесінші жыл қатарынан өсіп отыр. Тек ет өнімдерін сатып алу көлемі соңғы бес жылда 2,6 есе – 156,3 млн долларға дейін өскен. Таяуда ғана қанттың же­тіспеушілігін көз көрді. Үкі­мет «бізде бәрі жеткілікті, алаң­дау­ға негіз жоқ» деп жуып-шайды. 2021 жылы елімізге 300 тонна қант әкелінсе, соның 70 пайызы ресейлік импортқа тиесілі. Ал қант құрағын Латын Америкасынан алдырамыз. Оның өзі Қазақстанға тіке емес, ресейлік Новороссийск порты арқылы келеді. Ал бұл портқа қа­зір кеме басын тіремейді, санк­циямен бұғатталған. Қа­зақ­­стан қант, та­мақ және өңдеу өнеркәсіптік қа­уым­дас­ты­­ғы­ның президенті Айжан Нау­рызғалиеваның айтуын­ша, ел­де­гі қант қызылшасының егіс­тік аймағын ұлғайту арқылы ғана импорт тәуелділігінен арыламыз.

Сауда және интеграция вице-министрі Ерлан Баттақовтың айтуынша, ведомство әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақ­тандыру мақсатында рес­пуб­ликалық және өңірлік дең­гей­лер­де шаралар қабылдап жатыр. Тап қазір бізде 1,3 млн тонна азық-түлік тауарларының қоры бар. Бұл халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті көрінеді.

«Бағаның негізсіз өсуіне және алыпсатарлыққа жол бермеу үшін республикалық және жергілікті атқарушы органдар дүкендердің сауда үстемесін сақтауы бойынша тұрақты тексерулер жүргізеді. «Айналым схемасы» шеңберінде сатып алуды қаржыландыруды 54,6-дан 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Ал тұрақтандыру қорларын есепке алатын болса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу үшін қаржыландырудың жалпы көлемі 140 млрд теңгеге дейін жеткізілетін болады», дейді Е.Баттақов.

Кез келген дағдарыс – мүм­кін­д­ік. Қазір де тап сондай кезең. Әрі күрделі, әрі сапалы реформа арқылы тығырықтан шығатын жол.