Бүгінге дейін су тасқыны кезеңіне дайындық барысында облыстағы 6 ірі және 50 шағын елді мекеннің айналасына бөгеттер орнатылып, су арналарын аршу жұмыстары жүргізілді. Алайда Төтенше жағдай қызметкерлері 34 ауылға әлі де қызыл судан қауіп төніп тұрғанын айтты. Қазір бұл елді мекендер құтқарушылардың жіті бақылауына алынып, қауіп деңгейін анықтайтын күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде қалалық және аудандық әкімдіктер 9 мың тоннадан астам инертті материалдар мен 46 мыңның үстінде құм қаптарын дайындап қойған. Оған қоса 135 мың тоннадан астам жанармай қоры сақтаулы тұр. Су басып қалуы ықтимал елді мекендерге азық-түлік жеткізу мәселесі де алдын ала пысықталып, шешіліп қойған.
Су тасқынынан келетін қауіптің беті қайтқанша облыста төтенше жағдай қызметі мен барлық азаматтық қорғаныс қызметтердің апатқа қарсы бірлескен штабы жұмыс істейтін болады.
– Бүгінге дейін су басып қалуы мүмкін елді мекендердің тұрғындарын уақытша орналастыратын 195 пункт анықталды. Бұл орындарға шамамен 11 мыңнан астам адамды орналастыруға болады. Облыс аумағын әуеден, ғарыштан барлау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы келісімшарттар жасалды. Сонымен қатар 20 бөгетке, 3 қорғаныс валына инженерлік жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы 8 шақырым болатын арықтардың ернеуі кеңейтіліп, түбі тереңдетілді. Мұның сыртында, ұзындығы 10 шақырымнан асатын су өткізгіш құрылғылар мен қалалық кәріз желілері қоқыстан тазартылды, – деді облыстық ТЖД бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Б.Кәрімов.
ТЖД бастығының айтуынша, қызыл судың астында қалу қаупі бар елді мекендердің аумағынан 630 мың текше метр қар шығарылған. Бұл жұмыстар әлі де қызып жатыр. Ал жергілікті әкімдіктер мен ТЖ қызметі көктемгі су тасқыны кезеңіндегі көлденең шығындарға 629 млн теңге қаржы қарастырып қойған.
Облыста көктемгі су тасқыны бола қалған жағдайда қауіптің алдын тосу жұмыстарына 1 070 техника, 272 мотосорғыш құрылғы, 114 қайық және 2,5 мыңнан астам адам жұмылдырылмақ.
Қазірдің өзінде су арнасын ашу үшін 7 ауданның аумағындағы өзендерде мұз жару жұмыстары жүріп жатыр. Сең қозғалғанша жүретін мұндай шаралар тасқыннан төнетін қауіпті азайтады. Мысалы, мұз жарумен айналысатын NIKSIT серіктестігінің мамандары мереке күндері Науырзым ауданындағы Дәмді өзені мен Шолақсай ауылының маңындағы бөгетте жарылыс жүргізді. Сондай-ақ жарушылар жасағы Қарасу ауданы Қарамырза ауылының маңындағы Тінтуір өзені мен Қарасу өзеніндегі мұз кептелісін жойды.
Мұз жару жұмыстары Қарасу ауданына қарасты Новоселов ауылынан 3 шақырым жердегі Құндызды өзенінде, Қарасу ауылының маңында, Науырзым ауданындағы Буревестник ауылына жақын жатқан бөгеттерде, Әулиекөл ауданы Көктал ауылының маңындағы Теректі өзенінің сағасында жүріп жатыр.
– Мұздың орташа қалыңдығы 1 метрден асады. Мұз жару жұмыстарымен төтенше жағдай қызметкерлері, полицейлер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және NIKSIT серіктестігінің мамандары айналысып жатыр. Жарылыс кезінде барлық қауіпсіздік шаралары ескеріледі, – деп мәлімдеді облыстық ТЖД-ның қоғаммен байланыс тобы.
Қостанай облысы