Жазылған жайдың жалғасы
«Егемен Қазақстан» газетінің үстіміздегі жылғы 1 ақпан күнгі санында белгілі жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың «Күлесің. Кейде күрсінесің» атты мақаласы жарық көрді. Қашанда оқырманның көкейін дөп басатын, тілі шұрайлы, оқуға жеңіл жазатын, ел ықыласына бөленген жазушының мақаласын оқып, әдеттегідей рақаттанып, күлмесек те езу тарттық, риза болдық. Әсіресе, қазақтың біртуар ұлдарының бірі, Махаңның сөзімен айтсақ: «Қазақтың Қадыры, ұлы шайырымыз марқұм Мырза Әли ағамыздың «он байдың тоғызы сараң, біреуі арам» деген сөздерін оқығанда япырмай, ата-бабадан келе жатқан көнеден қалған мақал ма, мәтел ме деп қаласың. Тіпті, бір ұлы физиктің аксиомасы сияқты көрінді бізге, қаққан қазықтай дәл, мығым ащы шындық. Ондай сөзді тек Қадекең ғана айтса керек дейсің. Сол сөзді құлағына құйған Махаң да тегін емес шығар, сірә?! «Кейде күрсінесің» деген мақала атының жалғасына онша мән бермей ойлы адам, ылғи тұйық, жабырқаулы, ой үстінде жүреді сонысын күрсінесің деп жазушының ұстаның жасаған мүлкіндей сөз қолданысы деп алғашта мән бермегенбіз. Шынымен-ақ күрсінетін болдық, кейде емес, тоқтаусыз, үнемі күрсініп жүрміз. Одан жылаған оңай-ау.
Жұмбақтамай жазушының бізді неге мұндай халге душар қылғанын айтар болсақ, тоқ етері суреткердің сөзін өзгертпей айтқанда мына жайттар еді. Біраз бұрынырақта әлемдік деңгейдегі әйдік қатарына қосылған, «Саутс-Ойл» ЖШС президенті, ғылым докторы, профессор, республикалық және халықаралық көптеген ордендер мен медальдардың, атақтар мен сыйлықтардың иегері, мектеп пен мешіт салып, «Оңтүстік Қазақстан» сияқты газеттерге меценаттық жасап жүрген Серікжан Сейітжанұлы мырзаға сауал қойдық.
Сауалымыз шамамен былай өрбіген: «Сәке, сіздердің «Стандарт – Цемент» зауыттарыңыз үшін шикізат таудың тасы «Сазтөбе, Ұрбұлақ, Дәубаба тауларынан алынып жатыр. Тауларды тіліп, төбелерді жарып, карьерлер жасап, теміржол салып жатырсыздар. Әрине, цементтеріңіздің арқасында қаншама ғажап, көрікті құрылыстар еңселеніп, қалалар мен кенттер көркеюде. Алайда, кеудеде күрсініс бар. Ташкент – Алматы трассасымен шығыста кетіп бара жатқанда, Ұрбұлақ пен Дәубаба арасындағы барқыт беткейлер бұрын керемет көрінуші еді. Албырт шақтарымызда аруларды алқызыл гүлді алқапқа қыдыртушы едік. Қызықтырған қайран қимас-қымбат қыраттарымыз жараланып, жарлауыттанып, жан жабықтыратыны рас. Келешекте сол жыра-жыра жаралар не болмақ?».
Серікжан мырза мейірлене күлді. «Қорықпаңыз, аға, қыздарды қызғалдаққа қызықтырған қырмызы қыраттарымыз жаралы жарлауыт күйінде қалмайды. Алыстан қарап тамсанатындай емес, жанына барып көз салатындай көрікті демалыс аймағына айналады», деді.
Серікжан Сейітжанұлына сенейік. Ал енді Мархабат Байғұттың айтары не, мақсаты не, неге шырылдайды, аты аталған бизнесменге нені меңзеп отыр екен? Қаламгер тау соғар бизнесмен кәсіпкердің райынан қайта ма, елге, жерге, халыққа тиімді жағымды нәрсе жасауға бет бұра ма дегені. Десек те, ел қамын жеген кәсіпкердің жерді пайдалануға, қазуға, тауды, жермен-жексен етуге, тасын үгітіп құм қылуға топырақтан тауарын сатып ақша қылуға, ол тауардың өзіндік құны онша қымбат болмас үшін тура күре жолдың бойынан теміржолдың қасынан оны өңдеуге қалаға әкелуге неше шақырым екені оған кететін жол тасымалы арзан болуының түрі қаралған. Жерді пайдалануға қажетті ақ қағаз, көк қағаз, қызыл қағаз бәрі түгел. Билік органдары халықпен санаспай, сұрамай рұқсат берген. Есептелген, реттелген, құжатталған, қазылған, талқандалған, тапталған.
Елдің көзі ашық азаматтарының айтары міндетті түрде күре жолды бөгеп, қайырма теміржолды тоқтатып, елді дүрліктіріп, наразылықты білдіру шарт па, жоқ әлде пайым-парасаты, кісілік келбеті Махаң мақтағандай биік, Оңтүстіктің бетке ұстар азаматтарының бірі С.Сейітжанов мырза халықты дүрліктірмей өзі-ақ сара жол табар ма екен? Нақты жауап, ізгілікті іс күтеміз...
Ауыл тұрғындары:
А.Жұмабаев, А.Урустамбеков, Қ.Махатов,
А.Мамытбеков, И.Жүнісов және басқалар.