03 Сәуір, 2014

Шарайна

261 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жаңа премьер тағайындалды Франция президенті Франсуа Олланд премьер-министр Жан-Марк Эйроның отставкасын қабылдады және ол елдің жаңа премьер-министрі қызметіне ішкі істер министрі Мануэль Вальсті тағайындады. «Интерфакс» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, президенттің бұл шешімі жексенбі күні өткен муниципалды сайлаудың екінші турында басқарушы Социалистік партияның жеңіліске ұшырағанына тікелей байланысты. Олландтың пікірінше, М.Вальс министрлер кабинетіне жетекшілік етуге лайықты тұлға. Сондай-ақ, ол басшыға тән қасиеттерге ие. Енді оның және ол басқаратын үкіметтің алдында үш негізгі міндет – елдің экономикасын сауықтыру, өндірісті дамыту және әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру сияқты күрделі міндеттер тұр. Ақ үй ғимаратына оқ атқаны үшін Шарайна-1Ақ үй ғимаратына қарай сегіз рет оқ атқан 23 жастағы америкалық Оскар Ортеге-Эрнандез 25 жылға сотталды. Бұл шешімді Вашингтондағы федералды сот шығарды. Оқиға 2011 жылдың қарашасында болған еді. Ол жеңіл автокөлігімен Ақ үй ғимараты маңына тоқтап, жартылай автоматты винтовкадан АҚШ президенті резиденциясының екінші және үшінші қабаттарына қарай оқ жаудырған. Алғашында оған АҚШ президенті Барак Обамаға қастандық жасауға әрекеттенді деген айып тағылған болатын. Кейін бұл айып алынып тасталды. Өйткені, оқиға болған кезде президент пен оның зайыбы Ақ үйде болмаған. Сотталушының бұл әрекеті Барак Обаманың    отбасы мүшелеріне және қызмет көрсетуші  персоналдар өміріне қауіп төндірді, сондай-ақ, ғимаратқа 100 мың доллар көлемінде  зиян келтірді деп дәрежеленген. Аппарат сынықтары табылды Оңтүстік Кореяның аумағындағы Солтүстік Кореямен шекаралас жатқан Пэннендо аралынан ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратының сынықтары табылды. Қазіргі кезде  оңтүстіккореялықтар аппарат қайсы елдікі екеніне  тексеру жүргізіп жатыр. Бір нұсқа бойынша, ұшқышсыз басқарылатын  аппаратты КХДР барлау мақсатында пайдаланған болуы мүмкін. «Ренхап» агенттігінің хабарлауынша, аппарат двигателі жапондардікі, ал негізінен ол қытайлық бөлшектерден құрастырылған. Оқиға Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея  Сары теңіздегі шекараларында бір-біріне артиллериялық қарудан оқ атқылағаннан кейін бір тәулік өткенде  болған сияқты. Зілзаладан құрбан болғандар бар Чилидің теңіз жағалауында күшті жер сілкінісі болды. АҚШ геологиялық қызметінің мәліметтеріне қарағанда, зілзаланың магнитудасы 8,2 балға жеткен. Ал эпицентрі елдің солтүстігіндегі Икике портты қаласынан 100 шақырымдай қашықтықта тіркеліпті. Икике қаласының губернаторы Гонсало Приетоның хабарлауынша, зілзаладан құрбан болғандар мен жарақаттанғандар бар. Жер сілкінісі Гринвич уақыты бойынша сағат 23.46-да тіркелген. Зілзала бола салысымен мамандар тұрғындарды цунами қаупі бар екендігі жөнінде ескерткен. Чилидің әскери теңіз флоты жер сілкінісінен 45 минуттан кейін биіктігі 2,3 метрдей цунами толқыны жағалауды соққанын хабарлады. Үкімет өкілдерінің деректері бойынша, зілзала ғимараттар мен өзге де нысандарға онша көп зиян келтірмеген. Икике қаласында қарбаласты пайдаланып, 300-ге жуық жазасын өтеуші әйел түрмеден қашып кетіпті. Елдегі ең басты проблема Шарайна-2Италияда жұмыссыздар қатары уақыт өткен сайын көбейіп барады. Елдің ұлттық статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, ақпан айында жұмыссыздар саны соңғы 37 жылда рекордтық деңгейге жеткен. Аталған агенттіктің келтірген деректеріне қарағанда, бүгінде жұмысқа қабілетті ел тұрғындарының 13 пайызы жұмыс таба алмай отыр. Бұл 3 миллионнан астам адамды құрайды. Әсіресе, жастар арасында жұмыссыздар көп, ол 42,3 пайызға жеткен. Италияның премьер-министрі Маттео Ренци жұмыссыздық елдегі ең басты проблема екенін, үкімет осы мәселелерді шешу үшін нақты жұмыстарды қолға алғанын мәлімдеді. Жұмыссыздық Еуропа елдерінің көпшілігіне тән. Мысалы, осы жылдың басында жұмыссыздық көрсеткіші Грекияда 27,5, ал Кипрде 16,7 пайызды құрады. Интернетке бақылауды күшейтті Өзбекстан билігі жергілікті қоғамдық орындарда өздерінің  қызметін ұсынатын интернет-кафелердің және провайзерлердің иелеріне талапты күшейтті. Осыған байланысты барлық интернет-кафелер бейнебақылау камераларымен жабдықталуы қажет, ал пайдаланған  сайттардағы ақпараттар үш айға дейін сақталуы тиіс. Байланыс және телекоммуникациялық технологиялар мемлекеттік комитеті, сондай-ақ, интернет-кафелерді көпқабатты үйлердің жертөлелерінде орналастыруға тыйым салатын қаулы шығарды. Билік осындай шаралар келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп есептейді. Өзбекстан билігі көптен бері интернетке қатысты қатаң шектеу қойып келеді. Қысқа қайырып айтқанда:  АҚШ-тың ұшқышсыз басқарылатын Х-378 ұшу аппараты ғарышта 470 тәулік болды. Бұл аппарат ғарышқа 2012 жылдың 11 желтоқсанында ұшырылған еді.  БҰҰ-ның халықаралық соты Жапонияның кит аулау жөніндегі бағдарламасын ғылыми мақсатқа емес деп танып, оны уақытша тоқтатты. Жапония тарапы халықаралық соттың қаулысына өкініш білдіре келіп, өздерінің сот шешімін сақтауға ниетті екендіктерін мәлімдеген.  Осы айда Ресей Мемлекеттік думасы «Полиция туралы» заңға өзгерістер енгізу жөніндегі  құжат жобасын қарайды. Онда полицей­лер­дің  біреулер өздеріне шабуыл жасаған немесе қауіп тудырған жағдайда, олардың адамдар жиналған жерлерде де қылмыс жасаушыларға ескер­тусіз оқ атуға құқылы екені қарастырылған.  Грекияның Skai телеарнасы Крит жағалауында заңсыз мигранттар мінген кеме апатқа ұшырағанын хабарлады. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, кемеде 400-ге жуық адам болған. Интернет материалдары негізінде әзірленді.