03 Сәуір, 2014

Оңтүстікте «Театр көктемі-2014» облыстық фестивалі басталды

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

0-shymkent-teatr-1

Кеше, 2 сәуір күні Шымкентте «Театр көктемі-2014» облыстық кәсіби театрлар фестивалі басталды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Фестивальдің ашылу салтанаты облыстық опера және балет театрында өтті. Үш күнге созылатын шарада өңірде қызмет ететін театр өнерпаздары белгілі шығармалардың қаһармандарын сомдап, көрермен рухани дүниетанымын жаңғыртатын болады. Салтанаттан кейін облыстық балет театрының ұжымы көрермендерге Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсын ұсынды. Алғашқы күні облыстық қуыршақ театры А.Малюченконың «Махаббат туралы ертегі» қойылымын сахналап, кішкене көрермендерге қуаныш сыйлады. Кешкі көрсетілімінде Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының әртістері облыс орталығындағы Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасында Ж. Әлмашұлының «Ай астындағы алтын шаһар» драмасын көрермен талғамына ұсынбақ. Бүгін облыстық әзіл-сықақ және сатира театры өз көрермендері үшін А. Вампиловтың «Метранпаж машақаты немесе әріп терушінің әбігері» комедиясын сахналайды. Ал облыстық өзбек драма тетры облыстық опера және балет театрының сахнасында С.Жұмағуловтың «Күйеуіңді беріп тұр» комедиясын ұсынбақ. Бұл күнгі шараны облыстық орыс драма театры Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының сахнасында Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат туралы аңыз» трагедиясымен қорытындылайды. Үшінші күні Түркістан қаласының сазды драма театры облыстық опера және балет театрының сахнасында Ж. Жұматтың «Тірі жан» драмасын сахналаса, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры көрермендерге ағайынды Ғаппаровтардың «Қиямет қайым Киото» театрлық қиялдамасын ұсынбақ. Фестивальдің жабылу салтанаты мен өнерпаздарды марапаттау рәсімі 4 сәуір күні облыстық опера және балет театрында ұйымдастырылмақ. Мұрат Айтқожа. Дереккөз: Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Фото: Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.