Аймақтар • 27 Наурыз, 2022

Масаға таланып, масқара болмасын

448 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Павлодарда масамен болатын «майданға» дайындық басталды. Жылда шыбын-шіркейдің шабуылынан шаршаған тұрғындар құзырлы органдардың қолын мезгілінен кеш сермейтініне қапалы. Байқауымызша, биыл бұл іске жауаптылар масадан бұрын оянған сияқты. Жуықта өңірге 35 тонна «Бактицид» препараты жеткізілді. Жалпы, биыл аталған биологиялық «қарудың» 70 тоннасы қолданылмақ.

Масаға таланып, масқара болмасын

«Бактицид» өзенге құйылып, маса мен шіркей дернәсілдерінің қанат қағуына тосқауыл болмақ. Биологиялық дәрі дедік қой, яғни судағы тіршілікке еш зияны жоқ. Бұл препараттың өзіндік тарихы бар. Өткен ғасырда өлген дернәсілдерді зерттеу барысында оның жойылуына себеп болған микроб анықталған. Сөй­тіп, оны ғылыми жолмен көбейтуге мүм­кіндік туыпты. Көптеген мемлекетте бактицид сияқты препараттар өндірілуде. Бар­лығының құрамында бір ғана микроб бар. Яғни дәрілердің бір-бірінен айырмашылығы жоқ.

Өңірде 1998 жылдан бері маса мен шыбын-шіркейді зерттеу жұмыстарымен айналысып келе жатқан биология ғылым­дарының докторы, профессор Қанат Ахметовті әңгімеге тартқан едік.

– Дернәсілдердің аяғы болмайды. Ауыз айналасында тарақ сияқты мүшесі бар. Сол арқылы сумен ағып келген заттарды ұстап алып, жей береді. Осылайша, бактицид те дернәсілдердің ішіне түсіп, ауру қоздырады. Ішегін ыдыратады. Бұл микробтың тек қана қосқанаттыларда ауру қоздыратынын атап өткен жөн. Яғни балықтарға, өзге жәндіктерге, адам­­дарға зияны жоқ. Аталған микробқа шыбын-шіркейлер бейімделе алмайды. Себебі, ол – генотип, яғни тірі дүние. Ал хи­миялық дәрілерге бейімделіп кетуі мүмкін. Мысалы, бір химиялық препаратты қатарынан 4-5 жыл қолданса, шыбын-шіркейдің арасынан уға «мыңқ» етпейтін тұрақты түрлері пайда бола бастайды.

Павлодар облысы Ертіс өзені бойында орналасқандықтан өңірде қансорғыштар сияқты тіршілік иелері әбден бейімделген. Мұны ғылымда биоценоз деп атайды. Аймағымызда маса мен шіркейден бөлек, өзге де қансорғыш жәндіктер бар. Соңғы жылдары құрғақшылықтың салдарынан ылғалсүйгіш шыбындарды (мокрец) кездестіру қиын. Әйтпесе, ол да шағады. Көкшыбындар (жигалка) көбіне тамыз айында пайда болады. Төрт түліктің жауы – бөгелек пен сәйгелдіні де қатарға қосыңыз. Барлығына ортақ атау – гнус. Сары маса мен шіркей қосқанаттылар тобына жатады. «Аталас» болса да, өздеріне тән қасиеттері бар. Мәселен, маса ағысы жоқ суларда көбейеді. Саяжайдағы су жиналатын бөшкелерге де, ауладағы шағын шалшықтарға да дернәсілін тастап кетеді. Масаның дернәсілі терең жерде болмайды. Бір метр тереңдіктің өзінде кездеспейді. Көбіне жағалауларда бейімделген. Қорегі – судағы балдырлар, түрлі органикалық шірінділер. Ал шіркейдің өмір сүруіне ағынды сулар қажет. Себебі оның тыныс алу мүшесі жоқ. Ағынды су арқылы оттегімен қам­тамасыз етіледі. Оны те­рісімен қабыл­дайды. Қажетті қорек те сол жерден та­былады. Бастысы – екеуіне де мол ыл­ғал қажет, дейді профессор.

Маса мен шіркейдің шаққанына кәдім­гідей мазасызданатынымыз бар. Ал олардан өзге қауіп бар ма? Бұлар қанмен қоректенетіндіктен түрлі ауруларды та­сымалдауы әбден мүмкін. Мәселен, са­рышұнақ сияқты кеміргіштерде болатын туляремия деген қауіпті ауру бар. Кеміргіштерді шаққан масаның сілекей безінде қалып қойған инфекция адамдарды шағу кезінде жұғады. Кеміргіштерде аталған аурудың бар-жоғын тиісті мекемелер бақылап отырған болар. Егер анықталса, карантин жариялап, адамдарға сақтанып жүруге кеңес беретіні анық. Өткенге көз жүгіртсек, 1930-1950 жылдары өңірде масаның шағуы салдарынан безгек ауруының ошағы пайда болғанын атап өткен жөн.

– Зерттеу жұмыстарын бастаған кезде әуелі жәндіктердің дернәсілін таптым, қай уақытта жұмыртқалайтынын анықтадым. Байқағанымдай, шыбын-шіркей дернәсілін судың ішіндегі өсім­діктердің сабағына, су астындағы тас­тарға, құлап қалған ағаштарға салады екен. Сол уақытта шыбын-шіркейдің 6 түрін тапқан едім. 2005-2016 жылдар аралығында 3-ақ түрі қалды. Ареалдары ауысып, басқа жаққа бейімделген болуы керек. Шыбын-шіркеймен күресті қол­ға алған алғашқы жылдарда арнайы Ресейдің Омбы өңіріне де бардым. Бізбен салыстырғанда шыбын-шіркей өте көп екен. Сөйтіп, дұрыс бағытта еңбектеніп келеміз деген қорытындыға келдік. Мені де осы қаланың тұрғыны ретінде «маса павлодарлықтарды неге көп мазалайды?» деген сұрақ алаңдатқаны рас. Себебін тапқан сияқтымын. Павлодар облысы ойпатта тұр. Ертіс өзені біздің аймақта ғана жайылады. Шығыс Қазақстан облысында да, Омбы өңірінде де жайылмалар жоқ. 1970 жылдарға дейін Ертіс өзені екі рет жайылған. Алғашқыда қар ерігенде, екіншісінде Алтай тауларындағы мұздақтар ерігенде. Ол уақытта жасанды су қоймалары жоқ-тын. Яғни су табиғи жолмен жайылатын. Баяу ағып, баяу тартылатын. Шыбын-шіркейлер де соған бейімделген еді. Дернәсілдері дамуы үшін оның ішінде майшық денелер жиналады. Қазір қоймадан су босатар кезде бөгетті аша саламыз. Су лайымен, құмымен бірге ағады. Салдарынан дернәсілдер қорек жинай алмай қалады. Тыныс алуы қиындай түседі. Құм-топырақтан тығыла бастайды. Қорегі аз болғандықтан, май жиналмайды ғой. Жалпы, аналықтары мен аталықтары туа сала судан ұшып шыққаннан кейін бірден будандаса алады. Аналықтары жұмыртқа туатын «мүмкіндік» алғанымен қажетті май жоқ. Енді не істейді? Олар ұшып шығып жылықанды жануарлардың, құстардың, адамның денесінен ақуызды қорек іздейді. Кесірткелер, құрбақалар жылықанды болмағандықтан оған жоламайды. Негізі шіркейлер сәуір айында пайда бола бастайды. Таза суда шыққандықтан қажетті қорегі табылып, бізді «қажет етпейді де». Олар әр 10 күн сайын туа береді. Тіпті, қазан айында да көбеюін жалғастырады. Оған таза су болса жеткілікті. Бұлардың ауыз құрылысы екі ара сияқты. Сол арқылы жапырақтың бетін тесіп, өсімдіктің сөлі­мен қоректенеді. Қысқасы, қорегі судан табылса бізді мазаламайды. Су босату шарасына байланысты аймағымызда мамырдың ортасынан маусымның аяғына дейін маса мен шыбын-шіркейдің шабуылына тап боламыз. Кейін оған қажетті табиғи тепе-теңдік тұрақталып, жәндіктер судың маңайынан шықпайды.

Масаның да, шыбынның да дернәсілі суда. Сондықтан да оның аяқтанып кетпеуін жіті бақылап, дер кезінде улау жұмыс­тарын жүргізу керек. Әсіресе, таяз жерлерді назарда ұстау қажет. Бұл бағыт­тағы жұмыстар аудандарда да қолға алынуы тиіс. Дер кезінде қимылдасақ, химиялық препараттарды қолданбай, сәйкесінше қоршаған ортаға зиян келмес еді. Ал жәндіктер ұшып шыққасын күресу қиындай түседі, дейді Қ.Ахметов.

Өңірде қар әлі еріп үлгерген жоқ. Сәй­кесінше, масаның қай уақытта шабуылдайтынын дәл болжап айту қиын. Кейбір сәуегейлер биыл шыбын-шіркейдің алдыңғы жылдармен салыстырғанда аз болатынын алға тартып отыр. Әкімдіктегілер болса, кез келген жағдайға дайын екеніне сендіруде. Уақыт – төреші.

 

Павлодар облысы