Бүгін, 3 сәуір күні елордадағы Ұлттық Академиялық кітапханада айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы 2 жинақтың, 1 ғылыми еңбектің, 2 аудиодискінің және 1 айтыс жинағының монтаждалмаған яғни, негізгі бейненұсқасының тұсауын кесті. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бұл күні шараға қатысушылар назарына «Қазақстан айтыс ақындары» атты анықтамалық жинақтың, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Дәулеткерей Кәпұлының «Шертолғақ» атты айтыстар жинағының, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Айтбай Жұмағұловтың «Қазақ әдебиетін дәуірлеу тарихы
» атты ғылыми еңбегінің, сонымен қатар Ринат Зайытовтың сөзіне жазылған «Жүрек қалауы» және «Өмір жолы» атты эстрада жұлдыздарының орындауындағы хит әндер жинағы мен ақынның әр жылдардағы, әр жерлердегі айтыстарының монтаждалмаған бейненұсқасы ұсынылды.
Іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ардагер ақындар, айтыскерлер, жыршы, термешілер қатысты. Жиынды ашқан Жүрсін Ерман былай деді: «Қазақ қоғамында ақындар айтысы деген дүние бар. Оны біреу жақсы көрсін, біреу жеке көрсін, біреу тыйым салсын, біреу арқасынан қақсын, ол – осы қоғамның бір бөлшегі. Қазір Қазақстанда үлкенді-кішілі, алға шығып жүргені бар, қатарда жүргені бар 150-ге тарта айтыс ақыны бар. Кезінде қазақ руханиятының абызы Мырзатай Жолдасбеков осы істің басы-қасында жүрген кезде, Назарбаев Орталығының директоры болып тұрған кезде Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілерінің одағын құрамыз деп талаптанғанбыз. Оның өзі бір қағазы көп, шаруасы көп жұмыс екен. Соны жеме-жемге келтіріп, енді ашыламыз деген кезде Мырзекеңнің қызметі ауысып кетті де, бұл жұмысқа көңіл суып қалды. Әрине, осы кісінің арқасында айтыс талай жерге барды, талай ақын жақсылығын да көрді, қамқорлығын да көрді. Яғни, біз Мырзекеңнің тұсында көп жақсылық көрдік. «Қазақтың қазіргі айтыстары» деген үш томдық кітаптың өзі неге тұрады! Кейін біз осы істі ары қарай жалғастырайық деп, біраз ақын осы жұмысты қайтадан бастап, былтыр желтоқсан айында Ұлттық кітапхана директоры Әлібек Асқаровтың қамқорлығының арқасында Қазақстанның айтыскер ақындары мен жыршы-термешілері одағының бірінші құрылтайын өткізіп, оны Әділет министрлігіне тіркеткен едік. Яғни, Одақтың құрылғанына 1 жыл, 3-4 ай болып қалды. Бүгінде республикалық қоғамдық бірлестік ретінде құрылып, шама-шарқымыз келгенше жұмыс істеп жатырмыз».
Жүрсін Ерманның айтуынша, аталған Одақ бүгінде министрліктен қаржы алып, өткен жылы бір рет Таразда, бір рет, Қызылордада айтыс мәселелеріне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізген. Мүйізі қарағайдай ғалымдар екі облысқа барып, баяндамалар жасап, ондағы материалдар жарыққа шыққан. Бұған қоса, 5 рет шеберлік сыныбы ұйымдастырылған. Оның мақсаты – аға буын айтыс ақындарының жастарға тәжірибе үйретуі. «Сондай-ақ, «Қазақстан айтыс ақындары» деген бір том кітап шығарылды. Бұл – жұмыстың соңы емес. Біз министрлікке осы жылдың басында өзіміздің тапсырысымызды бердік. «Ендігі жылға атқаратын осындай-осындай шараларымыз бар, соған байланысты қаржы көмегін берсеңіздер»,- деген ұсынысымызды айттық. Қазіргі таңда біз қазіргі айтыс ақындарының мәтіндерінің екі томдығын құрастыруды аяқтап қалдық. Қаржымызды алсақ, шығарайық деп отырмыз. Сонымен қатар, үлкен, екі ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілмекші, айтыскер ақындардың жеке кітаптарын шығару жоспарымызда бар. Бірақ, біздің көп жұмысымыз тіреліп қала береді. Оған біріншіден, қаржы қолбайлау болып қалса, екіншіден, осы жұмыстарды жүзеге асыратын көп ініміз салғырт. Нақты өмір жұмысына келген кезде шегініп қала береді»,- дей келе Жүрсін Ерман бұл – ұжымдасып атқарылатын жұмыс екенін атап өтіп, мұның түп негізінде осындай іс-шаралардың нәтижесінде одаққа назар аударылса, оның жұмысы насихатталса деген ой жатқанын жеткізді.
Ал бұл күні: «айтыс өнері – Алла тағаланың қазаққа берген сыйының біреуі»,- деп өз сөзін бастаған Мырзатай Жолдасбеков тәуелсіздік алған кезде жүрек жарылғандай қуанып, тәуелсіздікті қарсы алып, оны паш етіп жырлаған осы айтыс ақындары екеніне тоқталды. «Енді әркім бұған қолдан келгенше, қолғабыс тигізу керек. Өйткені, қазақ деген халыққа Алла Тағала берген айтыстың қадірін білмесек, онда біздің адамгершілігімізден ешқандай қасиет қалмайды деп ойлаймын», - деді М. Жолдасбеков. Осылай дей келе, ол бүгінде 25 томдық «Қазақ өнерінің антологиясы» деген жинақты шығару жоспарға енгізіліп отырғанын, ал олардың алғашқы 7 томы айтыс өнеріне арналатынын атап өтті. Бұл күні сөз алған басқа да белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар да айтыс өнерін жандандыру, дамыту төңірегінде өз ойларымен бөлісті.
Шара соңында еліміздің Мәдениет министрлігінің қолдауымен жарық көрген анықтамалық жинақ пен аталған авторлардың кітаптары жиынға келген көпшілікке таратылды. Сондай-ақ, бүгін Астана қаласындағы "Шұбар" бильярд клубында
айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен айтыс ақтаңгерлерін еске алуға арналған турнир өтті. Айтыскер, жыршы-термешілер арасында өткен бильярд сайысына Е.Асқаров, Е.Жақыпбеков, Ә.Жанқұлиев, О.Досбосынов атындағы жүлделер сарапқа салынды. Жарысқа Ж.Ерман, А.Алматов, А.Әлтай, С.Дүйсенғазы, Д.Кәпұлы, Б.Имаш, А. Дүйсенбі бастаған аға буынмен қатар, Р.Зайытов, М.Ақанов, Е. Қайназар, Н.Мансұров, И.Күзембаев, Н.Мейірманов, Қ.Білдәшев, М.Сұлтанхан, Ж. Бұлғақов сынды жас ақындар қатысты.
Ләйла Еділқызы.
Дереккөз: Egemen.kz.
Фото: www. Aitaber.kz.