03 Сәуір, 2014

Қабиболла Жақыпов Мәжіліс Төрағасы болып сайланды

728 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
03-04-ParlamentБүгін, 3 сәуір күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Жақыпов Қабиболланы  Палата Төрағасы қызметіне сайлады. Бұл туралы «Қазақпарат» агенттігі хабарлады. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Нұрлан Нығматулин Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Осыған орай, палата депутаттары Н.Нығматулинді Мәжіліс Төрағасы қызметінен босатты. Ал Конституцияға байланысты Мәжiлiс Төрағасының қызметiне кандидатураны Палатаның депутаттары ұсынады. Сонымен қатар, Парламент Мәжілісін мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан депутаттар жалпы санының көпшiлiк дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайлаған Төраға басқарады. Жиын барысында депутат Қуаныш Сұлтанов Қ. Жақыповтың кандидатурасын ұсынған еді.Жасырын дауыс беру барысында Мәжілістің 103 депутаты Қ. Жақыповтың кандидатурасын бір ауыздан қолдап дауыс берді және бір депутат қарсы болды. Жақыпов Қабиболла Қабенұлы 1949 жылы 16 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы, Қазталов ауылында туған.  1993 жылдың қаңтарынан бастап 2001 жылдың қаңтарына дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарып, осы өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы жолында жемісті еңбек етті. 2001 жылдан Көлік және коммуникациялар министрінің бірінші орынбасары, ал 2003 жылдан Премьер-Министр  Кеңсесі Басшысының орынбасары - Үкіметтің Парламент Сенатындағы өкілі, 2007 жылдан - «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап, бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Дереккөз: «Қазақпарат» агенттігі. Фото: «Қазақпарат» агенттігі.