Қоғам • 28 Наурыз, 2022

ЭЕБ: Қандай мамандар сұранысқа ие?

438 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректері бойынша биыл ақпанда Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) 72,3 мың бос жұмыс орны және 54,6 мың түйіндеме орналастырылған. Осымен бос орындар саны 5,9%-ға өсті, ал жарияланған түйіндемелер саны қаңтармен салыстырғанда 22,2%-ға төмендеді.

ЭЕБ: Қандай мамандар сұранысқа ие?

Қаңтарда ізденушілер орна­ластырған түйіндемелердің саны бос орындар санынан 1,9 мыңға асып кетсе, ақпан айында бос орындар мен жұмыс іздеп жүрген адамдар арасындағы алшақтық бос орындар пайдасына 17,7 мыңды құрады. Өткен аймен салыстырғанда ЭЕБ-дағы бос орындар саны 4 мыңға өсті, ал түйіндеме 15,6 мыңға азайды.

Ақпанда өңірлік талдау тек бес өңірде ЭЕБ-те бос орындар санының төмендегенін көрсетеді: Шымкент қаласында (-37% немесе 1,3 мың бос жұмыс орынға), Жамбыл облысында (-14% немесе 400 бос жұмыс орынға), Нұр-Сұлтан қаласында (-13,7% немесе 1,3 мың бос жұмыс орны), Қызылорда (-12,3% немесе 200 бос жұмыс орынға) және Ақтө­бе (-6,5% немесе 180 бос жұмыс орынға) облыстарында. Сұраныстың ең жоғары өсімі Маңғыстау (+56,4% немесе 1 мың бос жұмыс орны), Павлодар (+36% немесе 1,3 мың бос жұмыс орны) облыстарында, Алматы қаласында (+32,4% немесе 1,8 мың бос жұмыс орны) және Ақмола облысында (+23,4% немесе 500 бос жұмыс орны) байқалды.

Ізденушілер тарапынан белсен­ді­ліктің ең көп төмендеуі Алматы қаласында (-3,3 мың немесе -49,4%), Қызылорда облысында (-3,3 мың немесе -47%), Жамбыл облысында (-2,4 мың немесе -42%) және Шымкент қаласында (-2 мың немесе -42%) байқалды.

«Бұл ретте біліктілігі жок еңбек ре­сурстарына сұраныс қатты өзге­рістерге ұшыраған жоқ, ал ұсыныс өткен аймен салыстырғанда 33%-ға қысқарды. Автомобильдер мен автобустардың жүргізушілеріне, буып-түюшілерге, технологиялық қондырғыларды жөндеу жөніндегі слесарьларға және технологиялық жабдықтарды монтаждаушылар сияқ­ты білікті кадрларға сұра­ныс арта түсті. Ал өткен аймен салыс­тырғанда бос жұмыс орындары шет тілі мұғалімдері, тас қалаушылар, call-орталық операторлары және құры­лыстағы электршілер үшін аз орналастырылды», деді ЕРДО басқарушы директоры Александра Молчановская.

Алдыңғы кезеңдердегідей, ЭЕБ-де білікті қызметкерлер арасында күзетшілердің (1 452 бос орынға қарсы 703 түйіндеме), медбикелер/мейіргерлердің (811 түйіндеме және 1 554 бос орын), тәрбиешілердің (705 түйіндеме және 1 441 бос орын) тапшылығы байқалды. Сонымен қатар заңгерлер, әлеуметтік қызмет­­керлер, денешынықтыру мұғалім­дері арасында артықтық байқалады.

«Тапшы кадрлар бойынша өңірлік теңгерімсіздікті де атап өтуге болады. Мәселен, күзетшілердің ең көп же­тіс­пеушілігі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында бай­қалды, ал Маңғыстау облысында керісінше көп. Өңірлер бойынша бөлудің ұқсас жағдайы орта медициналық персонал, сондай-ақ тәрбиешілер үшін де қалыптасуда. Алайда Түркістан облысы мен Шым­кентте мейіргерлердің саны артып, барлық дерлік облыстарда медбикелер тапшылығы байқалады», деді А.Молчановская.

Ақпанда жұмыс берушілер бас­шылық лауазымдар үшін ең жоғары жалақы ұсынды. Осы кәсіби топ бойын­ша айына 540 мың теңгеден басталатын ұсыныспен жұмыс табуға болады. Сондай-ақ өткен айында жоғары ақы төленетін маман қатарында жат­тықтырушыларды (тренингтермен, қайта даярлаумен және білік­тілігін арттырумен айналысатын) атауға болады. Оларға – айына орта есеп­пен 525 мың теңге, маркшейдерлерге – 513 мың теңге, корпоративтік мамандарға – 474 мың теңге, өндірісті дайындау инженерлеріне 419 мың теңге ұсынылды.