Қаржы • 29 Наурыз, 2022

Аударымның дені долларға тиесілі

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдың қаңтарында ақша аударымы жүйесі арқылы Қазақстаннан жіберілген қаржы көлемі 45,6 млрд теңгені құрады. Бұл – 2021 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 16,3 пайызға аз. Транзакция саны 150 мыңнан 100,5 мыңға дейін азайған.

Аударымның дені долларға тиесілі

Қаңтар айында аударымдардың басым бөлігі, яғни 82,5 пайызы доллармен жасалған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 73,6 пайызды құраған екен. Ал бес жыл бұрын 61,4 пайызды құраған болатын. Рубльмен аударым жасау жылдан-жылға азайып келе жатыр. 2022 жылдың қаңтарында рубльдің үлесі 10,8 пайыз болған. Ұлттық валютамен аударымды жүзеге асыру соңғы бір жылда 11,9-ден 5,7 пайызға, ал еуромен қаржы жіберу 1,2-ден 1 пайызға төмендеген.

Ақша аударымы жүйесі арқылы Қазақстаннан жіберілген бір ауда­рым­ның орташа чегі ұлттық валютада 142,7 мыңнан 140,6 мыңға азайған. Ресей рублінде – 59,8-ден 50,9 мыңға, еурода – 1 218-ден 1 155 еуроға қысқару байқалады. Ал долларда – 1 165-тен 1 355 долларға өскен.

Барлық аударымның тең жартысынан астамы үш елге тиесілі екен: Түркия (10,4 млрд теңге), Өзбекстан (9,3 млрд теңге) және Қырғызстан (8,3 млрд теңге). Сондай-ақ 7,2 млрд теңге Ресейге жіберілген, бірақ бұл сома былтырғыдан әлдеқайда аз және ол кезде Қазақстаннан ақша алудан Ресей көш бастап тұрған. Ал биыл алғашқы үштікке де кірмей қалғанын байқаймыз.

Бұл ретте, Қазақстан Респуб­ли­касы қолма-қол шетел валютасын және 10 мың доллардан асатын шетел валютасындағы ақша құралдарын, сондай-ақ алтын құймаларын, инвес­тициялық монеталарды экспорттауға шектеу енгізгендіктен аударым та­нымалдылығы бұдан да арта түсуі мүмкін деп болжайды мамандар.