Қоғам • 29 Наурыз, 2022

Зейнетақы жүйесін жаңғыртуда қандай өзгеріс жасалады?

429 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжы­рымдамасына өзгерістер мен толықтыруларды мүдделі мем­лекеттік органдар және тәуелсіз сарапшылар, сондай-ақ Пре­зи­де­нт жанындағы реформалар жөніндегі Жоғары кеңес қарады. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Зейнетақы жүйесін жаңғыртуда қандай өзгеріс жасалады?

Бүгінгі таңда Қазақстанда 2 млн-нан аса зейнеткер бар. Мұны еңбекке қабілетті жастағы азаматтармен салыстырғанда, әр зейнеткерге шамамен жұмысқа жарамды 7 адамнан келеді. Республикалық бюджет шығыстарының төрттен бір бөлігі жыл сайын зейнетақы төлеуге жұмсалады (2022 жылы 2,9 трлн теңге). Бұл ретте зейнет­а­қы­ның орташа мөлшері 105 538 теңгені құрайды. Оның ішінде ын­тымақты зейнетақы – 72 914 теңге, базалық зейнетақы – 32 624 теңге.

Халықтың жалпы әлемдік қар­таю үрдісі елімізге де сөзсіз әсер етеді. БҰҰ болжамдары бо­йын­ша, 2050 жылға қарай ең­бек­ке қабілетті халыққа жүк­те­ме екі есе артады, зейнеткерлер саны 3 млн-нан аса адамға жетеді. Осылайша, 1 зейнеткерге еңбекке қабілетті жастағы 3,5 адам ғана келеді.

Ынтымақты жүйенің жинақ­та­луымен 2028 жылға қарай зей­нет­ақы ел бойынша орташа айлық жалақының шамамен 47,4%-ын ғана (БЖЗҚ-ның актуарлық ба­ға­лауы бойынша) алмастырады. Бүгін­гі таңда шешуші шаралар қа­был­данбай, өткен ғасырдың 80-жылдарында дүниеге келген, зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтарды зейнетақымен қам­сыз­дандыру деңгейі өте төмен болады. Олардың зейнетақысы 2040 жылға қарай жоғалған еңбек табысының тек 39,2%-ын ғана жабады. Кейінгі ұрпақ үшін бұл жағдай одан да төмендей түседі. Мысалы, 2060 жылы зейнетақы жоғалған табыстың 29,5%-ын ғана жабады.

Азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін дамыту – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Болашақта зейнетақы жүйе­сі­нің тиімділігін жолға қою үшін қазіргі уақытта зейнетақы жү­йе­сін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі қолданыстағы тұ­жы­рымдамасына өзгерістер ме­н толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Біріншіден, ең төменгі кепіл­діктер жүйесін жетілдіру шеңбе­рін­де 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға кө­шу көзделген. Қазіргі уақытта Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оны тағайын­дау­дың нақты тетігін пысықтап жатыр.

Екіншіден, 2023 жылдан бас­тап жұмыс берушілерге 5% мін­дет­ті зейнетақы жарналарын ен­гізу көзделген. Жұмыс беру­ші­­нің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу қолданыстағы тұжырымдамада көзделген. Тұ­жы­рымдамаға түзетулер жобасы шеңберінде салымшылардың жеке (мұраға қалдырылған) зей­нетақы жинақтарын толық­ты­ру­ға шартты-жинақтаушы құ­рам­­­­дау­ышты қалыптастырудан (шарт­­­ты түрде «бай» және табы­сы төмен салымшылар арасында жи­нақтарды қайта бөлу қағи­да­ттарына негізделген) осы жар­на­лар­дың нысаналы бағытын өзгер­ту көзделеді.

Нәтижесінде, азаматтарды зей­не­т­ақымен қамсыздандыру дең­гейін халықаралық еңбек ұйымы ұсы­натын стандарттан төмен емес дең­гейде сақтау қамта­м­асыз етіледі (жоғалған табыс­тың кемінде 40%-ын ­зейнетақымен алмастыру).

Тұжырымдамаға өзгерістер жобасында көрсетілген зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тә­сіл­дері мүдделі мемлекеттік органдар деңгейінде, тәуелсіз сарап­шы­­лардың қатысуымен қаралды, сон­дай-ақ қоғамдық тыңдау рәсі­мі­нен өтті.

Өткен жылдың 7 жел­тоқ­са­нын­да тұжырымдамаға өзге­ріс­тер жобасын Президент жа­нын­дағы реформалар жөнін­де­гі Жоғары кеңес қарады. Ен­ді республикалық бюджет комиссиясының тұжы­рым­дамаға енгізілетін өзгерістер жобасының шығын нормаларын қарауы қалып тұр.