Аймақтар • 29 Наурыз, 2022

Алматы облысында екі балықшы суға батып кетті

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында екі ер адам суға батып кетті. Бұл туралы Республикалық жедел-құтқару жасағының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында екі балықшы суға батып кетті

«28 наурыз күні сағат 17:30-да Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші-диспетчерлік бөліміне Деревянное көлінде қайғылы оқиға орын алғаны туралы хабарлама түсті. 1973 және 1969 жылы туған екі балықшы үрлемелі резеңке қайықпен балық аулау кезінде қайық кенеттен аударылып, адамдар суға батып кеткен. Куәгерлер бір ер адамның денесін судан бірден шығарып алған», делінген хабарламада.

Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы оқиға орнына шыққан.

«Іздестіру-құтқару шараларын жүргізу барысында сағат түнгі 00.00-де құтқарушы-сүңгуірлер екінші ер адамның денесін тауып, судан шығарды. Құтқарушылар қайықпен балық аулау кезінде сақ болуды, құтқару кеудешесін міндетті түрде кию қажеттігін ескертеді. Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне қоңырау шалу қажет», деді РЖҚЖ баспасөз қызметінен.